“Тоқалымды бәйбішем тауып берді”: Шымкенттік азамат елуге келгенде не үшін үйленгенін айтты
2021 ж. 26 мамыр
24615
13
Елімізге белгілі кәсіпкер азамат, Шымкенттегі «Жебе» кинокомпаниясының президенті Керімбек Ниязбай екінші әйел алуы туралы айтты. Керімбек мұндай қадамға неліктен барғанын және екі әйелінің бір жанұяда қалай тұрып жатқанын айтып, Замана газетіне сұхбат берді.
- Негізі менің екінші әйел алуым қажеттіліктен туған жағдай. Бәйбішем Дина өмірге бір қыз әкелгеннен кейін бала көтермей қалған еді. Дәрігерлерге көп қаралды, болмады. Мен өзім Қостанай жақтың тумасымын ғой, Шымкентке апамызбен көшіп келіп, қарындастарымды қолға алып бірге тұрғанбыз, содан алдымен үйлі болайық деп жүргенде жасым 31-ге келіп, отбасын кешірек құрған жайым бар. Динаның өзі менен 9 жас кіші, ол 1976 жылғы. Кейін әлгіндей жағдай болғасын бірде Динаның өзі маған екінші әйел алу жөнінде ұсыныс айтты. Ол кезде жасым 45-ке жақындап қалған. Жасым 50-ге толғанша күте тұрайық деп өзім онша ыңғай бермеген едім. Кейін, жасым 50-ге жақындағанда енді бізге Құдай бала бере ме деп шындап ойландық, сосын қызымыздың артынан бауырлары ерсе, оларды көз алдымызда, тиісті білім, тәрбие беріп өсірсек, барлығын үйлі-жайлы етсек деген тоқтамға келдік, - дейді ол.
Керімбек сондай-ақ, ағайын-туыстардың барлығы қосылып іздегенін де алға тартты.
– Екінші жарды ағайын-туыс, достар, ел болып іздедік, барлығы атсалысты десем болады. «Пешенелеріңе жазғаны осы шығар» деп қайын жұртым да бұл шешімді дұрыс қабылдады. Соның нәтижесінде жаныстың бір қызына құда түсіп үйлендім. Оны маған өз енем тауып берді. Диханкөл ауылында туып-өскен Ұлбала есімді қызбен бас қостық. Ұлбаланың анасы шегірдің қызы екен, яғни ол Дина екеуі бір-біріне нағашы-жиен болып келеді. Дина «Әңгір ата» ауылынан, яғни әйелдерімнің екеуі де Төлеби ауданының қыздары, - деді кәсіпкер.
Шымкент тұрғыны тоқал алу мәселесіне қатысты жеке көзқарасын да білдірді.
– Қазіргі қазақ азаматтарының ішінде екі және одан көп әйел алуға шамасы келетіндер баршылық қой. Қалыптасқан дәстүрмен, бәйбішенің келісімімен алса, жағдайын жасаса, оның несі жаман? Кезінде Әбіш Кекілбай ағамыздың «Тоқал институтын дамытпай демография оңалмайды» деп жазғанын оқығаным бар еді. Ол рас, бізге халықтың өсімі үшін ол керек нәрсе. Үш ғасырға жуық бодандықта болып, адам санасы, көп әйел алушылыққа қатысты ұстаным өзгерді, қазіргі әйелдердің көбі оған мүлде қарсы. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болып отыр, енді өз дәстүрлеріміздің бағытында жүрмесек болмайды. Елді, жерді сақтап қалу үшін бізде халық саны өсуі керек. Статистикалық деректерде де бір еркектің басына бірнеше әйелден келетіні айтылып жүр ғой. Сондай проблеманы шешу үшін, демографиялық ахуалды жақсарту үшін жағдайы келетін, жағдайын жасай алатын адам екі әйел алса, ол жаман болмайды, деді ол.