ҰЛТТЫҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫ ҰЛТШЫЛДЫҚ НЕГІЗДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ КЕРЕК - Қазыбек Иса
2021 ж. 06 маусым
6718
1
СОНДА ҒАНА ҰЛТТЫҚ МҮДДЕМІЗ ҚОРҒАЛАДЫ
Өткен аптада, 3 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени комитеті «Ұлттың жаңа бейнесін қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» атты алқалы басқосу өткізді. Мәдениет, Білім және Ақпарат вице-министрлері, облыстыық әкімдіктер, шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері қатысқан жиын Парламент тарихында тек қана мемлекеттік тілде өтті. Бұл комитеттің тақырыптық жұмыс жоспарына сай өткен дөңгелек үстел Парламент қабырғасында алғаш рет елдің бүкіл шығармашылық одақтары мен қоғамдық ұйымдары басшыларын жиналып, Ұлттық болмысымызды сақтауды, яғни Ұлттық мүддемізді қорғауға арналған келелі кеңес, дүбірлі жиын болуымен де ерекшеленеді.
Тиісті министрліктер басшылары мен шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері баяндама жасаған жиында қорытынды баяндаманы Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі, ақын Қазыбек Иса жасады. Біз бүгін осы баяндаманы жариялап отырмыз. Дөңгелек үстелде жаалған барлық баяндамалар “Қазақ үні” газеті мен ұлттық порталында жарияланатын болады.
***
ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени комитетінің «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы шығармашыл одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» дөңгелек үстеліндегі баяндамасы
Бүгінгі өтіп жатқан Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени комитеті дөңгелек үстелінің тақырыбы айтып тұрғандай, «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы шығармашыл одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлін”арттыру қазір өте маңызды. Өйткені, бұл Парламент қабырғасында Ұлттық болмыс жайлы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар қатысып отырған, үш министрлік барлық облыс, Нұр-Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкім орынбасарлары, басқарма басшылары қатысып, талқылаған үлкен жиын, келелі кеңес.
Ұлттық болмыс дегеніміздің өзі - Ұлттың жаны! Осыдан 4 жыл бұрын Елбасымыздың “Болашаққа бағдар - Рухани жаңғыру” мақаласы жарық көргенде мен бұл бағдарламаны “Қазақ үні” газетінде “Ұлтыңды сүюге рұқсат берілген құжат” деп жазып едім.
Осы бағдарламада айтылатын Ұлттық код – Ұлттық болмысымыз.
Рухани жаңғырудың негізі - Ұлттық жаңа болмысты қалыптастыру.
Ұлттық болмысты қалыптастыратын ең алдымен ұлттың руханияты мен мәдениеті. Әдебиеті мен өнері! Білім-ғылымы! Яғни қазақ зиялылары.
Ал ҚР Президенті Қ. Тоқаев халыққа жолдауында «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру» екеніне баса назар аударды.
Қазіргі біздің мәдениетіміз қандай күйде екенін жаңа шығармашылық одақтар төрағаларының баяндамаларынан біліп отырмыз. Өзіміз де бұрыннан көріп, біліп келе жатырмыз. Үкіметтегі министрліктер басшыларының да есебін тыңдадық.
Қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор! Ұлыбританияның әйгілі Премьер-министрі Черчилльге екінші
дүниежүзілік соғыс кезінде Қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол "Мәдениеттің шығындары қайда?" деп сұрайды. Қаржы министрі "Соғыс болып жатыр ғой, мәдениетті ойлауға шама жоқ" депті. Сонда Черчилль: "Ал біз онда не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениетті сақтап қала алмасақ?" деп жауап берген.
Сондықтан да ең бастысы, Ұлттық болмысымыз Ұлттық мүддемізді қорғауға лайық болуы үшін мәдениетіміздің мәйекті болуына басты назар аударуға тиістіміз.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр Парламентте Мәдениет туралы заңға өзгерістер енгізілгенде қабылданған Шығармашылық одақтарды қолдау қорын құру енгізілген еді. Бұл қордың әлі іске аспай жатқанына бүгін көз жеткізудеміз. Шығармашылық одақтар шырылдауда, қаржы жоқ деп, ал Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге де игерілмей отыр. Себебі, шығармашылық одақтардың тиісті құжаттарды дұрыс толтырмауынан дейді министрлік. Өздері жарымай отырған шығармашылық одақтар қарапайым мемлекеттік тапсырыс алу үшін құжат толтыру жұмысын жөндей алмаса, осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып отыра береді. Мұны қазақ «Кедейдің аузы сүтке тигенде, мұрны қанайды» дейді...
Мұндай жағдайда, шығыармашылық одақтар өз мүшелеріне қалай қолдау жасай алады? Қазір біздің білуімізше, әркім өз шамасына қарай еңбек етуде. Өткенде ғана 10 сәуірде біз әріптесіміз Дархан Мыңбай екеуміз Түркістанға барып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейсенхан Маханбеттің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрмесінің тұсауын кесіп келдік. Ол қазір екі-үш облыс орталығына барып, көрме өткізді, елді түгел араламақшы. Әрине, ол бәрін өз күшімен ұйымдастарып жүр.
Негізінен Шығармашылық одақтардың қиын жағдайы оларды қаржыландыру тетіктерінің заңнамалық тұрғыда тиімді жолға қойылмағандығынан болып отырғаны бұрыннан белгілі жәйт.
Иә, бұл жолда олардың да, тиісті министрліктердің де мұңын түсінуге болады. Өйткені, біздің заңымыз бойынша ұлттық болмысқа рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелеуге зор үлесі бар Жазушылар одағы, Композиторлар, Суретшілер, театр-кино одақтары, яғни ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен ...ит үйретушілер секілді барлығы 22 мың ұйымның бәріне бірдей деңгейде қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді. Ендеше, біз парламентте не үшін жиналып отырмыз шығармашылық, қоғамдық ұйымдарды, соларға
жауапты министрлік пен әкімдіктерді шақырып? Бар кінә заңға келіп тіреліп тұрса, шешуге заңға тиісті өзгерістер енгізуге атсалысайық. Бұл үшін, әрине, Үкіметтің өзі, тиісті министрліктер жіті қимылдап, істі тездетуі керек!
Сондықтан, Мәдениет министрлігі баяндап отырғандай, шығармашылық одақтарға мемлекеттің стратегиялық серіктестігі ұғымын енгізу кезек күттірмес мәселе деп білеміз.
Ұлттық болмысымызды қалыптастыруда маңызы зор шығармашылық және қоғамдық ұйымдардың рөлін арттыру үшін мемлекетпен тығыз жұмыс істейтін, сенімді серіктестігіне айналған шығармашылық одақтардың есебін жылына бір рет ел алдында тыңдап отыру керек.
Барлығы 3 мыңдай қоғамдық ұйымдар бар екен, солардың ішінен нақтылап, сенімді серіктес болатындай ресурсы бар ұйымдарға жол ашу керек.
Шығармашылық және қоғамдық ұйымдардың тұрақты қаржыландыру тетігін қалыптастыру үшін қазір өңірлерде жақсы жолға қойылған Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктер секілді құрылымдардың нұсқаларын мәдени секторда да байқап көріп, жаңа өріс ашуымыз керек.
Суретшілер одағы төрағасы Өмірбек Жұбаниязов «Бұл мәселе Президенттің немесе Премьер-министрдің деңгейінде бірде-бір рет талқыланған емес. Бұл осыған көмектесе алады деген соңғы инстанция болар, бәлкім»-деп қауіптенгендей, бұл жиын соңғы инстанция болып қалмауы керек.
Ұлттық болмысымызды қалыптастыруда ұлы жазушы Мұқтар Әуезовтың “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” дегеніндей, ең алдымен Ұлттық тәрбиенің рөлі зор! Ал ұлт мүддесін қорғайтын ұрпақтың тәрбиесі, сәбидің ана сүтінен қуат алатынындай, ана тілінен нәр алады.
Сондықтан да осыдан бір ғасыр бұрын Мұстафа Шоқай: “Өз тілінде білім ала алмағандар өзге елге қызмет етеді” деп айтқан болатын.
Иә, “Мәдениетің мен тіліңді сақтай алмасаң, шекараңды ашып тастай сал, енді неңді қорғайсың?”-деп белгілі данышпан айтқандай, ең басты қорғанымыз - Мәдениет пен тіл.
Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін өз болмысымызды ең алдымен жат болмыстан қорғай білуіміз керек! Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат болмыстан қорғануда Ақпараттық-рухани қауіпсіздіктің рөлі зор!
Ал біздің телеарналардағы қаптаған өзге елдің телесериалдарының елге әсері үкіметтің бұйрықтары мен парламенттің заңдарынан да ықпалды болып кететінін ұмытпайық. Кейде теріс тәрбиеге ұлттық ұғымнан жұрдай өзіміздің түрлі фильмдеріміздің де кері әсері аз емес.
Телеарнасына тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілерді шығаратын елдің жалпы идеологиясы бүтін бе депойлауға тура келеді кейде... Ұлттың қыруар қаржысына түсірілген ұлттық ұғымға қарсы фильмдердің орнына жаңа бәріміз риза болған режиссер Жансая Көпбаеваның «Болмыс» атты ұлттық болмысқа үндейтін бейнероликтерін неге шығармасқа? Немесе, белгілі өнер қайраткері Асқар Наймантай айтқан, ашылып алып, қаржы таппай қиналып жатқан халық театрларын неге қолдамасқа?
Қазір ұлттық болмысымыз қиын жағдайларға тап болуда. Әйел құқын қорғаудың атын жамылып, ұлтымыздың ұғымына жау пиғылдағы түрлі түсініксіз ұйымдардың Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тәуелсіздік бесігі - Алматыда шеруге шығып, Шымкенттегі шуға айналған қақтығысқа, Қызылордадағы қарекеттеріне қарасаңыз, біздің ұлттық тәрбиемізге, яғни қазір талқылап отырған ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫМЫЗҒА өте қауіпті шабуылдар қатері төніп тұр.
Бұндай ұлттық болмысқа төнер қауіп туралы бұдан бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ескерткен еді: «Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ,» деген болатын.
Сондықтан да, ең бастысы Ұлттық мүддені қорғайтын болмыс қалыптастыру үшін алдымен ұлттық идеологияны қолға алуға тиістіміз.
Ұлттық идеология басты ұранымыз болуы үшін Тәуелсіз ел болғанымызға 30 болса да, әлі кібіртіктеп келе жатқан отарсыздануға жол ашуымыз керек. Отарсыздану жүрмесе, тарихың да таза емес. Өйткені, үнді кемеңгері Неру айтқандай: «Отар елдің тарихын отаршылдар жазған.»
Яғни, ұлттың жаңа болмысы Ұлтшылдық негізде қалыптасуы керек.
Мемлекет басшысы атап айтып, санап көрсеткен ұлттың жаңа болмысына қажетті қасиеттердің бәрінің негізі Ұлтшылдыққа келіп тіреледі. Өйткені, кеше кеңес империясы кезінде 70 жыл ұлтшылдықпен күресу қазір Тәуелсіздіктің 30 жылында да тоқтаған жоқ. Көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафиннің “Бұрын біз ұлтшылдықпен күрестік, енді ұлтсыздықпен күресейік”-деген әйгілі сөзі қазір өте өзекті болып тұр.
Ұлтшылдық деген ұғымнан біздің билік әдеттегідей шошып кетпеу үшін түсіндіре кетейік. Ұлтшылдық дегеніміз - Мемлекетшілдік, елшілдік, патриоттық!
1922 жылы ұлт ұстазы, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа толғанда сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин оның бар қасиетін айтып келіп, “Ең бастысы - Ұлтшыл”-деп мақтаған.
1922 жылы, Ресейдің автонмиясы кезіміздің өзінде қызыл сұңқар атанған Сәкен Сейфуллиннің өзі ұлтшылдықты дәріптеп тұрса, қазір неге Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да, әлі ұлтшылдықтан қашып жүрміз.
Ресейде мемлекеттік тілді қорғағандар «патриоттық» деп бағаланыпп, мақталады. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді қорғағандар – нашар мағынасындағы «ұлтшылдық» деп айыпталып, датталады!
Бұл бізде әлі ұлттық идеологияның жоқтығын білдіреді.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы, қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет қазір жасаған баяндамасында атап айтқандай, балабақшаның бәрі мемлекеттік тілде болып, Мемлекетттік тіл туралы заң қабылдануы тиіс.
Жаңа жасаған баяндамасында жас ғалым, алаштанушы Елдос Тоқтарбай біраз мәселені көтеріп, Алматыдағы 1894 жылы бұл үй патшалық билік тарапынан қазақ оқығаны Барлыбек Сырттанұлына сыйға берілген, ол 14 жыл тұрған үйдің (Ж.Бәрібаев көшесі №5 үй) 200 жылдық тарихын қозғап, бұзылып кету қаупі төніп тұғанын айтып, араша түсті. Ұлттық идеологиясы дұрыс ел Алаш арысы Барлыбек Сырттанұлына сырт қарамайды.
Осыдан оншақты жыл бұрын ақиық ақынымыз Қасым Аманжоловтың Алматыдағы үйі бұзылып кетті. Бұл ақынның «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды» деген әйгілі жырға арқау болған, аңызға айналған баспанасы еді... бұл оқиға туралы сол кезде белгілі ақын Жүрсін Ерман жүрек ауыртар жыр жазды әҚасымның үйі бұзылып жатыр» деп...
Балтық бойы елдерінің бірінде көлде ескі қайықтар сақтаулы тұрады екен. «Бұл пайдаланбайтын ескі қайықтар неге тұр?»-дегендерге, «бұл қайықтар адамдарға қызмет етті, сондықтан олаар құрметке лайық» деп жауап береді екен. Не деген елдік болмыс, ұлттық ұғым?! Олар адамға
қызмет етткен қайықтарды құрметтейді, ал біз Алашқа, ұлтқа қызмет еткен арыстардың үйін құлатамыз!..
Бірлігі дұрыс болса, тірлігі ырыс болар елдің Ұлттық ұраны:
“Бір ел. Бір мүдде. Бір тіл” болуы керек. Бір тіл болмаған елде бір тілек те болмайды! Бір тілек болмаса, бірлік қайдан болады?! Ал бірлік болмаса-тірлік болмайтыны бәрімізге белгілі!
Ұлттық болмысты қалыптастырудың негізгі тірегі, Ұлт мүддесінің ең басты негізі – Ұлттың Тілі екені айқын!
Біздің билікке де, біздің бәрімізге де, барлығы тілге келіп тірелетінін мойындайтын уақыт болды.
Ендеше, біз сөзіміздің соңын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың “Тілді қорғау - ұлттық қауіпсіздікті қорғаумен бірдей» деген сөзімен түйіндейміз.
Қазыбек Иса,
ҚР Парламенті мәжілісі депутаты
Қазақ үні