ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЕЛ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
2021 ж. 29 тамыз
1425
0
Осыдан екі жыл бұрын халықтың билікке деген наразылығы күшейіп тұрған тұста өткен кезектен тыс Президент сайлауында жеңіске жеткен Қ. Тоқаев билік пен қоғам арасында диалог орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрған болатын. Кеңес құрылғаны жайлы мемлекет басшысы Тоқаевтың жарлығы мен 44 мүшесінің тізімі шілденің 17-сі күні жарияланып, қыркүйек айында өткен бірінші отырысында елімізде алғаш рет осыншалық жоғары деңгейде кеңес мүшелері өз ойларын ашық, бүкпесіз айту мүмкіндігіне ие болды.
Президенттің өзі төрағалық ететін аталмыш кеңестің міндеті мен алдына қойған мақсаты қандай? Әрине, Ұлттық кеңестің арқалар жүгі ауыр, халық алдындағы жауапкершілігі де мол. Халық сенім артқан құрылымның негізгі міндеті – тұжырымдамаларға, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік құқықтық актілерге, сол сияқты өзге де жобаларға қоғамдық сараптама жүргізу. Жалпы халықтың және азаматтық қоғамның пікірін еске ала отырып, маңызды стратегиялық проблемаларға талдау жасап, өз ұсыныстарын алға тарту. Ең бастысы – жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету екендігін атап өткеніміз жөн. Сонымен бірге өзінің құзырет шеңберінде заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметтерді жүзеге асыру. Бұл маңызды деген міндеттердің қысқа тізімі ғана, негізінен ұлттық кеңес қарайтын, талқылайтын өмірімізде орын алып жатқан мәселелер өте көп. Саяси, экономикалық және басқа да салалар бойынша проблемаларға да күн тәртібінен орын беріледі.
Кеңес Мәжілістің, Үкіметтің немесе әкімнің жұмысын қайталамайды, керісінше олардың жіберген кемшіліктерін түзеп, түрлі ұсыныстар жасайды. Ұлттық кеңес Президент әкімшілігі қасынан құрылғандықтан аталған орган ұлттық кеңес қызметіне ақпараттық-талдау жүргізе алады. Жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпарат, қажет құжаттар мен материалдарды мемлекеттік органдар мен ұйымдардан сұратып алып, кеңестің жұмысын нәтижелі етуге ықпал етеді, жұмыс топтарының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады. Сонымен бірге Ұлттық кеңес қабылдаған шешімдердің орындалу барысын бақылайды. Ұлттық кеңестің қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де өкілеттіктерді қамтамасыз етеді. Яғни, жұмыс барысында бірегей бағыт ұстанылады.
Мемлекет басшысы түйткілді мәселелерді қоғам алдына шығарып, оны халықпен бірлесе шешуге шақырғандығы еліміздің саяси өмірде жаңа деңгейге көтерілгендігін аңғартады. Бюджеттік ысырапшылдыққа, жемқорлыққа жол бермей, жылдағыдай қыруар қаржыны банктерді сауықтыруға емес, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысын арттыруға бағыттау секілді және өзге толып жатқа өзекті мәселелер осы кеңесте шешімін табуға тиісті, тауып та келеді. Оның әрбір отырыстарында елге маңызды күрделі мәселелер қаралып талқылануда. Солардың кейбіреулеріне ғана тоқтала кетейік.
Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысының басым бөлігінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, қыркүйектегі жолдауында айтылған «саяси модернизация жасау» жайлы уәделерінен таймайтынын кеңес мүшелері алдында қайталап айтты. Осы отырыс барысында ол Қазақстандағы «саяси өзгерістерге бастайтын» бірнеше ұсыныстарын жариялады. Нақтыласақ, Тоқаев Конституция талаптарына сәйкес Қазақстан митинг өткізудің "ескерту" формасына көшу керектігін, «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң жобасы жасалып, ол жақында парламентке түсетінін жеткізді.
Тоқаевтың тағы бір ұсынысы саяси партияларды тіркеу мәселесіне арналды. Қазақстан президенті «саяси партияны тіркеу үшін партия мүшелері 40 мыңнан кем болмауы тиіс» деген талап өзгеріп, 20 мың адамға дейін азайту керектігін білдірді. Президент мұны «азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік беретін айтарлықтай маңызды өзгеріс» деді.
Тоқаев «парламенттік оппозиция институты» туралы да бастама көтерді. Парламенттегі саяси азшылық жайлы заң нормасын енгізіп, оппозициялық партия өкілдері парламенттегі комитеттердің кейбіріне төраға бола алатындай мүмкіндік жасалуы қажеттілігін ұсынды. Тоқаев сол сиқты Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабын ізгілендіріп, «Жала жабу» деп аталатын 130-бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыратынын хабарлады.
Диалог алаңы қазіргі қоғамға аса қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру – бұл алдымен мемлекетке емес, халыққа керек ұйым екені түсінікті. Кеңес арқылы билік пен бұқара арасындағы байланыс дамып, жаңа деңгейге көтеріліп, беки түспек. Оны біз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өткен отырыстарынан байқай алдық. Көптеген мәселелер кеңес отырыстарында қаралып, ортақ шешім тапқанына куә болдық. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелерімен көптеген кездесулер өткізгені белгілі. Мемлекет басшысы сөйлеген сөздерінде Ұлттық кеңестің билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орната алатын тиімді институционалды құрылымға айналғанын және оның мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуына күш салып келе жатқанын ерекше атап өткен болатын. Қазақстан Президенті Кеңесте елімізді дамытудың өзекті мәселелері тұрақты түрде талқыланатынын, бірнеше маңызды бастама жүзеге асырылғанын, мемлекеттік саясаттың түрлі салаларын реформалауға қатысты жаңа ұсыныстар әзірленіп жатқанын да айтты.
Президент азаматтарымыз жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың игілігін келешекте емес, қазірден бастап көріп, сезінуі керектігін, ауыл әкімдерін сайлау мәселесіне қатысты елімізді одан әрі саяси жаңғыртудың, Парламентке және жергілікті өкілетті органдарға әйелдер мен жастарды тарту тетіктерін жетілдірудің маңызды екенін атады. Сонымен қатар Президент азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты ахуалды жақсартудың, көшіп келушілерге барынша қолайлы жағдай жасаудың маңызды екенін айтты. Мысал ретінде, Солтүстік Қазақстан облысын атап өтті. Мұнда көшіп келушілер үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда, коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санайтынын білдірді Кеңестің төртінші отырысында.
Айта кету керек, Кеңестің бесінші отырысы да нәтижелі болды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға зор үлес қосып келе жатқанын және кеңесте қабылданған шешімдер еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін бергенін айтты. «Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 заң қабылданды. Тағы 9 заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң шығару жауапты және күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес мүшелері ауқымды істер атқаруда. Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастады. Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды» – деді Қазақстан Президенті. Отырыста білім, ғылым, медицина, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар талқыға түсті. Кеңес мүшелер осы бағдарламаларға қатысты өз пікірлерін білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл отырыста саяси реформаларды дәйекті іске асыруға баса мән берді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу аясында тиісті заң жобасын дайындау тапсырылды. «Биыл кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау өткізіледі. – Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасты деп айта аламыз. Бірақ, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде, аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ» – деді Мемлекет басшысы.
Осы отырыста Президент қос азаматтығы үшін жауапкершіліктің күшейтілуі мүмкін екенін де айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен бұған дейін берілген мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік ұйым басшылары арасында қос азаматтығы бар адамдарды жұмыстан шығару туралы тапсырмасының есебін талап етті. Мемлекет басшысы жер мәселесінің ерекше маңызды екенін атап өтіп, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы бұған дейін де бірнеше мәрте мәлімдегенін еске салып, бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажеттігін айтты. Сондықтан шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды қатаң тапсырды. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Президенттің заң шығару бастамасы арқылы осыны жедел түрде жүзеге асыру қажеттігі ескертті.
Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керектігін, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 нақты жұмысқа кірісуді тапсырды. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керектігін, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырды. Оған қоса комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп, комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашық болуын талап етті. Президенттің кеңесте айтылған бұл тапсырмасы қолдау тауып, оның орындалғанын бәріміз білеміз.
Кеңестің отырыстарында көптеген мәселелер қаралады. Соған орай ортақ шешімдер қабылданады. Мәселені қарау, шешім қабылдау бар, оның өмірге енгізіп, іске асыру деген негізгі жұмыс та бар. Жұмыстың нәтижесі осынысымен бағалануы керек. Бұл тұрғыдан алғанда да бірқатар шаралар іске асып жатқанын байқауға болады. Айталық, Ұлттық кеңестің үшінші отырысынан кейін кеңес аясында бірнеше бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Бірінші кезекте хатшылық тарапынан Мемлекет басшысының Ұлттық кеңесте айтылған бастамаларын нақты және тиісті түрде жүзеге асыру бақылауға алынды. Атап айтқанда, екінші отырыста жарияланған саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар пакеттерін жүзеге асырылуы ерекше назарға аударылып бақылау жасалды. Ұлттық кеңестің отырысында жарияланған саяси реформалар топтамасы толық іске асып, мамыр-мауысым айларында жеті заң қабылданды. Бұл заңдар көппартиялы жүйенің дамуына, саяси партиялар мәртебесінің артуына, жастар мен әйелдердің өкілетті билік органдарына белсенді тартылуына, адам құқығын қорғауға үлкен септігін тигізді.
Қазіргі кезде экономикалық, әлеуметтік реформалар пакетінің жүзеге асырылуын бақылауға алды. Мысалы, Сенатқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін 10-нан 20 есе ұлғайтуды қарастыратын заң жобасы қарауға енгізілді. Сондай-ақ, ауыл шараушылығы жерлерін пайдаланбау мерзімін мәжбүрлеп қайтару үшін екі жылдан бір жылға қысқарту нормасы ұсынылды.
Президент Ұлттық кеңестің маңызды міндеттерінің бірі мемлекет пен қоғам арасында тиімді байланыс орнату екенін тұрақты түрде еске салып отырады. Ия, қоғамдық жұмыс, ең алдымен, азаматтарымыздың алдындағы үлкен миссия әрі жоғары жауапкершілік. Ұлттық кеңес үйлесімді қоғамның дамуына, өркениетті диалог нормаларының түбегейлі қалыптасуына септігін тигізеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ел мүДдесі үшін жұмыс істей бермекші.
Бекжан АЙДАРҰЛЫ
qazaquni.kz