Қымбатшылыққа қарсы наразылық Атырауда басталды
2021 ж. 17 маусым
2129
1
Қытыққа тиген қымбатшылық енді жағамызға жармасты. Атырауда азық-түлік бағасының қымбаттауына қарсы шыққан бір топ ана әкімдік алдында шу шығарды. Олар атқамінерлерден күнделікті ішіп-жем мен киім-кешек бағасын ауыздықтауды талап етуде, деп хабарлайды КТК.
"Бүйте берсе аш қаламыз" деп ашынғандар ғимаратқа баса-көктеп кірді. Алайда көпбалалы аналардың базынасын тыңдаған шенеуніктер мандытып жауап бере алған жоқ.
- Өздері екі есе қойып алып, байып отыр. Солай ақшаны көріп отыр.
Айлығы азығынан ауыспайтын атыраулық аналар арзанның ауылынан алыстадық дейді. Қымбатшылықтың қырынан асып, тиынды-тиынға соғып кеткен. Қит етсе карантинді сылтау қылатын әкімдіктіктен де әбден мезі болған.
Кенжегүл Құспанова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Карантиннен көрдік қой. Екі ай жабылғанда өздерінің қолында болды. Жақсы делік, ол кезде үндеген жоқпыз. Бәріміз үйде отырдық. Барымызды жеп, бөлісіп. Халық бөліп берді. Дәрі де тапшы болды. Дәріні неге қоймада тықты? Айналып келгенде олар қоймадан шықты. Ал енді тамақты да қоймада тығып отырған шығар?! Соны білейік деп келдік.
Әкімдік алдына жиі жиналатын аналар мұндай өтінішпен биліктегілерге бас сұғамыз деп ойламадық дейді. Базарға барған сайын қалтасы қағылып, теңгесі тиынға айналған соң амалсыз келген.
Жұмагүл Мұса, Атырау қаласының тұрғыны:
- Халық санын өсіру керек, бала туу керек дейді. Баланы қалай туады, қалай өсіреді? Тапқан табысы іш киіміне де жетпейді! Балалардың киім-кешегіне жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бұт жүрген бір бала, қарап отырсаң.
Жиналғандардың базынасын тыңдаған басшылық былтыр бағаны қалай реттегенін айтып ақталды. Тіпті облыс әкімінің орынбасары мұнайлы астанадағы қымбатшылық ырыққа көнбесе, баға саясатын жоғарыдағылар реттейді деп ысыра салды.
Қайрат Нұрлыбаев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
- Біз оны облыс әкіміне жеткіземіз. Облыстан шешілетін, біздің құзіретімізге жататын болса. Облыстан шешуге тырысамыз. Және бірқатарын шешеміз деп ойлаймыз. Ал егер облыс төңірегінде, облыс әкімдігінен тыс құзіреттілік болса, біз оны жоғарыға жеткіземіз.
Қымбатшылықтың қысып тұрғанын бүгін парламент депуттары да көтерді. Атқарушы биліктің қымбатшылыққа қарсы күресін депутаттар сандыраққа теңейді. Мәжілісмендердің сөзінше, инфляциямен күресу үшін алдымен монополия, картельдермен күресу керек. Өйткені монополияға қарсы агенттік халық көп тұтынатын өнімнің бағасын бірыңғай ету үшін өндірушілер мен делдарларға ерік берген көрінеді.
Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:
- Соңғы 12 айда жұмыртқа 33,7%, күнбағыс майы 48%, қант 26,3%, қарақұмық жармасы 29,4% қымбаттаған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қайда қарап отыр? Министрлер де жағдайды түсіндіруден аса алмайды. Ешқандай өзгеріс көріп тұрған жоқпын. Таяуда агенттік бағаның негізсіз өсуіне жол бермес үшін жаңа тәжірибе енгізіліп жатқанын айтып берді. Шындығында бұл жаңа модадағы кезекті сандыраққас қатты ұқсайды.
Қазір Үкімет көкөніс пен ет бағасын ауыздықтай алмай отыр. Қазаққа керек қойдың бәсі 100 мыңнан асып жығылса, картоптың бір келісі 400 теңгеден түспей тұр. Баға бұлай құбыла берсе, халық қара су мен қара нанды талғажау етеміз бе деп қорқады.