МЕНІҢ ҚАНША АДАМДЫ “ӨЛТІРГЕНІМДІ” ҰМЫТЫП КЕТІПТІ ЖАЛАҚОРЛАР! - Қазыбек Иса
2021 ж. 19 тамыз
3293
8
Күйе жаққандардың қолы ғана емес, беті де қап-қара болатынын дәлелдейміз!
ҰЛТШЫЛДАРҒА ШАБУЫЛ ҰЙЫМДАСҚАН ТҮРДЕ ЖАЛҒАСУДА
Мен өзім ұлттық мүддені қорғау жолында биліктегі қазақ тілі десе, жаудың тіліндей жанталасатын шенеуніктерден бастап, ұлттық мүддемізге, тілімізге қарсы шыққан талай құлсаналарды талай рет өткір сынағандықтан, мұндай түсіме де кірмеген, еш үйлеспейтін қып-қызыл жала жабылатынын күткенмін. Бірақ “талай адам өлтірді” деп жазуды ұмытып кеткендеріне таңданып отырмын фейк-күйежаққыштардың!
Жалақорлардың жаласы бойынша мен ауылда мектепте жүргенде бір емес бақандай “екі келіншекті зорлап тастаппын”… (қарапайым ауыл мұғалімі не деген батыл және оған ешқандай сот жоқ екен да…). Көрікті қыз-келіншек көзіме түссе, құтқармайды екенмін-мыс. Басын айналдырып ала салады екенмін… Бейшаралар сенімді көріну үшін “зорланған қыздар” болып “Немолчиkz” сайтына, содан соң өздері өздеріне “арыз” жазыпты. Соны жазып отырып шынында да кімдермен төсектес болғаны естеріне түскен шығар… “Алмат Мухамеджанов” дегенге және “Dina Tansari” деген фейк аккаунттарға жазған болады.
“Биыл депутат ретінде ел араламай, ішіп жатыр екенмін үйде”.
1.Менің екі айда, нағыз қайнаған шілденің ортасында 4 облыста, 7 қалада, 3 облыс орталығында 7 ауданда, 26 ауыл мен мекемеде елмен кездескенімді, олардың бәрі күнде БАҚ-та жарияланғаны, 11 рет облыстық, жергілікті телеарналарға, оның үшеуі республикалық “Қазақстан” ұлттық арнасына, 30 шақты сайт/газеттерге шыққанымен шаруасы жоқ.
Сол ел аралаудың арқасында, мысалы, мен тұрғындарымен кездескен, жол мәселесін көтеріп, “Қазақ үні” сайты мен фейсбук парақшамызға жазған Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылы “Батыр” саяжайына жол салынатын болып, олар алғыстарын айтып, жазуда. Кеше сол Іле аудандық мәслихатының ақжолдық депутаты Дүрия Даниярова сүйінші сұрап, алғыс айтты.
2.Мен Желтоқсан көтерілісі кезінде 1984-1990 жылы ауылда мұғалім болғанымды да білмейді ғой бейшаралар.
3.Мен келіншек зорламақ түгілі, әйел адаммен қол беріп амандаспайтынымды да білмейді ғой бұл жалақорлар!
“Ақын болғасын ішеді, қыз-келіншекке жақын болады” деп өздерінің топас түсініктерімен топшылап, ойлап тапқандары да… “Зорлады” десек, айыбы ауырлайды” деген ғой өздерінше. “Өтірікті неғұрлым көп қоссаң, соғұрлым тобыр көп сенеді”-деген қағиданы ұстанған түрлері ғой…
4.Ал “түнгі көбелек жігіттер” туралы ертегілерін егжей/тегжейлі жазуына қарасақ, өздері күнделікті сонымен айналысатындар екені анық көрініп тұр…
Олардың осындай әр жаласынан өздерінің жандары шығып, қиналып жатқан жанталастарын көріп, аяп та кетесің байғұстарды)))… Шамасы менің атымды естігенде шайларын төгіп алып, түстеріне кірсем, шошып оянып жүрген болса керек…
Мен тергеу орнына және сотқа бердім бұл фейк аккаунт пен жалақор сайтты! Ол фейк ақпаратты көшірген сайт, аккаунттарды да сотқа беретін боламыз. Жердің астына кіріп кетсеңдер де, желкелеріңнен суырып шығарып алып, мақаланы жазған кім екендіктеріңді анықтап, сотқа беріп, бүкіл елге жалақор ретінде әшкерелейтін боламыз сендердей жабу астында жасырынған қарабеттерді! Бетперделерің жұлынып алынады әлі!
Ең болмаса, 1986 жылы менің студент емес, ауылда мектеп мұғалімі болып жүргенімді өмірбаянымнан көре салмадыңдар ма, тиынға тапсырыс орындағыштар, сүйек лақтырғанға секіріп қағып ала бермей?!. Сендердей топастарға тапсырыс беріп жүрген қожайындарыңда да есектің миындай ми жоқ екен ғой.
Бұлар бір күні ғарышта бірнәрсе болса, оған жердегі Қазыбек Иса кінәлі дейтін болса да таңғалмайтын болдық қазір…
Осындай ойға сыймайтын қып-қызыл жалаға өтірік екенін жақсы біліп тұрса да, “сеніп”, сенгісі келіп отырғандарды да аяп отырмын…
Мен бұл жаланың артында кімдер тұрғанын сезіп тұрмын, өйткені қанша жасырынса да, қара жабуына салпаң құлақтары сыймай, көрініп қалып тұр.
Ол салпаңқұлақтар менің ақындығым мен өткір сынаған тақырыптарыма байланысты жоспар құрып, шабуыл жасапты. Олардың ішінде мен үнемі қатты сынап жүрген ұлттық мүддемізге қарсылардың, өзіміздің ұлтқа қауіпті “органдардың”, көрші елдердегі шовинистердің де, олардың тапсырысын орындап, табанын жалайтындардың да ізі бар. Өтірік ұлтшыл, оппозиционер болғансып, “Аңқау елге Арамза молда” болып жүргендердің де сұрықсыз сұлбасы көрінеді. Кешегі менің “жын шеруі” атап, сойып салған бір жынысты жұптардың ұсқынсыз қолтаңбасы да байқалады.
Жауабын күтіңдер енді жалақорлар! Арттарыңда кім тұрғанын да анықтаймыз қазіргі IP технология арқылы. Ешқайда қашып кете алмайсыңдар, ұлт мүддесіне қарсылық жасап, пұл үшін тілін сатып, жезөкшелік қызмет көрсеткен жалақорлар!
“Құлды бәрекелді өлтіреді”-дегендей, ардан, намыстан, ұяттан өлмейтін бұлар осындай тапсырыс орындаймын деп тажалына тап келуі мүмкін бір күні…
Бұндай қоқан-лоқыдан, лас әрекеттерден ештеңе шықпайды! Күйе жаққандардың қолы ғана емес, беті де қап-қара болатынын дәлелдейтін боламыз!
Маған қысым жасаған сайын, қысқан сайын қайта қатты серпілетін серіппедей қасарыспа мінезім бар - ұлттық мүддеміз бен Қазақ тілін қорғаудың Ақ жолында бұрынғыдан да қатты, қарқынды қайрат көрсете беретін боламыз енді!
Алаштың ұлттық мүддесін- Мемлекеттік тілін заңды қорғау жолында аттан салсақ, атқа мінетін қалың қазақты қайтып түсіре алмай жүрмеңдер!
Жауабын күтіңдер, Жалақорлар!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні