Балабақша жасынан бастап тәрбиені тек ана тілінде сіңіру керек - Ұлықбек Есдаулет
2021 ж. 22 маусым
2086
0
3 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени комитеті «Ұлттың жаңа бейнесін қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» атты алқалы басқосу өткізді. Мәдениет, Білім және Ақпарат вице-министрлері, облыстық әкімдіктер, шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері қатысқан жиын Парламент тарихында тек қана мемлекеттік тілде өтті. Бұл комитеттің тақырыптық жұмыс жоспарына сай өткен дөңгелек үстел Парламент қабырғасында алғаш рет елдің бүкіл шығармашылық одақтары мен қоғамдық ұйымдары басшыларын жиналып, Ұлттық болмысымызды сақтауды, яғни Ұлттық мүддемізді қорғауға арналған келелі кеңес, дүбірлі жиын болуымен де ерекшеленеді.
Жиын аясында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулет баяндама жасап, ұлттың жаңа болмысын қалыптсстыру мәселесін көтерді.
***
Біз тәуелсіздік алғалы 30 жыл бойы ескі мен жаңаның шарпысуында ғұмыр сүріп, тұрмыс кешіп келеміз. Көзіміз жеткен анық мәселе: жаңа заманға, жаңа буынға жаңа қағидалар керек. Ал оны кім жасап береді? Біздің идеологтарымыз асықпайды, философтарымыз әлі толғатып жүр. Ақындарымыз жедел толғап, жазушыларымыз бүгінгінің көркем шындығын жанының домнасында қорытып жазып жатыр. Бірақ, бүгінгі біз бастан кешіп отырған 4-индустриялық революция дәуірінде, интерактивті заманда оқырманнан жаппай көрерменге айналып бара жатқан жас буынға олардың еңбектерін қалай оқытамыз?
Еліміздің экономикасының нарыққа көшуі және соған орай сол тұста көркем әдебиетке мемлекеттік қамқорлық-демеудің әлсіреуі қоғамда рухани дағдарысқа және қаламгерлер мәртебесінің өзгеруіне, ақыры қоғамның интеллектуалдық деңгейінің төмендеуіне әкеп соқтырды. Сондықтан да, «Қоғамдағы коррупцият.б. келеңсіз құбылыстар неден, қайдан туындап, неліктен өрістейді?» деген сұраққа мен «Әдебиетке жете көңіл бөлінбеуден!» деп жауап берер едім.
Бізде сонау жылдардан әдебиетті қолдаудың қажеті жоқ, өзі жазылып, өзі өмір сүреді» деген қате түсінік қалыптасып келген еді. Бұдан қоғам қатты ұтылды. Құдайға шүкір, қазір сол тоң еріп, сең бұзылды. Мәдениеттің маңызды бір саласы, бағыты ретінде Қазақ әдебиетінің рөлі артып келеді. Тек әдебиетті қолдауға қатысты арнайы заңнаманың жоқтығы қолбайлау болыптұр. Рас, соңғы жылдары кітап шығару ісі жанданып, мемлекеттік сатып алу бағдарламасы арқылы әжептәуір қаламақы төлене бастады. Бірақ кітап таралымы әлі мардымсыз болғандықтан, ауылдық, аудандық кітапханаларға жетпейді, кітап саудасы мемлекеттік деңгейде жолға қойылмаған. Кітап басылымының тендерлік конкурстарын маманданған белгілі баспалар емес, ең арзан, төменгі баға ұсынған кездейсоқ кәсіпорындар жеңіп алып, полиграфиялық жағынан сауатсыз, сапасы төмен кітаптар шығарылуы тоқталмай тұр. Және кітап дүкендері қазақ кітабын алмайды. Бұл кітап басу және сату ісіндегі үлкен олқылық. Осы мәселелерді заңмен реттеу керек.
Ал Сіз бен бізге ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлттың сапасын арттыру міндеті жүктеліп отыр.
Ұлттық болмыс ғасырлар бойы қалыптасатынын ескерсек, оны бірден жаңғыртып-өзгерте қою – аса қиын іс, өте күрделі процесс екенін ұғынамыз. Бұл мәселеге жеңіл қарай алмайтынымыз да содан.
Ескі санадан жаңа болмыс жасау мүмкіндігі көне топырақтан жаңа өнім алумен тең. Көктеп шыққан бидайды кекілінен тартып өсіруге болмайтыны сияқты, мұндайда нағыз диқанның ыждаһат-төзімі мен еңбекқорлығы қажет.
Сонымен, жаңа сапалы ұлт өкілі қандай болуы керек?
Ұлы Абай сақтандырған жаман қылықтар бойымыздан асып, қоғамның дертіне айналған кезде ұлт болмысының жаңа қағидаттарын ұрпақ бойына орнықтыру мәселесін оның алғышарттарын жасаудан бастау керек дер едім.
Әдебиеттің жаны – тіл. Ұлттық болмыстың, ұлттық менталитеттің негізі – ана тілінде. Ендеше жас ұрпаққа балабақша жасынан бастап, тәрбиені ең алдымен ана тілінде сіңіру керек. Одан кейін қанша тіл оқытса да сіңімді болады.
Қазіргі сәбилердің тілі мультфильммен шыға бастады. Ал олар бас алмай көретін ең қызықты бейнекөріністің бәрі өзге тілде. Ендеше бізге өз тілімізде мультфильм арнасын неге ашпасқа? Онда ең алдымен үздік, қызықты, өнегелі мультфильмдер қазақшаланып, келе-келе отандық мультфильмдер өндірісін жолға қойып, дамытар едік. Әйтпесе, біз қорқып жүрген жаһанданудың бізге келгенін, біздің ұрпақтарымыз балабақша жасынан бастап әлдеқашан оның құрбанына айналып жатқанын әлі ескермей жүрміз. Сол жаһанданудың аждаһадай аранына оң-солын танымайтын шиеттей сәбилерді жұтқызып қарап отырғанымызды бүгін де, ертең де Құдай кешірмес!
Сондықтан, Президент бастап, Парламент қостап-қолдап, қолға алып отырған Ұлттың жаңа болмысы мәселесі – біздің ұлттық идеологиямыздың қалыптасуы үшін беріліп отырған мүмкіндік деп санаймын. Ең бастысы, біз өз жастарымыздың өз тілінде сөйлеп, білім алғанын, лайықты қызмет істегенін, Қазақстан азаматы ретінде әлем алдында, озық елдердің алдында өзін терезесі тең сезініп, Алаш баласы болып туғанына марқаятындай дәрежеде болғанын қалаймыз. Соған біздің жазған оқулығымыз, берген біліміміз, жазып-ұсынған әдебиетіміз бен мәдениетіміз, өнеріміз, өнеркәсібіміз, ең бастысы «Тіл туралы» Заңымыз сай болуы керек. Әйтпесе, бүгін бетімен кетіп бара жатқан жас ұрпақ тіл мен ділде, салт-сана, әдет-ғұрып, әдебиет пен тарихта ісі болмай, «аспанға қарап, жұлдызды санап» жүре бергені ұлтқа абырой әпермейді. Жаңа сапалы ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – ол Қазақстанның кемел болашағына жол ашу деген сөз.
Менің соңғы жылдар тәжірибесінен байқағаным, мемлекетіміз, оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігі біздің Жазушылар одағының жұмысына көмектескісі-ақ келеді, бірақ біз қоғамдық ұйым болғандықтан тікелей қаржы бөліп беруге заңдық тетіктері жоқ.
Сондықтан, Қазақстан Жазушылар одағының атынан мынадай ұсыныстар айтамын: 1.«Мәдениет туралы» Заңға әдебиетті қолдауға қатысты қосымша бап енгізілсе; 2. «Баспа ісі және кітап нарығы туралы» арнайы Заң қабылданса; 3. «Қазақ әдебиетін дамыту жөнінде Мемлекеттік концепция» қабылдануы керек. 4. Қазақ тілінде мультфильм арнасын ашу; 5. Бүгінгі күн тәртібіне байланысты ұсыныс - «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жөнінде Концепция» мен Мемлекеттік бағдарлама қабылданса;
Құрметті депутаттар! Парламент қабырғасындағы бүгінгі дөңгелек үстелді ұйымдастырушыларға ризашылық білдіремін. Замандардың сыны мен сүзгісінен өткен адами қасиеттерді жаңа заманның табанына салып қоймай, талабына айналдыра білсек, ұлт сапасын жаңғырту мүмкіндігінен айырылмауға болады.
Ұлықбек Есдаулет,
Қазақ үні