Нұр-Сұлтанда айт намазы оқылмайды және құрбандық шалатын орындар жабылады
2021 ж. 16 шілде
1680
0
20 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласының мешіттерінде дәстүрлі айт намазы өткізілмейді. Бұл туралы елорданың дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Барша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. 2021 жылы Құрбан Айт діни мерекесі 20-22 шілде аралығында өтеді. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты 20 шілде күні барлық мешітте дәстүрлі айт намазы өткізілмейді», - деді Н. Әлмұқанов Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалу былтырғыдай онлайн форматта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының qurban2021.kzсайты арқылы жүргізіледі.
«Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау және адамдардың көп мөлшерде жиналмауын қамтамасыз ету мақсатында жылда құрбандық шалу рәсімдері өтетін базарлар мен шаруа қожалықтарының жұмысы Құрбан айт мерекесі кезінде тоқтатылады. Өзімізді және жақындарымызды қауіп-қатерден қорғайық», - дейді басқарма басшысы.