НЕСИЕ: ЖЕТІСІП ЖҮРСІҢДЕР НЕСІНЕ?
2021 ж. 14 маусым
3281
5
Еліміздегі қаржыгерлер тарапынан күні кеше ғана несие алушыларды алаяқтардан қорғау мақсатында жаңа әдіс ұсынылып, халықтың талқысына салып та жіберді. Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясы өкілдерінің айтуынша бұл тәсіл несиені тұтынушыларымызды бүгінгі күні қаптап кеткен түрлі күтпеген алдау-арбаулардан қорғайтын болады. Ол үшін «несиеден бас тартамын» деп жазсаңыздар болды, сіздің атыңыздан ешкімге несие берілмейді. Бір қарағанда сүйінші сұрарлықтай, әспеттеп айтарлықтай жаңалық ашпаса да, тиімді тәсіл. Бірақ, осы несие деген жарықтықтың артында не тұр?..
Басқа-басқа, несиенің не екенін қазақ жақсы біледі. Қарыз қамыты қазақтың мойнын қажамақ түгіл, қан-жоса қылғанын көзіміз көріп жүр. Қазақстандықтар банктер мен қаржы ұйымдарына кем дегенде 26 трлн. теңге қарыз екен. Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,23 млн. Олардың ішінде 1,7 млн. адам мүлде несие алмаған. Олар – 18-22 жас аралығындағы жастар мен 45 жастан асқан егде адамдар. Ал еліміздің қалған 7,5 млн. азаматының банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар. Осы мәлімет нені көрсетеді? Бұл – Қазақстан халқының жартысына жуығы қаржы мекемелеріне қарыздар деген сөз.
Әрине, ешкім жетіскендіктен қарыз қамытын кимейді, тұрмыстық тауқымет соған итермелейді. Ішетін тамағы, киетін киімі, басында баспанасы, істейтін тұрақты жұмысы, өмір сүруге лайықты жалақысы болса қарапайым қазақтың несие алып несі бар? Түнде ұйықыңнан, күндіз күлкіңнен айыратын қарыздың батпандай салмағын кім мойнына артқысы келеді дейсіз? Дегенмен өмір шындығынан жалтара алмайсыз.
Өсіріп те, өшіріп те айқайлайтын байбаламдарға назар аудармай-ақ, ресми деректерге үңіліп көрелікші. Басқасын айтпасақ та, әлемдегі дамыған елдер экономикамыз пандемия кезінде құлдырап кетті деп зар жылап жатқанда біздің Премьер-министріміз Мемлекет басшысының қабылдауында болғанда елімізде карантинге қарамастан өндіріс өркендеді дегені жұрттың есінде. Бүкіл өндіріс пен қызмет саласы жартылай тоқтап тұрса бұл қайдан келген өркендеу? Бұдан кейін ресми деректердің өзіне күмән келтіре бастайсыз.
Биылғы жылғы деректер ашық жарияланбағандықтан өткен жылғы ресми мәліметтерден мысал келтірейік. Өткен жылмен биылғы кезеңде айтарлықтай айырмашылық жоқ екені бәрімізге белгілі, бір жылда экономикамызда таңғаларлық ешқандай оң өзгерістер болған жоқ. Ресми деректерге сүйенсек былтыр елдегі 26 банк берген жалпы несие көлемі 14,3 трлн. теңгеден асқан екен. Бір айдың ішінде қаржы ұйымдары берген несие 1,1 пайызға артып, 9 айда банк секторының несие портфелі 3,5%-ға өсіпті. 14,3 трлн. теңге несиенің 7,3 триллионы заңды тұлғаларға берілген қарыз болса, 7 трлн. теңгесі – жеке тұлғалар алған несие. Халықтың алған несиесі 5,7%-ға артып, олардың айтуынша оң серпінге ие болыпты. Бұл «оң серпін» кімге пайда әкелді? Әрине, бүгінгі жекеменшік банктерге. Нарықтық жағдайда экономиканы дамытатын шағын және орта бизнеске небары 2,2 трлн. теңге көлемінде несие берілген. Бұл қаржы нарығының өткен жылғы 9 айлық көрсеткішіне шолу жасаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған ақпарат. Олардың мәліметі бойынша халық әсіресе баспаналы болу үшін ипотекалық қарыздарын өтеу үшін несие алуда. Дәп осы мәліметті есепке алған күннің өзінде халық қарыз қамытын киіп отырғанын көреміз. Айталық, бизнес саласындағылар пайда табу үшін, өндірісін немесе қызметін кеңейту үшін қарыз алса, қарапайым тұрғындар күнін көру үшін, турасын айтсақ аштан өлмес үшін несие алғанын байқау қиын емес.
Бір қарағанда біздің банктер қазаққа жақсылап жасап, халықты жарылқап жатқандай көрінуі мүмкін. Шын мәнінде олар тек қана өз пайдалары үшін жұмыс істейді. Алдына келген адамдарға қомақты қаржы беріп көмек көрсетіп жатқанмен, ертең сол ақшаны үстемесімен қайтаруға тура келеді. Қазақстанда қаржы ұйымдарынан алған несиесін мүлдем төлей алмай отырған адамдардың саны 1миллион 102 мыңнан асып кеткен. Банктердің сол «жомарттықтары» ақыры өздеріне сор болатынын олар білмеген де сияқты. Өйткені амалсыздан несие алғандардың сол қаржыны үстемесімен қайтаруға тиісті мүмкіндігін олар есепке алмаған. Бұрынғыдай кепілдікке қойылған мүлкін коллекторлардың көмегімен күшпен тартып алатын заман өткен. Сондықтан қаржыгерлерге аз да болса қазіргі жағдаймен есептесу қажет, өздері пайда табу мақсатында тұрғындарды жоғары мөлшерлемемен қалай болса солай қанай беруге болмайды.
Несиені негізінен жиі үлестіретін екінші деңгейлі банктер халыққа берген қарызын қайтара алмай жүргені туралы хабарлар жиі айтылады. Екінші деңгейлі банктер 20,2 трлн. теңге көлемінде несие үлестірген. Ал несие алушылардың оны төлеуге бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Ұлттық банктің дерегінше, өткен жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еліміздегі қаржы институттарының активі 29,5 трлн. теңгеге жетіп, несие портфелі 500 млрд. теңгені құрапты. Бұл – ел азаматтары қарыз қамытын киіп жүр деген сөз. Өтеу мерзімі үш айдан асқан борыш көлемі 8,7% ұлғайып, 120 млрд. теңгеден асыпты. Халыққа берген қарызын қайтарып ала алмай жүрген қаржы институттарының қатарында Capital Bank, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Jysan Bank тағы басқалар бар. Банктер жекеменшік болса да оларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек берген кездеріміз бар. Не үшін?
«Банкирлерді әдеттегідей экономиканың нақты секторын қаржыландырмайды деп жазғырып жатыр. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, күмәнді қарыз сұраушылар көп. Коронавирус төлем қабілетін растай алатын сұранысты төмендетті. Екіншіден, жаңа жоба жоқ. Өйткені дәл қазір жаңа инвестиция ешкімді қызықтырмайды. Үшіншіден, пайыз мөлшері тым жоғары. Биыл осының барлығы банк секторын тығырыққа тірейді, олар шығынға ұшырайды», – деді «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова. Белгілі қаржыгердің сөзінше, банктер құнды қағаздар нарығында белсенді емес. Олар үшін негізгі қаржыландыру көзі – капитал мен депозит қана. Яғни, қарызға беріп үстемесімен қайтару ғана. Ал ел экономикасын дамыту бағытында ешқандай мақсат, іс-қимыл жоқ. Үкімет пен Ұлттық банк инфляция мен базалық мөлшерлемені төмендетуі тиіс. Бұлай болмаса жағдай жақсармайды. Нарықты сапасыз компаниялардан тазарту қажет. Қаражатты қайтарымы бар жобаларға жұмсаған жөн дейді қаржыгер.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың өзі атап өткендей біздің банктердің үстеме ақысы тым жоғары, 13-17 пайыздан кем емес. Ал дамыған шетелдік банктерде бұл көрсеткіш 1-3 пайыз көлемінде. Айырмашылығы жер мен көктей. Елімізде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен банктер жаппай ашыла бастағанда үкімет «банктер көп болса өзара бәсеке болады, соның нәтижесінде үстеме ақы төмендейді» деп түсіндірген болатын. Шынын айтсақ, оның бәрі бос сөз болып шықты. Керісінше үстеме ақыны көтеру бойынша бәсекеге түскен банктер нарық заңына назар да аударған емес. Нарықтың осы бір «әділ бәсеке» деген әдемі, негізгі қағидасы біздің елді жерсінбей-ақ қойды. Бір ғана қаржы саласы емес, экономиканың өзге де тармақтарында тұрақты болуға тиісті ашық бәсекені осы күнге дейін көрген емеспіз. Сондықтан да азық-түлік, өзге де тауарлар мен түрлі қызмет көрсетудегі біздегі бағалар бір көтерілсе өмірі түспейді. Әділ бәсеке болса бағаны білгенінше көтеретін монополистердің жолы жабылуға тиісті. Өкінішке орай, бізде нарық заңы орындалмайды. Оны қаржы саласынан да көріп отырмыз.
Экономикамызда неге әділ, ашық бәсеке жоқ деген сұрақ міне отыз жыл бойы күн тәртібінен түскен емес. Бұл жайында белгілі экономистер мен түрлі саладағы білгір сарапшылар да өз пікірлерін білдіріп келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Өйткені ірі өндірістер, жердің байлығын игеру мен банктер жекелеген мықтылардың қолында. Кез келген ірі өндіріс немесе өзге де бизнестің негізгі иелерін іздесеңіз осы сұраққа жауап табасыз. Рас, олардың көбісі сол мықтылардың туыстары, сенімді таныстарының атына рәсімделген, өздері сырттай бақылап отырады. Олардың бірқатары мемлекеттік қызметте жүргендері де бар. Жіліктің майлы басын ұстағандар қандай да әдіспен, тіпті қылмыстық жолмен болса да мол пайда табудан ешқашан тартынбайды. Сол арқылы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын төмендетіп отырғанын біле тұра одан бас тарпақ емес. Бір сөзбен айтқанда тойымсыз тәбеттерінде шек жоқ. Оларға демократия, нарық, халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілік деген ұғымның қатысы жоқ. Ол туралы ойлаған емес, ойламайды да. Сондықтан ұлттық стратегиялық маңызы бар банк, жер қойнау байлықтары сияқты салаларды жекеменшіктен алып мемлекет қарамағына берген сенімді болар еді.
Несие мен сыртқы қарызымыз туралы, оның халыққа ауыр жүк болып отырғаны жайында сөз бола қалғанда биліктегілердің айтар уәжі дайын. «Дамыған елдердің өзінде халық несиемен күн көріп жатыр. Олардың сыртқы қарызы бізден де көп» деп шыға келеді. Біздегі ең жаман әдет осы. Бірдеңе бола қалса шетелді көрсетіп, соларды алға тартады. Неге екенін жақсы жақтарын емес, кері кеткен тұстарын қабылдауға әуес.
Әрине, несие алушыларды алаяқтардан қорғау орынды. Бірақ осы несиені алдырмау үшін халықтың тұрмыстық жағдайын түзететін жолдарды алдымен қарастырған жөн. Несие алу ешқайда қашпайды. Кейде ойлаймыз, егер Несиеге тіл бітсе: «Қарыз қамытын кигеніңе несіне мәз боласың?!.» - дейтін шығар бізге.
Зейнолла АБАЖАН