Президент игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беруді тапсырды
2021 ж. 10 шілде
2104
1
Игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жайылым мәселесіне тоқталайын. Жалпы, бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Негізгі себеп - әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Қазір мал жаю үшін 29 млн гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 млн гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы», - деді ҚР Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бұл әсіресе Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отыр.
«Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек. Осыған баса мән берген жөн. Үкімет ғарыштан мониторинг жүргізу тәсілін жетілдіріп, оның ауқымын кеңейтуі керек. Осы маңызды жұмысты Президенттің тапсырмасымен ғана емес, тұрақты түрде атқару керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.