Депутат қызметі белсенділігімен бағалансын
2021 ж. 18 тамыз
2273
10
Әлем бойынша қазір демократия деген ұғым ең сәнді, ең мәнді, енді біреулер үшін ең дәмді сөзге айналды. Қай жерде, қай елде оның талаптары мен заңдылықтары қалай орындалып жатқаны бір Жаратқан иемізге аян. Білетініміз, үлкен ұранға, кей елдерде даурыққан даңғазаға айналғаны анық. Одан біз де қалыс қалмадық, мінберге шығып алып сайраған саясаткерлердің айтуынша ашық, әділетті демократиялық қоғам құрып жатқанға ұқсаймыз. Биліктегілердің айқайлап, кеудесін ұрғанына қарағанда «біз демократиялық ел болып қалыптасып та қойыппыз». Ал оның шын мәнінде қандай екенін халық көріп, біліп отыр, ол өз алдына бөлек әңгіме...
Демократия — байырғы грек тілінен аударғанда «халық билігі» деген мағынаны білдіреді. 1966 - жылы қабылданған Халықаралық ресми құжат (пакт) демократияның негізгі принциптерін белгілеп бекітіп берді. Оның ішінде: өз ойыңды еркін білдіру құқығы, бейбіт жиналыстар өткізу, ерікті түрде бірігіп ұйымдар құру, мемлекеттік істерді жүргізуге тікелей немесе сайланған өкілдері арқылы араласу сияқты ең басты ержелер бар. Бұл халықаралық құжатты қабылдаған кез келген мемлекет оны бұлжытпай орындауға міндетті. Біздің еліміз аталмыш құжатқа 2003 жылы 2 желтоқсанда қол қойған болатын. Демек, Қазақстан да осы халықаралық заң талаптарын орындауға тиісті.
Қарап отырғандарыңыздай, бүкіл әлем шулап, қолдап отырған демократиялық қоғам ережелерінің ешқандай қиындығы жоқ. Бұл бас қатырып, жоғары математикалық есеп шығаратындай күрделі мәселе де емес. Айналдырған 4-5 негізгі талаптарды орындасаң болғаны, одан артық ештеңе талап етілмейді. Бірақ соның өзін орындауға келгенде құйтырқы әдістерді қолданып, талаптарды орындамай жалтарып кететін саяси саңылау іздейтін мемлекеттер әлі де баршылық. Әрине, мемлекет дегенде оның қатардағы миллиондаған қарапайым халқын айтып жатқан жоқпыз. Билік басына шығып алып, авторитарлық шексіз үстемдік жүргізгісі келетіндерді атап отырмыз. Олар сол арқылы елдің байлығын сорып, халықты қанайды. Нәтижесінде адамдардың тұрмысы төмендеп, елде наразылық көбейеді. Осы халықаралық заңға сәйкес наразылықтарын білдіріп бейбіт жиындарға шыққандарды қамап, ойдан құрастырылған ережелер негізінде айыппұл салып, қысым көрсетеді. Ондай фактілер біздің елімізде де жетерлік. Яғни бізде де халықаралық келісім шарттары өрескел бұзылып жатыр деген сөз. Оны білдірмес үшін, бүркеу үшін осы беделді халықаралық ұйымға өтірік есеп беру етек алған. Олардың есебіне қарасақ бізден асқан демократиялық елді жер бетінен іздеп таппайсыз. Ал іс жүзінде бәрі керісінше. Өкінішке орай, дамыған жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатсақ та ескіліктің етегіне жармасып айырылғысы келмейтін елдер көп. Осының бәрі әлем бойынша қоғамның дамуына кері әсерін тигізіп келеді.
Қалай десек те демократияның басты құралы, оны іске асырудың негізгі тетігі - сайлау болып табылады. Сол сайлау арқылы, өздері таңдаған өкілдері арқылы қалың бұқара өз ойын, өз ұсынысын алға тартып, өз мүдделерінің орындалуын талап ете алады. Бұл әлемдік тәжірибеде берік орын алған заңдылық. Керек болса, дамыған елдерде қала немесе аймақ басшыларын жергілікті халық өзі сайлайтын тәжірибе баяғыда орын алған. Айталық, біз табынатын Батыста немесе АҚШ-та штат басшылары сайлау арқылы осы лауазымға ие болады. Ол үшін қырғын айқас өтеді. Әрбір үміткер халықтың тұрмысын жақсартатын нақты бағдарламаларын ұсынып, әрбір сайлаушының дауысы үшін күреседі. Сол міндеттерін орындай алмаса халық оны өзі-ақ отставкаға жібере салады. Бірдеңе болса «Батыста солай!» деп сілтеме жасап шыға келеміз. Батысқа табынушылық бізде кең етек алған. Олай болса бізде неге аймақ басшыларын жергілікті халық сайламайды? Отыз жылда ауыл әкімдерін сайлауға әзер қол жеткіздік. Енді аудан, қала әкімдерін сайлауға жиырма, аймақ әкімін сайлау үшін тағы да отыз жыл керек пе? Ал жоғарыдан тағайындалған үкімет басшысынан бастап, барлық министрлер мен түрлі деңгейдегі әкімдер халықтың мұңына пысқырып та қарамайды. Олар үшін халық қара тобыр, бір отар қой құрлы құны жоқ. Өйткені оларды халық сайламаған, тұрғындардың алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Олар өздерін жетектеп әкеліп сол кеңсеге отырғызып қойған жарылқаушыларының айтқанын істейді. Қызметінен айырылып қалмас үшін сол көкелерінің табанын жалауға да дайын тұрады. Сонда бұл да демократия болып па?..
Осы жерде жартыкеш етпей демократиялық принциптерді неге толықтай енгізбейміз деген нақты сұрақ туындайды. Оның да ешқандай құпиясы жоқ, алақандағыдай анық нәрсе. Аудан, қала, аймақ әкімдерін халық сайласа, міндетін атқара алмаса халық өзі орнынан алып тастайтын құқыққа ие болса жоғарыда отырғандар биліктен айырылып қаламыз деп қорқады. Биліктен айырылса байлықтан да құр қалады, бюджеттен түрлі мақсатқа берілген миллиардтарды өзара бөліске сала алмайды, шетелге миллиардтап ақша жасыратын мүмкіндігін жоғалтады. Сондықтан автократиялық мемлекеттерде ондай ашық сайлауға жол берілмейді, қайткен күнде де кедергі қоюға тырысады. Ол үшін небір адам сенгісіз саяси себептерді ойлап табады. Әлем бойынша ондай мемлекеттер баршылық. Әдетте мұндай мемлекеттер дамымайды, халқының тұрмысы нашарлап көш соңында қалып қояды. Оларға күлетін жағдайда емеспіз, өзіміз де озып кете қойған жоқпыз. Бізде жақын арада аймақ әкімдерін сайлайтын күн келеді деп армандаудың өзі әлі ертерек, иегіміз қышымай-ақ қойсын.
Елімізде демократиялық заңдылықтар мүлдем сақталмайды десек артықтау болар. Президентімізді сайлаймыз, Парламент пен қалалалық және облыс мәслихаттарының да сайлауы кезең-кезеңімен өтіп жатыр. Бір қарағанда, «Басқа тағы қандай демократия керек?» деуге болады. Мәселе өзге елдерден қалыспай сайлау өткізуде ғана емес. Мәселе сайлаудың қалай өтуінде! Оның талаптарының қатаң орындалуында. Өкінішке орай, бізде сайлаудың бәрі әділ, ашық өтті деп айта алмаймыз. Оған сайлау кезіндегі орын алған заңбұзушылықтар нақты дәлел. Ол туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып, талай рет жазылғанын білесіздер.
Неге сайлау науқанында ондай заңбұзушылықтар орын алады? Біріншіден, бізде әдетте сайлауды мемлекеттік органдар өткізеді. Оның құрамының тоқсан пайызы мемлекеттік қызметкерлер. Рас, халықаралық ұйымдардың алдында ұят болмас үшін қоғамдық ұйымдар мен өзге партиялардан санаулы адам қатыстырылады. Ал санаулы ғана бақылаушылар сайлау барысын толықтай бақылай алмайды. Осы жерде қазақтың «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деген мәтелі еске түседі. Негізгі тізгінді қолына алғандар қайдан, қанша құлақ шығаратынын өздері біледі деген сөз. Екіншіден, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы тағайындалады. Ол жылдар бойы сол қызметті тұрақты атқарады. Бұл да заңбұзушылыққа апарады. Сайлау комиссиясының төрағасы сайлауға санаулы уақыт қалғанда жасырын дауыспен сайлануы керек. Үшіншіден, партиялық тізіммен сайлау адамдардың құқығын тікелей бұзу болып табылады. Өйткені біздің азаматтардың басым бөлігі ешқандай партияда жоқ. Партиялардың не бітіріп жатқанынан мүлдем бейхабар. Партиялық тізім бойынша «соқыр» да, «қотыр» да өтіп кетіп жатқанын көріп жүрміз. Сол тізімдегілердің кім екенін сайлаушылар білмейді де.Масқара болғанда 3-4 сөйлемнен тұратын ең қасиетті антты қазақша оқып бере алмағандарға куә болдық. Ондай депутат кімге ақыл айтып, кімге жөн сілтемекші? Сонда жаңағы депутатты көшеден ұстап алып партиялық тізімге кіргізе салған ба? Міне біздегі сайлаудың сиқы осындай, одан әрі қазбаламай-ақ қоялық.
Мақұл, қалай болғанда да сайлау өтіп жатыр делік. «Ондай-мұндай хан қызында да болады» демекші, сайлау кезінде заңбұзушылық басқа елдерде де орын алып жатады, оған таңғалудың қажет жоқ шығар. Дегенмен, партиялық тізіммен болса да сайланып депутат болған соң халық алдындағы жауапкершілік болуы керек қой. Өкінішке орай, біздің көптеген депутаттарымызда бұл да жоқ. Өзінің халық қалалулысы екенін, халықтың мүддесін қорғау керектігін мүлдем білмейтін сияқты. Неге? Себебі оған депутаттық мандат әншейін сыйға тартылған зат сияқты оңай келді. Ол депутаттық орын үшін өзгелермен бәсекеге түсіп тер төкпеді. Халықтың тұрмысын қалай жақсартамын деп бас қатырған жоқ, ол туралы оған ойланып та қажеті жоқ. Фракция жетекшісі не айтса соны орындап, қасындағы «кнопканы» ұйықтап кетпей дер кезінде басып отырса болғаны. Міне біздің көптеген депутаттармыздың «ауыр жұмысы» осындай.
Ашығын айтсақ, біздің депутаттардың жемісті қызмет етуіне толықтай жағдай жасалған. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсы. Айына кем дегенде 800 мың теңге айлық алады. Мұндай айлықты қауіп-қатері мол жер астында жұмыс істейтін кеншілер де алмайды. Оған қоса тегін баспана, қызметтік көлік, жеке көмекші қызметкер де беріледі, іс-сапарлары да тегін. Бұдан да басқа жеңілдіктер қарастырылған. Мұның барлығы халық есебінен төленеді. Сөйте тұра біздің депутаттарымыз өздерін қаржыландырып отырған халық мүддесін қорғауға келгенде енжарлық танытады. Кейбір депутаттар бес жыл бойы Мәжілісте отырып тым болмаса үкіметке бірде-бір депутаттық сауал жолдамай өтеді. Сонда ол не үшін депутат болды?
Бұл сұраққа олардың айтар уәждері де жоқ емес. «Біз комитеттерде жұмыс істеп көптеген мәселелерді қараймыз» дейді кейбір депутаттар. Комитет жұмысы белгілі, ол әр салаға қатысты құрылған. Оған дауымыз жоқ, әр саланың өз мәселелері жетіп артылады. Партиялық тізім болғанмен депутаттар әр аймақтан келгендер. Демек олар өздері сайланған облыс тұрғындарының тұрмысын жақсартуға ат салысуы қажет. Солардың ортасына барып, жағдайларымен танысып, орын алған мәселені шешу үшін үкімет алдына талап қоюға тиісті. Ал бес жылда атқарушы билікке бір де депутаттық сауал жолдамаса ол неғылған депутат? Демек ол өзін сайлаған тұрғындарды мүлдем көрмегені ғой. Ал мәселе кез келген аймақта толып жатыр. Оны үлкен сенім артып сайлаған депутат шешпегенде кім шешеді? Әкімдер ме, олардың кеңсесіне айлап кіре алмайсыз. Депутаттардың сөзін жүре тыңдайтын біздің әкімдер қарапайым адамдарды көзіне ілмейді.
Қазір біздің депутаттар екі айлық жазғы каникулда жүр. Бәлкім шетелдік курорттарда жатқан болар. Мақұл, демалсын, оған ешкім қарсы емес. Осы екі айдың тым болмаса жарты айын тұрғындармен кездесуге арнаса болатын еді. Әзірге мұндай кездесулерді «Ақ жол» партиясы ғана осы күнге дейін ұйымдастырып келеді. Олар Батыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарын аралап сайлаушылармен кездесіп, оларды мазалаған мәселелерді қарастыруда. Ал саны жағынан он есе көп нұротандықтардан мұндай белсенділікті көре қойған жоқпыз. Саны жағынан он есе көп болғандықтан он есе көп кездесулер ұйымдастыруға, он есе көп жұмыс істеуге міндетті емес пе? Оның үстіне олар билік партиясының депутаттары, сөздері өтімді. Жер-жерлерде қордаланған мәселені тез шешуге өзге партияларға қарағанда мүмкіндіктері анағұрлым мол. Өкінішке орай, ондай қимылды көрсете алмай келеді.
Халық қалаулысы деген атақ - жоғары мәртебе! Оған мыңдаған адамдар сенім артып, үлкен үмітпен қарайды. Сондықтан кез келген депутат соған сай болуы қажет. Халық алдындағы жуапкершілігін жоғалтпай сайлаушыларына адал қызмет етсе оның беделі де жоғары болады. Ол үшін депутат белсенді қызмет көрсетуге міндетті. Ал «кнопканы» басып қойып қалғып-мүлгіп отыратындарды кейін қайтару мәселесін қарастыратын уақыт жетті. Өйткені ондай депутаттың пайдасынан зияны көп. Қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін де солар. Бір сөзбен айтқанда депутат қызметі оның белсенділігімен бағаланғаны жөн.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz