Қарағандыда 14 жасар оқушыны бірнеше рет зорлаған молда сотталды
2021 ж. 29 шілде
1940
0
Қарағандыда бірнеше рет жас баланы зорлау фактісі бойынша ұсталған мешіт молдасына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен жас қыз балаға қатысты күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып бірнеше рет зорлау фактісі бойынша ҚК-тің 120-б. 4-б сай үкім жарияланды. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысы және басқа материалдармен дәлелденді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қаңтар айында ауыл мешітінің молдасы қызметін атқарып жүріп, сол ауылдың бір отбасына үй мен мал шаруашылығына көмектесіп жүрген. Бір күні үйде үлкендердің жоқтығын пайдаланып, дін қызметкері сол үйдің 14 жасар қыз баласын зорлаған. Соңыра анықталғандай, ондай әрекеттерді молда бірнеше рет қайталаған. Салдарынан қыз бала жүкті болып қалған.
Прокурор сотталғанды Қылмыстық кодекстің 120-б. 4-б. бойынша кінәлі деп танып 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі прокурормен келісті. Алайда қорғаушы тарап сотталған кінәсін жартылай мойындағандықтан, оны катаң жазаламауды сұрады.
Нәтижесінде, соттың үкімімен айыпталушы жас баланы, оның дәрменсіз күйін пайдаланып бірнеше рет зорлағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 120-б. 4-б.), оған педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 20 жылға бас бостандығынан айыру және жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде тағайындалды.
«Іс бойынша қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жай анықталмаған. Қылмыстық заңда осындай қылмыс үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жазаны тағайындау кезінде сотталғанның бала кезінен үшінші топтағы мүгедек екені, бұрын сотты болмағаны және кінәсін жартылай мойындағаны, сонымен қатар жәбірленушінің пікірі ескерілді», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.