ЕСКІ ЗАҢДАР ЕТЕКТЕН ТАРТУДА
2021 ж. 22 шілде
1918
5
КӨКҚАЙНАРҒА 4-інші МЕКТЕП салынуда, ал 30 мың ХАЛЫҚ ТҰРАТЫН “БАТЫР” ауылында 1 МЕКТЕП ТЕ ЖОҚ!?.
Кеше Шелек ауылынан шыққасын жолай Талғар ауданы Нұра ауылына соқтық. Ауыл әкімі Сейтқұл Сейтенұлы егістік басында жүрген жерінен кеңсесіне жетіп, ентігін баса алмай отыр екен. Бізді көре салысымен бірден зарын айта жөнелді.
-Пандемия кезінде елді жинауға рұқсат етпейді. Сол елдің айтатын проблемасын ең алдымен мен өзім айтып берейін. Біздің ең басты мәселеміз - ауылда қуаты зор 4 трансформатор бар. Соның артық шығынының өзі миллиондардан асып кетіп, ол халықтың мойынына түсіп отыр. Сол трансформаторларды мемлекет балансына аударып берулеріңізді сұраймыз,-деді.
Содан соң келген жеріміз Ащыбұлақ ауыл округіне қарайтын “Батыр” кооперативі. Кооператив төрағасы Исламбек Ағаділ бауырымыз бастаған жұрт ауыл мешітінің асханасында қарсы алды. Қасиетті Құрбан айт мейрамы болғасын елмен дастархан басында сұқбаттасып, құран оқыдық. Ауыл ағасы Нұрлан мырзамен бірге мешітке кіріп екінді намазын оқыдық.
Көкқайнар ауылына қарайтын
“Батыр” ауылы бастаған “Нұр-Атакент”, “Жер-Ана», “Ақ жол”,
“Жомарт” және тб, барлығы 12 бау-бақша серіктестіктері тұтыну кооперативтерінің халқы 6 мың түтін, яғни, 30 мыңдай халық! Осынша халыққа 1 мектептің зары өтіп тұр. Бұл ауылдардан 1980 бала осы жерден 4 шақырым жердегі Көкқайнарға #44 жаңа мектепке барады. Тағы жүздеген бала #44 мектепке жапсарлас салынған #20 мектепке барады. Тағы жүздеген бала осы екі мектептен 100 қадамдай ғана жердегі #19 мектепке барады. Енді осы 3 мектеп орналасқан ауылға тағы да төртінші мектеп салынуда! Кілең қазақтар орналасқан ауылда осылай 3 аралас мектеп салып тастаған, енді төртінші мектеп салынуда. Ал 12 кооператив жиналған Батыр ауылына бір мектеп те жоқ. Елдің бәрі басқа жұмысын қойып, мектепке бала тасумен айналысады. Ауылда жол жоқ, көктем, күзде, қыста тіпті қиын!
Ащыбұлақ ауыл округының жаңадан келген жас әкімі Жасұлан Оңалбайдың айтуынша, бұл кооперативтерге ауыл статусын беруге бау-бақша тұтыну кооперативтері туралы заң кедергі жасайды. Сондықтан сол заңға өзгепістер енгізу керек.
Иә, біздің ескі де, жаңа да заңдарымыз тек кедергі келтіруімен адым тұсайды. Мысалы бұл ауылға мектеп салуы үшін, 12 кооперативке ауыл статусы берілуі керек. Ал ол үшін аталмыш ескі заңға есі түзу өзгерістер енгізілуі тиіс.
Немесе, бұл бау-бақша серіктестерін ауданның Басжоспарына қосу арқылы ауыл статусын беру керек!
“Бүгінде Алматы облысының өзінде осындай 600-ден астам бау-бақша серіктестепі бар екен. Бір Іле ауданының өзінде осындай 184 серіктестік бар. Сондықтан біз бұл күрделі мәселелерді “Ақ жол” партиясы фракциясында талқылап, үкіметтің алдына қоямыз”- деп, елдің қайнаған көңілін демдеп қайттық.
Ауылдың айтатын тағы бір басты зары 3,5 шақырымдық күре жол салу.
Елдің айтатын зары көп. Шешілуі тиіс мәселелер жиналып қалған. Олардың біразы заңнамалық жолға келіп тіреледі.
Елмен кездесулерде Алматы облысы “Ақ жол” партиясы Алматы облыстық филиалы төрайымы Мейраш Шынәсіл мен Іле аудандық мәслихаты депутаты, белгілі тележурналист Дүрия Данияр бірге жүрді.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.
Алматы облысы