МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНЕ ТЕМІРЖОЛ мен ӘУЕЖАЙ КЕРЕК
2021 ж. 09 тамыз
2252
0
«Ақ жол» партиясының Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Түркістан облысына барды
ЖЕТІСАЙҒА ТЕМІРЖОЛ ҚАШАН ТАРТЫЛМАҚ?
Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Жетісай ауданында елмен кездесті.
Кездесуді аудан әкімі Мұрат Қадырбек ашып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға сөз берді. Депутат Мәжілістің бірінші сессиясындағы алты айда “Ақ жол” партиясы фракциясы 64 депутаттық сауал жасағанын, олардың көбісі өз нәтижесін беріп келе жатқанын жеткізді.
Ол сонымен қатар Парламент қабырғасында қаралып жатқан заң жобалары туралы баяндады. Олардың негізі тетіктерін түсіндірді. Қолданысқа енгізілетін маңызды заңнамалар елді – мекендердің әлеуметтік ахуалын жақсартып, халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталғанын жеткізді.
Сонымен қатар көші-қон саласына тың реформалар енгізу қажеттігін айтқан Қазыбек Иса “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалына байланысты Көші-қон комитеті құрылып, елімізге қандастардың келуіне жағдай жасалып жатқанын және ҚР азаматтығын алу мәселелерін жеңілдетілгенін тілге тиек етті. Ақжолдықтардың Алаш қайраткерлерінің есімдерін ұлықтап, қайта жаңғырту жайындағы ұсыныстары да біртіндеп іске асып келе жатқанын айтып өтті.
Жетісайлықтар Мәжіліс депутатына көкейде жүрген көп сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі бапкер Бақыт Жаңбырбай Қазыбек Исаның елімізге әйгілі көрнекті ақын екенін, әке-шешесі осы өңірде, бұрынғы Киров (Асық ата) ауданы XX партсъезд кеңшары, қазіргі Қызылқұм ауылдық округі Алғабас ауылында мақта майталманы болып, еңбек еткенін айтып өтті. Халық қалаулысынан Жетісайға темір жол мен әуежай салуға ықпал етуін сұрады.
Жетісай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбетов Азаматтық істер кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынды. Сонымен қатар Олимпиададағы 83 орында қалуымызға наразылығын білдірді. Ал зейнеткер Пердебек Бахтияров Қазыбек Исаның мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы депутаттық сауалын қолдап, бұл мемлекеттік аса маңызды мәселені шешу жолында парламентте қолдаушы депутаттарды көбейте беру туралы айтты.
Жиын соңында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса көптеген сұрақтарға нақты жауап берді. Солардың ішінде маңыздысы Жетісайға темір жол мен әуежай салу мәселесін үкіметтің алдына қоятынын айтты.
Жетісай ауданының құрметті азаматы, спорт саласының ардагері Бақыт Жаңбырбаевқа спорт саласындағы жемісті еңбегі мен қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігіне, атқарып жүрген еңбегіне алғыс білдіріп, Қазақстан тарихшылары қауымдастығы мен «Ақ жол» демократиялық партиясының «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
МАҚТААРАЛДЫҚТАРДЫ ДИХАНДАР ЖАЙЫ ТОЛҒАНДЫРАДЫ
Мұнан соң кездесу Мақтаарал ауданы Мырзакент ауылында жалғасты. Мәдениет үйінде болған халықпен кездесуді аудан әкімі Бақыт Асанов ашып, Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның өмірбаянымен таныстырып, сөз кезегін халық қалаулысына берді.
Қазыбек Иса “Ақ жол” партиясы фракциясының парламентте көтерген мәселелерін сөз етті.
Солардың ішінде ұлттық идеология мәселесі, мемлекетттік тіл заңын қабылдау жөнінде, жер туралы, ұлттық қауіпсіздігіміздің негізгі факторларының бірі болып табылатын қазақтың санын көбейту мақсатында қандастар көшіне қарқын беру, қандас жастардың Қазақ елінде оқуына жағдай жасау, Алаш арыстарын ұлықтау, мәдениеттің мәнін арттыру үшін шығармашылық одақтарды қаржыландыруды жолға қою туралы күрделі тақырыптардың жағдайын қозғады.
Ауыл тұрғындары күрмеуі шешілмеген мәселелерін айтты. Ауданда 8 мәдениет үйі болса, оның 3-еуі ғана күрделі жөндеуден өтіпті.
Қалғандары енді жөндеу жасалмақ.
Мақтаралдағы энергетика саласына еңбек сіңірген ардагер Сырым Жүсіпов өңірдегі энергия қуаты мәселесіне тоқталды. Ауданға электр қуаты жетісе бермейді, бұл жұрттың кәсіп ашуына да өз кедергісін келтіруде.
Жарық бағасының қымбаттауы барлық азық-түліктің қымбаттауына да негіз болуда.
Аудандық мәслихат депутаты Мұқтар Әжіқабылов ауыл дихандарының жайын қолдады. Қауын-қарбыз, жалпы көкөніс өнімдерін ұзақ сақтап, жеткілікті ету үшін егіс алаңынан 10 шақырым аумақта көкөніс қоймаларын салуды ұсынды. Субсидиялау мәселесінде дамыған елдердегі үлгілерді қолданып, жаңа қадамдар жасау керектігін айтты.
Ал, облыс орталығына қатынау тұрғындар үшін мұңға айналған. Мақтаарал ауданы мен Түркістан облысының орталығы ара қашықтығы 450 шақырым болса, Шымкентке жету үшін 250 шақырым жер жүру керек. Сол үшін тұрғындар атынан сөйлеген ел ағасы, ақын Пердеш Есенбек іргедегі Шардара қаласына немесе Жетісай қаласына әуежай салуды және темір жол тартуды ұсынды. Бұл жерде Шардарада бұрын болған әуежай орны сол күйі тұрғанын еске сала кету керек.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу,
аудандық әжелер алқасының төрайымы Шахзада Құрбанбаева мектеп оқушыларына дәстүрлі білім беруді қайта жалғастыру мәселелерін көтерді.
Екеуі де Ақжолдық Мәжіліс депутатына Ақ жол тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
Аудан халқының ұсыныстарын толыққанды тыңдаған халық қалаулысы көптеген мәселелерге зерттеу жүргізіп, олар алдағы жұмыс барысында “Ақ жол” партиясы фракциясында қаралып, қажеттілері депутаттық сауалдар арқылы Үкіметке ұсынылатынын жеткізді.
Жиын соңында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ел ағасы, қазақтың көрнекті ақыны Қосжан Мүсіреповтың ұлы, энергетика саласына еңбек сіңірген ардагер, кәсіпкер, мәдениет, өнер, білім салаларының жанашыры, демеуші
Сырым Жүсіповты “Қазақ хандығына 550 жыл” мерекелік медалымен марапаттады.
Ал ақжолдық кәсіпкер Ержан Асқаровтың төсіне “Қазақ Республикасына 100 жыл” медалын тақты.
Мақтаралдықтармен өткен маңызды кездесуге онлайн арқылы аудандағы ауыл әкімдіктері қатысып отырды.