«Қайырымды істер марафоны» жалғасуда
2021 ж. 13 шілде
1780
0
«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып келеді. Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткізілуде. Жыл басынан бері марафонға 2,5 млн.-нан астам адам қатысып, 167 мың адамға нақты көмек көрсетілді.
Алматы облысының волонтерлері тазалыққа арналған экоакция аясында Қапшағай тасжолын вандалдық жазбалар мен қоқыстан тазартып, игі істің атқарылуына мұрындық болды. «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының қатысушылары осынау шараны Kazakh Tourism ұлттық компаниясының, Қапшағай қаласы ішкі саясат бөлімі, Алматы облысының туризм басқармасы мен ҚР АҚДМ қолдауымен «Jana Dunie» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізді.
Көпшілікке берері мол шараның қатысушысы, «Jana Dunie» қоғамдық қорының өкілі Бағдат Ақбиеваның айтуынша, өте күрделі локация болған. Күннің ыстығына қарамастан, айналадағы қоқысты мұнтаздай қылып тазарту, жартастардағы жазбаларды өшіру оңайға соқпапты. Өз замандастарын тазалық сақтауға шақырған Бағдат табиғатымызы аялау әрбіріміздің азаматтық борышымыз екенін айтты.
Акция барысында Волонтерлер, белсенділер мен Yolohouse-тан келген қазақстандық тик-токерлердің қатысуымен тазалық жұмыстарымен қатар, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған арт-перфоманс ұйымдастырылды.
Арт-перфоманс кезінде қатысушылар «Табиғат та жауап бере алады» ұранымен ұйымдастырушылар қолдары мен беттеріне кейбір туристердің табиғи орындарға жазып кететін жазуларды жазып алды. Осы арқылы олар қай берде болсын тазалық пен тәртіп сақтаудың маңызды екендігін түсіндірді.
Волонтерлердің айтуынша, перфоманс негізіндегі шараның халыққа тигізер пайдасы орасан зор. Арттарынан ойсыз жазбаларды қалдыру арқылы әркім өзінің деңгейін көрсетері анық. Осындай шаралардың арқасында санаулы адам болса да жаман әдеттен арыла алса, онда еңбектің ақталғаны дейді олар.
«Біз бұл акцияның аясын кеңейтіп, 24 шілдеде өтетін жазғы Қайырымдылық күніне орай, елдің әр аймағында ұйымдастыруды жөн көріп отырмыз. Сонымен қатар, бұл жолы да Jana Dunie қоғамдық қорымен бірігіп, біз «Өз елімде із қалдырмай Sayahattime» атауымен әрбір аймақта жартастар мен су қоймаларын тазарту акцияларын өткізуді қолға аламыз. Экология – бүгінгі таңда әлемдегі ең күрделі проблемалардың бірі. Біз қазақстандықтардың бәрін де Қайырымдылық күніне атсалысып, қоршаған ортаға қамқор болуға шақырамыз», – дейді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Лима Диас.
Алдағы уақытта да осындай игі істердің басы-қасынан табылатын жастарымыздың қатары көбейе берсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Qazaquni.kz