16 адам сотталды: Арыстағы жарылыстарға байланысты сот үкімі шықты
2021 ж. 27 шілде
1926
0
2019 жылы Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылысқа сот үкімі шықты. Сот үш адамның өмірін қиып, 30 адамның жарақат алуына себепкер болған Арыстағы жарылыс бойынша қаралған қылмыстық істің қорытындысын шығарды. Кінәлі деп танылған 16 адамды түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Шымкент гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, прокурорлар сотталушыларға 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және азаматтық талаптарды қараусыз қалдыруды сұраған. Ал жәбірленушілердің көбі істің күрмеуін соттың ұйғарымына қалдыруға ниет білдірген.
"Айыпталушы тарап пен оның адвокаттары күдікті ретінде тартылған азаматтарды ақтап, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Қорғаныс министрлігі мен әскери бөлімнің басшылық құрамы қызметке немқұрайды қарағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі), атап айтқанда, қызметтік міндеттердің орындалуын бақылау жөніндегі шараларды қолданбай, оқ-дәрімен жұмыс істеу ережесін бұзғаны үшін (ҚК 462-бабы 3-бөлігі) кінәлі деп танылды", – делінген сот хабарламасында.
Сотталғандардың ішінде ең ұзақ мерзімді әскери мақсатқа бөлінген қаражатты жымқырды деп айыпталған күдіктелір арқалады. Аудандық пайдалану бөлімінің басшылығы мен әскери бөлім командирі техникалық күзет құалдарын монтаждауға бөлінген бюджет ақшасын жымқырғаны үшін 7 және 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қосымша жаза ретінде аталған тұлғаларға мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.
Сотқа іспен бірге ұсынылған азаматтық талаптар қараусыз қалдырылды. Істің бұл бөлігінде жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер ұйымдар мен меншік иелері арасындағы даудың болуына байланысты азаматтық сот өндірісіне жүгіну ұсынылды.
"Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар онымен келіспеген жағдайда Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 31-бабы бойынша жоғары тұрған сотқа шағым беруге құқылы. Қылмыстық іс 550 томнан тұрды. Іс бойынша 1 473 жәбірленушіден жауап алынды. Сотқа қатысушылардың көптігіне және сот отырыстарын соған сай залда өткізу қажеттілігіне байланысты іс режимдік объекті – әскери бөлімде қаралды. Оның аумағына азаматтарды жіберу нысанның қолбасшылығының рұқсатымен ғана іске асырылды", – деп қотсы сот өкілдері.
Шымкент гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі үкімді жариялау кезінде онлайн қатысу мүмкіндігі ұсынылмағанын мәлімдеп отыр. Оған әскери нысанның жанында қылмыстық атқару жүйесінің мекемесі тұруы себеп болған.
"Аталмыш нысанда ұялы байланысты тежейтін қондырғы орнатылған. Сондықтан үкім оқу кезінде онлайн қосылуға техникалық мүмкіндік болмады", – деп жазады соттың баспасөз қызметі.