Көліктұрақтар кімге қызмет етеді?
2021 ж. 29 тамыз
2148
7
АЛМАТЫ ӘКІМІ Б. САҒЫНТАЕВ ПЕН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА
Алматыда әзірге ауа ғана тегін. Оның да жетісіп тұрғаны шамалы, еліміз бойынша Алматы мегополисі ауасы ең лас қалалар тізімін бастап тұр. Көшедегі көліктің көптігінен алып қала тұрғындары түтінге тұншығып, пәтерлерінің терезесін жауып отыруға мәжбүр. Қалада барлық қызмет түрлері ақылы болғандықтан ақшасыз қарға адым аттай алмайсыз. Жоқ нәрседен ақша жасай салатын бүгінгі «іскерлеріміздің» тапқырлығына таңғалуға болады. Адамдарды былай қойып, осыдан он жылдай бұрын жол жиегіне тоқтайтын көліктерден ақша жинайтын «жаңа бизнес» ашып жібергені белгілі. Бүгінгі әңгімеміз қалада жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен, кімге қандай қызмет көрсетіп жатқаны жұмбақтау сол көліктұрақ жайында болмақ.
Ресми деректерге сүйенсек және БАҚ-та жарияланған ақпараттарға қарасақ осы көліктұрақтарды ақылы етуді басқа емес, Алматы қалалық әкімдігінің өзі ұсынған екен. Мақұл, қала бюджетіне қаражат түседі, оны шаһарды дамыту үшін, қаланы көріктендіру мақсатына жұмсайтын ниеттері болса әңгіме жоқ. Бірақ соның өзіне күмән бар. Өйткені осы бизнестен түсетін пайданың басым бөлігі тер төкпей, жатып алып ақша табатын кәсіпкердің қалтасына кетіп жатыр. Қаладағы көліктұрақтар «Алматы СпецТехПаркинг Сервис» ЖШС-нің тікелей құзырында екен. Тендер нәтижесінде осыдан бірнеше жыл бұрын «RR2» ЖШС-і жеңіске жетіп, алматылық ақылы көліктұрақтардың жарғылық капиталына тиесілі 70 пайызы атауы жұмбақтау «RR2» ЖШС-інің үлесіне, ал 30 пайызы Алматы қаласы Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының иелігіне беріліпті. Демек, қалалық әкімдік осы қызмет түрін ұсынғанда, оны ресми қолданысқа енгізгенде қала бюджетін емес, кәсіпкердің қамын қарастырғаны ғой. Сонда пайданың 70 пайызын иемденетіндей ол кәсіпкер не бітіріп жатыр? Бар бітіретіндері жол шетіне бейнебақылау, паркомат орнатып, көліктер тұратын сызықты сызғаны үшін сағатына әрбір көліктен 100 теңге жинайтын мына тірліктерін кәсіпкерлікке жатқызудың өзі қинын-ау. Мыңдаған көліктерден түсетін пайда бұл шығындарын әрі кетсе жарты жылда жауып беретіні түсінікті. Одан кейнгі жылдар бойғы пайда қайда кетіп жатыр? Сол паркоматтарының өзін кейде таба алмай қаласыз. Ал тұрақ ақысын төлемесеңіз айппұлды мойныңызға іліп қояды.
Осы жерде мына бір түсініксіздеу жайтты да айта кеткен жөн. Көліктұрақтан түскен ақша кәсіпкердің қалтасына кетіп жатса да айыппұлды Жол-патрульдік полициясы (бұрынғы МАИ) қызметкерлері талап етеді. Бір сағатқа 100 теңге төлемесеңіз, кейін полицияға барып бірнеше мыңды беріп қайтасыз. Айыппұл мөлшері тұрақақыдан кем дегенде 20-30 есе асып түседі. Сонда жүргізуші жол жүру ережесін бұзғаны ма? Жоқ, бар-жоғы тұрақақыны төлеген жоқ. Бәлкім оған ақшасы болмай қалған шығар. Оған қоса паркоматтар кез келген көлемдегі ақшаны қабылдай бермейді. Қабылдаса артық ақшаны қайтарып бермейді. Осы жерде мынандай сұрақ туындайды. Жекеменшік кәсіпкердің ісіне арласатын Жол-патрульдік полициясының қандай құқығы бар. Көліктұрақ ақысын төлемесе кәсіпкердің өзі барып талап етпей ме? Жүргізушіні тауып алып, бейнебақылау арқылы дәлелдеп төлемақысын алмай ма? Жоқ, оның бәрін полицияның мойнына іліп қойған. Өз кезегінде полиция айыппұл арқылы жүргізушіге әлдеқайда мол көлемде қосымша қаржы төлеуге мәжбүрлейді деген сөз. Нәтижесінде жүргізуші мемлекетке жыл сайын көлік салығын төлейді, оған қоса жол жиегіне бірер уақыт тұрақтағанына және оған ақы төлемгені үшін тағы да айппұл арқалайды. Сонда қалай болғаны, бір көлік үшін қаншама қаржы шығындалады. Біздегі ережелердің қарапайым халықты тонау үшін жасалғаны ма? Орайы келгенде айта кетелік, қазір полиция қызметкерлері көліктұрақтарға көбірек назар аударатын болды. Орын болмай мүгедектерге арналған орынға немесе көліктұрақтан тыс жерге көлік қойса шап беріп ұстап, айппұл салады. Бұл не? Табыс табудың көзі ме, әлде жаңағы мықты кәсіпкердің тапсырмасы ма? Жекеменшік кәсіпкер болған соң осы іспен өздері тікелей айналыспай ма? Бұл жерде полицияның қандай қатысы бар? Полиция кәсіпкерлердің қолбаласы болып кеткен бе, әлде басқа айналысатын жұмысы жоқ па?Қалада күніне жүздеген жол-көлік апаттары болып жатады. Полиция соны болдырмас үшін алдын алу жұмыстарымен айналысуға тиісті емес пе? Өкінішке орай, біздің жол-патрульдік полиция тек қана айыппұл жинаумен ғана айналысатын сияқты. Тіпті айыппұл жинаудан жоспар белгілеп, соны қайткен күнде орындауға оларды басшылары міндеттеп қойғанға ұқсайды. Әлде бұл шын мәнінде солай ма? Бұған полиция басшылары не дейді екен?
Мықты кәсіпкер демекші, бұл жерде де үлкен мәселе жатыр. Кезінде осы жайында бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған да болатын. Айталық, осыдан үш жылдай бұрын Асыл Рахметованың «Ақылы автотұраққа қатысты ақпарат неге құпия?» деген шағын мақаласын оқыған болатынбыз. Мақала шағын болғанмен көтерген жүгі салмақты екенін атап өткеніміз жөн. Осы мақалада «...RR2» ЖШС-нің құрылтайшылары «Активтерді басқару бойынша «Алмалы»компаниясы» ЖШС (түпкі бенефицары – Боранбаев Қайрат Советаевич) мен «Almaly CPS» ЖШС (жалғыз қатысушы ЖШС – Ахметов Саламат Қуатович). Ал, Қайрат Боранбаев – «Қайрат» клубын қадағалау комитет төрағасы, Қостанай облысының бокс федерация президенті және Қазақстандағы қалталы адамдардың бірі. Ол Forbes Kazakhstan тізімінде 430 млн. доллар иесі ретінде 13-да орында тұр. Сонымен қатар, оның қызы Әлима Елбасының немересі Айсұлтан Назарбаевтың жұбайы. Яғни Қайрат Боранбаев Дариға Назарбаеваның құдасы. Осыған дейін Қайрат Боранбаев пен Саламат Ахметовтің Алматының әкімі Бауыржан Байбекпен байланысы бар деген әңгіме шыққан...» деген жолдар бар. «Ақылы паркинг үшін жекеменшік компаниялар қаланың көшелерін пайдаланса да, миллиондаған түсімінен Алматының бюджетіне тек салық ретінде ғана табыс береді. Тек әр үш жылда бір рет қана паркингтен түскен пайдадан қала бюджеті үлес алады. Келісімшартта осылай көрсетіліпті» деп жазған автор. Қазір кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерден ақпарат алу өте қиын екенін, бәрін құпияландырып қойғаны да айтылған.
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген мәтел бар қазақта. Халықтан ештеңе жасыра алмайсыз, небір құпиялар кезі келгенде міндетті түрде ашылады. Сондықтан бүркеп, бүгудің қажеті жоқ. Әлеуметтік желіде немесе БАҚ өкілдері қойған ыңғайсыз сұрақты жауапсыз қалдыратын жаман әдет бар билікте. Біздің басшылардың басты ұраны – үндемеген үйде пәледен құтылады! Уақыт өте бәрі де ұмытылады, у-шу өздігінен басылады деп есептейді. Жоқ қателесіздер, құрметті басшылар, компьютердің өзі жаттай алмайтын көптеген ақпараттар халықтың санасында сақталған. Оны ешкім өшіре алмайды.
Бауыржан Байбек Алматы қаласы әкімі болып тұрғанда мемлекеттік және көпшілікке арналған мекемелердің «қытай қорғанындай» соғылған сыртқы қоршауын алып тастау керек деген шешім шығарған болатын. Оны біраз мекемелер орындағанмен, басым бөлігі құлағына да қыстырған жоқ. Айталық, «Ұлжан» ықшамауданында орналасқан №23 емхана ауласына көлікпен кіру мүмкін емес, бөгетбаған (шлагбаум) қойып тастаған. Көліктұрақ мәселесі бұл жерде үнемі дау тудырып жатады. Көп қабатты алып ғимараттың артқы жағы мен оң қапталы бос тұр. Дәрігерлердің басым бөлігі қыз-келіншектер, көлік жүргізбейді. Соған қарамастан ол бос орындар қызметтік көліктерге және өз қызметкерлеріне арналған деген сылтау айтады. Сонда мына медицина мекемесін емхана қызметкерлері үшін ашқан ба? Бұл туралы тұрғындар емхананың бас дәрігері Сәуле Әшенге айтқанмен, ешқандай нәтиже жоқ. Оң қапталға мүгедектерге рұқсат бергенмен, қатардағы науқастар көлігін қайда қоярын білмей көшелерді аралап кетеді. Жалпы осы емхана жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. Жұмысты ұйымдастыру жағы екі аяғынан бірдей ақсап жатыр. Есепте тұрған науқастар тиесілі тегін дәрісін толықтай ала алмайды. Тұрғындар жиналыс ашып бас дәрігерге өз талаптарын қойған болатын. Бірақ оның жартысы да орындалған жоқ. Сондықтан бұл мекемнің басшысына деген тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Қолынан іс келмейтін басшыны орнынан алу керек деген пікірлер де айтылып жатыр.
Қазіргі көлік атаулы көбейген заманда көліктұрақ мәселесі күннен күнге өткір қойыла бастады. Сондықтан болар оған үлкен мән беріле бастады. Мысалы кез келген ғимаратты қолданысқа беретін кезде оның көліктұрағына бірінші кезекте назар аударылады. Бұл дұрыс! Ірі сауда орталықтары мен мемлекеттік мекемелерге адамдар көптеп келетіні белгілі. Өз жекеменшік көлігі барлар тұрақ іздейді. Сол себепті мекемелер келушілерді көліктұрақпен қамтамасыз етуге міндетті. Өкінішке орай бұл талаптар да орындалмайды. Басқасын қойғанда қалалық әкімдіктің қарсысында, Республика алаңының шетінде, былайша айтқанда қаладағы ең жоғары дәрежедегі шенеуініктердің танауының астында екі бірдей алып ғимараттар орналасқан, бұрын бұл жерлерде министрліктер мен өзге де мемлекеттік мекемелер болатын. Қазір көпқабатты ғимараттар әдеттегідей жекешелендіріліп, түрлі ұйымдарға жалға беріледі. Айтайын дегеніміз ғимарат маңындағы көліктұрақты ақылы етіп қойған. Сонда алдында айтқан талаптардың ғимарат иелеріне қатысы жоқ па? Әлде бір ықпалды кәсіпкер өзіне пайда түсіру үшін көліктұрақты олардан тартып алды ма? Тағы бір мысал, Панфилов пен Мақатаев көшелерінің қиылысында Электрмен жабдықтау мекемесі орналасқан. Ол жерге қала тұрғындары келіп, түрлі мәселелерін шешіп, пайдаланған электр қуатының ақысын төлейді. Бұнда да жол жиегін ақылы етіп тастаған. Келушілер көлігін қайда қоярын білмей қаңғып кетеді. Бұл мекеме де қалаға ортақ талаптарды орындамаған немесе орындауға бір мықтылар мүмкіндік бермей отыр.
Аталарымыз «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген екен. Соның рас екеніне көз жеткізе бастадық. Қазір қалада жаңадан салынған тұрғын үйлер кешендері де кіреберіске бөгетбаған орнатып күзетшілер қойып тастаған. Аулаға кіру мүмкін емес. Оны көрген жүз жыл бұрын салынған ескі тұрғын үй иелері де аулаға кіретін жолды бітеген. Егер осы қалыппен кете берсек қала көшелеріндегі жол жиектері түгелдей ақылы көліктұраққа айналып, аулалар жабылып, қарапайым көлік иелері темір тұлпарларын қаланың сыртына апарып «арқандап» қоюға мәжбүр болады. Бұдан кейін жаяу жүргіншілер мен көшенің ортасындағы жолдарды ақылы ету ғана қалмақшы. Міне біздегі ақылы көліктұрақтың қарапайым халыққа көрсетіп жатқан «қызметі» осындай.
Осы жақында қалада көліктұрақ мәселесіне байланысты мәселе қаралады деген сөз шықты. Әлеуметтік желіде зейнеткерлерге көліктұрақты тегін ету туралы көптеген ұсыныстар айтылды. Бірақ бұл ұсыныстар ескерілмеді, сол күйінде қалды. Әкімдер туралы айтпаған күнде, құрметті қалалық мәслихат депутаттары, басқа болмаса да сіздер халықтың қамын ойлауға міндетті едіңіздер ғой. 60-70 мың теңге зейнетақы алатын қарттардың мойнына қосымша салмақ салудың қажеті қанша? Зейнеткерлер салық, айыппұл төлемесе қала қоржыны ортайып қала ма? Сіздерді мүддемізді қорғайды деген үлкен сенім артып халық сайлаған еді ғой. Әлде өздеріңізді депутат етіп әкімдер тікелей тағайындады ма?
Біздің депутаттар өздерінің лауазымы әкімнен жоғары тұрғанын білмейтін сияқты. Шындап келгенде сіздер әкімнің шикі шешімін кері қайтарып, оны қабылдатпай тастауға құқылысыздар. Ал қазіргі кейіптеріңізге қарасақ шыбындаған жылқы сияқты әкімнің алдында бас шұлғуды ғана білесіздер. Тым болмаса әкімнің бір шешімін кері қайтарып көрдіңіздер ме?
Дегенмен, құрметті депутаттар, халық сіздерге сенім артып, үмітін үзбейді. Сондықтан көліктұраққа қатысты мынандай мәселені қарап өз шешімдеріңізді айтсаңыздар:
1. Қала көшелерінде көліктұрақты ақылы ету заңға сиымды ма? Осыған байланысты елдің, қаланың иесі халықтың пікірі тыңдалды ма?
2. Сағатына 100 теңге төлеу тарифы қайдан алынды?
3. Бұл кәсіптен түсетін пайданың басым бөлігі қала бюджетіне емес, тер төкпейтін кәсіпкердің қалтасына кетуіне жол берілуі жемқорлықтың белгісі емес пе?
4. Қала көшелеріндегі жол жиегін жаулап алған «ақылы көліктұрақтарға» тоқтау бола ма?
5. Базарлар мен ірі сауда орындары көліктұрақты ақылы етіп ақша жинауы заңды ма? Заңсыз болса оған қашан тиым салынады?
Қарап отырғандарыңыздай бір ғана «ақылы көліктұрақ» төңірегінде қаншама сұрақтар туындап отыр. Бұның бәрі халықтың көкейінде көптен бері жүрген мәселе. Өздеріңізден жауап күтеміз, құрметті халық қалаулылары!
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz