Халықтың 80%-ы қазақ тілінде ақпарат алғысы келеді – Балаева
2021 ж. 15 шілде
2840
3
Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында министр Аида Балаева мемлекеттік органдарды қазақ тіліндегі ақпараттарға баса мән беруге шақырды, деп хабарлайды baq.kz.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес, барлық мемлекеттік органдарда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша анықталған уәкілетті тұлғалар осы мәселелерді бақылауда ұстауы тиіс. Демек, олардың тарапынан тиісті түрде мониторинг, үйлестіру және бақылау жүзеге асырылмайды. Бүгін мемлекеттік органдар басшыларының назарын осыған аударамын, - деді Балаева.
Ол, сонымен қатар, қазақ тіліндегі ақпараттардың санын көбейтуді тапсырды.
Қазақ тіліндегі ақпараттарға үлкен назар аударғым келеді. Халқымыздың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды. Бірақ әлі күнге дейін парақшаларымыздағы қазақ тіліндегі ақпараттарды дұрыстай алмай отырмыз. Осыны ескеріңіздер, - деді министр.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға және мемлекеттік органдарға «Ашық үкімет» порталдарымен, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасымен және т.б. жұмыс сапасын күшейту бөлігінде бірқатар ұсыным әзірледі.