ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА ҚАРАУҒА БЕТ ЖОҚ
2021 ж. 18 маусым
2242
4
Тұрмысымыздағы тұрақты түрде орын алған қымбатшылықтың құлағын шулатып келе жатқанымызға кем дегенде ширек ғасыр уақыт болды. Таскереңнің құлағы темірден жаралса да тесілетіндей күйге жеткіздік. Халықты қиындық құрсауына қамап, тұрмысын төмендетіп, қинап жатса да сол қымбатшылықтың өзіне қарауға бет қалмады. Доллар көтерілсе де, азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар бағасы өссе де қымбатшылықтан көріп, бәріне сол ғана кінәлідей қарғап-сілеп те жататынымыз бар. Ал сол қымбатшылықты біреу көктен тастап, немесе оны біздің елімізге күштеп теліп қойып па?..
Шынын айтсақ қымбатшылық туралы жазудан, телеарналардан қайта-қайта көрсетуден журналистер шаршады, оқырмандардың да оны енді оқуға да көруге де құлқы жоқ. Осыған жауапты біздің ондаған министрліктен тұратын үкілеген үкіметте отырған лауазымдылардың не ойлағаны барын кім білсін, ал біздің қымбатшылыққа қарайтындай бетіміз қалмады. Басқа басылымдар мен телеарналарды айтпаған күннің өзінде бір ғана «Қазақ үні» газетінде қымбатшылыққа қатысты жарық көрген материалдарды жинақтаса кемінде екі томдық кітап болар еді. Әрине сан немесе сән үшін емес, мыңдаған оқырмандардың, тұрмыс тауқыметін тартқан миллиондаған тұрғындарымыздың талабына орай жарияланды соның бәрі. Өйткені қандай басылым болса да ол бірінші кезекте халықтың үні мен мүддесін білдіруге міндетті. Сол материалдардың ішінде қымбатшылықтың көрсеткен қысымы ғана емес, бүгінгі баға саясатының кейбір себептері мен қиындықтан шығудың түрлі жолдары да айтылды. Бірақ одан не пайда? Оны ескеріп, қымбатшылық құрсауынан бұқараны босатқан билікті көрмедік. Жұрттың жанайқайы шыға бастағанда ғана шала-шарпы шараларды белгілеп, қимылдағандай кейіп көрсеткенмен нақты нәтиже жоқ. Жарты жыл өтпей жатып, әсіресе инфляцияға орай мемлекеттік қызметкерлер мен зейнеткерлердің зейнетақысы өседі деген сыбыс шығысымен баға атаулы қайтадан көтеріле бастайды. Бір басын алып тастасаң, екіншісі өсіп шыға келетін жеті басты айдаһар сияқты.
Енді міне сол айтқанымыздай тағы да елімізде азық-түліктің барлық түрінің, өзге тауарлардың да бірден қымбаттауы жұрттың жанайқайын қайта тудырып отыр. Ел арасында айтылып, әлеуметтік желіде жазылып, қымбатшылыққа шыдамай митингіге шыққан тұрғындарымыздың білдіріп жатқан наразылығын түгендемей-ақ, елге танымал тұлғалардың пікірлерінен бір-екі мысал келтірейік. «Қымбатшылық халықты әбден басып кетті. Адамдар тамақты сатып алу үшін кредит алып жатыр» деп жазды желіде белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан. Оның сөзінше, ауылдағы дүкендер халыққа азық-түлікті қарызға беріп жатыр. Ал халық кедейшілікке батып қалды. «Ешқандай экономикалық реформа жүріп жатқан жоқ. Экономика министрін ешкім көрген де жоқ, естіген де жоқ. Экономика министрі бізде бар ма өзі? Реформа кеңесі де жұмыс атқарып жатқан жоқ. Уақыт өтіп барады, ал экономикалық реформа басталған да жоқ. Баяғы жартас сол жартас. Экономикамен 20 жыл бойы айналысқан ескі кадрларын қуып шығып жаңа кадрларын жұмысқа тарту керек. Мені шақырса нағыз
экономикалық реформаны жүзеге асыру үшін барар ем. Бірақ қайдам, мен барсам нағыз экономикалық реформа басталады ғой, ал оған олигархтар қарсы» дейді Мұхтар Тайжан.
31-каналдың тележурналисі Айбар Төлжанұлымен елорда базарларын аралаған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Мұндай бағамен халық қалай күнелтеді?-деп түңіліп қайтыпты. «Күнбағыс майы әрбір жанұяда ең көп қолданылатын тағам түрі.Бүгінде бұл тауардың бағасы 870 тен 920 тенгеге дейін көтерілген. Сатушылардың айтуынша, оның бағасы соңғы жылы 20-пайызға өскен. Дәл солай қант, тұз, қарақұмық, күрішке дейін бағаның күрт өсуі байқалады. Мұндай бағамен «халық қалай күнелтеді» деген сұрақ туады. Министрлер, әкімдер неге осылай жүрмейді, бұл қиын емес қой. Бағаны қолмен сезіну, көзбен көру өте маңызды!»-деп жазды фейсбук парақшасына депутат. «Рас, көптеген тауарлар бізге көрші Ресеймен, Беларуссиядан келеді. Олай болса, өзіміздің отандық өндірушілерді қолдауымыз қажет. Оларға преференция жасау арқылы, халық басым тұтынатын тауарлардың бағасын Үкімет қадағалап, бақылап, реттеп отыруы керек. Ең негізгісі, делдалдардың, арадағы алып-сатарлардың тізбегін қысқартып, осы тауарларды сақтайтын қоймалардың жалдау бағасын төмендетіп, стратегиялық запас жасау қажет. Бұл түсінікті нәрсе емес пе? Біз баға мониторингісін жалғастырып, азық-түлік тауарларының бағасының динамикасын зерттей отырып, Үкіметке мәселе қоятын боламыз!» -деп мәлімдеді Ерлан Саиров.
Бірден айта кетейік, қоғам қайраткерінің де, халық қалаулысының да сөздерінің жаны бар. Алыстағы ауылдықтарға қарағанда ауқаттырақ саналатын қала тұрғындары да азық-түлікті қарызға алады. Мысалы, Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты «Ұлжан» шағын ауданында жүздеген отбасылар жылдар бойы пәтер жалдап тұрады. Тапқан табыстары күнкөрісіне жете бермегендіктен қасындағы дүкендерден қарызға азық-түлік алуға мәжбүр. Сатушының «қара дәптеріндегі» борышкерлер тізіміне көз жүгіртсеңіз шашыңыз түк тұрады. Ұядай ғана шағын дүкендегі қарыз мөлшері миллион теңгеден асып кетеді.
«Мұндай бағамен халық қалай күнелтеді?» деген депутат Ерлан Саиров та дұрыс айтады. Айтуын айтты ғой! Депутат айтты екен деп бұдан былай біздің министрлер мен әкімдер базарлар мен дүкендерді аралап кетеді, халықтың жағдаймен жақынырақ барып танысады дегенге өліп кетсе де ешкім сенбейді. Өткен отыз жылда ондай жақсылық болған емес. Болса да өте сирек, жоғарыдан тықыр таянғанда ғана. Біздің әкімдер мен министрлер Германия канцлері, немістердің мемлекет басшысы Ангела Меркель емес. Меркель сияқты өз аяғымен барып дүкеннен азық-түлікті сатып алмайды. Керек десеңіз, дүкен мен базардың қай жерде екенін де білмейді. Министр мен әкімдер базардың бағасын білу үшін анда-санда болса да халық арасына шығуы қажет. Біздің басшылар кеңсесінен шықса біреу креслосын ұрлап кететіндей отырған орындарын тапжылмайды. Өздері өмір сүріп отырған қоғаммен байланысы үзілген деуге болады. Басшымен кездесу үшін айлап жүріп алдына әзер кіресіз. Жау шауып кететіндей есік алдына қаруланған полициядан күзет тізіп қойған. Қызметтері тым құпия ма, қабылдауға кіргенде қалта телефоныңызды төменге, кіреберіске тастап кетуге
міндеттісіз. Өйтпесеңіз әкімнің табалдырығын аттай алмайсыз. Өйткені суретке түсіріп, сөздерін жазып алуыңыз мүмкін. Бұл неғылған қауіпсіздік? Сонда кімнен қауіптенеді, өз халқынан өздері қорыққаны ма? «Ұрының арты қуыс» деп қазақ атамыз босқа айтпаған секілді.
Үкімет алдына мәселе қоймақшы болған депутат Ерлан Саировты халық қолдайды, оған қоса мынандай тілектерін білдіреді. - «Әйтеуір де бір ерлікке бел буған екенсіз, енді бұл мәселені толықтай шешкенше кейін шегінбеңіз. Алдымен барлық деңгейдегі әкімдерді халық сайласын, сайлау бұрмаланбай әділ өтсін. Екіншіден, олардың жалақысын елдегі орташа жалақымен теңестіру қажет. Сол кезде олар базардағы азық-түліктің бағасын жатқа айтатын болады. Үшіншіден, депутаттық мандатыңызды пайдаланып, өз міндетін атқара алмай отырған қазіргі үкіметті отставкаға кетуін талап етіңіз. Осы үш мәселені көтере алсаңыз нағыз халық қалаулысы болғаныңыз!»
Осының алдында ғана елімізде жанар-жағармай мен электр қуатының қымбаттауына байланысты «Қымбатшылықты қолдан жасап отырмыз» атты мақала жариялаған болатынбыз. Мақалада басты кесел - елдің байлығын заңсыз иеленген шағын топтың, монополистердің халықты қанауды тоқтату керектігі туралы жазылған-ды. Көмір мен мұнайдың үстінде отырып электр қуаты мен бензиннің себепсіз қымбаттауы жақсылыққа апармайтынын, монполистердің бұл тойымсыздығы халық күнделікті тұтынатын өзге де аса қажет тауарлардың бағасын өсіріп жіберетінін айтқанбыз. Аузымызды жауып үлгермей дәп солай болды. Әрине, оны болжау үшін білікті маман, көріпкел болудың қажеті жоқ. Ол өмірлік тәжірибемізде әрбір жылда сан рет қайталанып келе жатқан құбылыс.Үкімет әдеттегідей мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуге жабылғанын, арзан бензинімізді көрші елдерге су тегін әкетіп жатыр деген сияқты жаттанды сылтауларын айтып ақталды. Бұл да жылда айтып келе жатқан ертегілері. Қандай ұзақ ертегі болса да соңы болу керек қой. Жоқ, мына тірлігімізге қарасақ әлі де шексіз жалғасатын түрі бар...
Олай деп айтуға негіз де жоқ емес. Елімізде ең қажет, күнделікті тұтынатын тауарлардың бірден қымбаттауына, оған деген халықтың наразылығын байқағандықтан ба, әлде өткен бес айдың жетістіктерін қорытындылағысы келді ме, жақында ғана ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин меморгандар мен өңір әкімдіктерімен шұғыл түрде селекторлық жиын өткізді. Тағы да сол әдеттегідей өсіп-өркендегенімізді алдымен тілге тиек етіп, жетістіктерін жіпке тізіп шықты. «Қазақстан экономикасы оң өсім көрсетуде. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда биылғы бес ай ішінде өсім 1,6% болды. Экономика дамуының негізгі драйверлері – өңдеу өнеркәсібінде өсім 7,2% пайыз, машина құрастыруда 21,1%, оның ішінде автомобиль жасауда 26,4% және локомотивтер мен вагондар құрастыруда өсім 54,9% болды. Өңдеуші секторда жоғары серпін көрсеткен салалар – химия өнеркәсібінде өсім 9,8%, жеңіл өнеркәсібінде 5,5%, металлургияда 2,7%, фармацевтикада 25,7% және мұнай өңдеуде 3,4%. Құрылыс секторында өсім 11,3% пайыз және тұрғын үйді пайдалануға беруде 12,5% - немесе 4,6 млн шаршы метр жоғары өсім қарқыны қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығындағы өсу қарқыны – орнықты, 3,1% құрап отыр», - деп атап
өтті Премьер-Министр Үкімет отырысында. Бұл көрсеткіштерге күмән келтірмей-ақ қоялық, солай-ақ болсын делік. Халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендеп, тұрмысы нашарлап кеткенін сонда қалай түсіндіруге болады? Өзі айтқандай Қазақстан экономикасы оң өсім көрсетіп жатса қарапайым тұрғындардың тұрмыс деңгейі неге төмендеп кетті? Әлемде қалыптасқан қағида бойынша қуатты мемлекеттің халқы да бақуатты болу керек емес пе еді? Әлде осы айтылған көрсеткіштердің біздің елдің миллиондаған қарапайым тұрғындарына түк те қатысы жоқ па? Олай болса бұл оң көрсеткіштер бүкіл байлықты бөксесіне басып алған олигархтарға арналған есеп қой.
Ақырында Бас уәзір ат басын елдегі мықтап орныққан қымбатшылық қорасына қарай бұрды. «Сонымен қатар, инфляция деңгейінің өсуі байқалуда. Бұл – бірқатар тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының ұлғаюына байланысты. Өңірлер әкімдіктеріне мемлекеттік органдармен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, тамақ өнімдерінің өндірісін ынталандыру және олармен ішкі нарықты молықтыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өңірлер әкімдіктерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсу фактілерінің жолын кесуді дер кезінде қамтамасыз етсін», - деп тапсырма берді ол.
Дұрыс-ақ! Шұғыл шара қолдану қажет. Бұл тапсырма тағы да әдеттегідей науқандық өткінші шара болып қала бермей ме? Бұлай дейтініміз, өткен отыз жылда осындай жүздеген тапсырмалар берілген-ді. Бірақ одан нақты нәтиже болған жоқ, қайта-қайта көтерілген бағаның аяғы жерге тиген емес.
Осы тұста ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, белгілі экономист Аманжан Жамаловтың «Азаттық рухына» берген сұхбатында білдірген пікірін де айта кеткеніміз орынды сияқты. Азық-түліктің бағасының қымбаттауына алаңдаушылық білдірген депутат Үкімет жұмыс істеген кейіп көрсетпей, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында нақты іспен айналысуы керектігін айтыпты. Ол үшін алдымен монополистердің қызметін қатаң бақылауға алу керектігін атаған. Білікті маманның пікіріне қарсы ештеңе айта алмаймыз, өйткені мына нарық атты алаңда монополистерге ешқандай бәсекелес жоқ, сондықтан бағаны қалауынша көтереді. Нәтижесінде халық қымбатшылық қыспағына түседі. Ал ірі-ірі саланы жеке иемденген мықтыларға Үкіметтің шамасы жете қояр ма екен? Шамасы келмейді, өйткені қолдарынан келсе бұғаусыз кеткен бағаны баяғыда ауыздықтар еді. Немесе соған деген ниет мүлдем жоқ оларда.
«Бітіспес жауымыз болса да қайта-қайта шауып алуымыз ұят болды-ау!» - деген екен баяғыда өзінің жеңісіне сенімді, қол бастаған бір батыр жауға атттанып бара жатып. Сол айтқандай қымбатшылық туралы жаза беру де ыңғайсыз екен. Жазбайын десек, жұрттың жанайқайы мен олардың алдындағы журналистік парызымыз міндеттейді. Біздің билік бір оң өзгерістер жасамаса, бұл тақырыпты әлі де талай жылдар жазатын шығармыз, басқа амалымыз жоқ...
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні