Белгілі ақын-жазушылар Ислам Әбішевті босатуды сұрады
2021 ж. 25 мамыр
2945
1
Қазақстанның ақын-жазушылары қоғам қайраткері Ислам Әбішевті бостандыққа шығаруды сұрап, Нұр-Сұлтан қалалық сотына хат жазды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
- Біз – бір топ қазақтың ақындары қазақтың ардақты, парасатты азаматы Әбішев Ислам Әлмаханұлының тағдырына алаңдаушылық танытып отырмыз. Ислам Әлмаханұлын қалың ел де, әдебиетші қауым да етене жақсы біледі. Еңбексүйгіштігі, халыққа, мемлекетке берілгендігі аңызға айналған. Бір триллионнан астам қаржыны үнемдеу оңайлықпен келмейтіндігі түсінікті. Республикамыздың түпкір-түпкіріндегі бауырларымыз ол кісінің бастамасымен қалпына келтірілген нысандарды, жаңадан салған нысандарды, қиюы қашқан қаншама шаруаны қалпына келтіргені жөнінде жарыса жазып жатыр. Ешкім де ештеңені ойдан шығарып жазбайды. Қалың көпшілік, зиялы қауым, спортшылар бостан-бос ара түсе бермейтіні рас, оның үстіне шенеунікке ара түсе қоюы қиын. Елімізге еңбегі сіңген, халыққа қадірлі азаматқа қалың ел өз бағасын беріп жатыр. Билік те, сот та сол халық арқылы болады, бұл айдан анық нәрсе! Сондықтан, халықтың өтінішіне құлақ асып, онымен санасқан орынды болар деп ойлаймыз, - делінген Ашық хатта.
Еске сала кетейік, аталмыш хатқа қол қойған 76 ақын-жазушының ішінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері мен жас буын өкілдері бар.