«Жеңіс күнінде» концерт өткізген Көлгіновке 31 мамыр - карантин екен
2021 ж. 21 мамыр
2163
0
5 мамыр күні Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясы астана әкімі Алтай Көлгіновтің атына өтініш жолдап, 31 мамыр күні Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шеруін өткізуге мүмкіндік жасауды сұрапты.
Алайда Көлгінов әкімдігі бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салған астананың бас санитарлық дәрігерінің қаулысын алға тартып, «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге рұқсат бермепті, - деп хабарлайды abai.kz.
Депутат Перуашевтың өтінішіне берген жауап-хатта сөзбе-сөз былай деп жазылған екен:
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» 2020 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына, Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 6 мамырдағы БМСДҚ № 17 қаулысы 1-тармағының, 1.1 тармақшасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.Н.Перуашевқа Нұр-Сұлтан қаласында 2021 жылғы 31 мамыр күні 10 сағат 00 минуттан 12 сағат 00 минутқа дейін қосымшада көрсетілген маршурттар бойынша шеру өткізуге рұқсат беруден бас тартылсын.
2.Осы қаулының орындалуын өзіме қалдырамын», - деп жазылған. Қаулы 17.05.2021 жыл деген датамен берілген. Оған астана әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мөр қойған.
Осыдан соң Азат Перуашев өзінің Telegram-дағы ресми парақшасында бірнеше жазба жариялады.
«Ақ жол» демократиялық партиясының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Алашқа тағзым» шеруін өткізуіне Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тыйым салды.
Тіпті, әкімшіліктің жауабында аталған іс-шараның саяси маңызын көрсетпеу үшін, «Ақ жол» демократиялық партиясының «Алашқа тағзым» іс-шарасы емес, «Н.Перуашевтың» (ол кім екен?) «жеке» бастамасы деп көрсетіпті. Сұмдық (масқара) емес пе? Алматыда феминизмді қолдау жөніндегі шеруілерге рұқсат беріледі, ал Елордада қасірет құрбандарын еске алуға тыйым салынады. Абсурд!», - деген Азат Перуашев 19 мамыр күні Алтай Көлгіновтің атына қайтадан сұрау салып, астана әкімінен бұл шешімді қайта қарастыруды сұрап, шеруге қолдау көрсетуге шақырыпты. Біз депутат Азат Перуашевтың астана әкімі Алтай Көлгіновке жазған екінші хатын қаз қалпында жариялағанды жөн көрдік.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімі А.С.Көлгінов мырзаға!
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Елорда әкімдігі Ашаршылық құрбандарын еске алуға неге қарсы?
Биылғы 5 мамырда «Ақ жол» Демократиялық партиясының атынан 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге мүмкіндік сұрап, Нұр-Сұлтан қаласы әкіміне арыз жолдаған болатынбыз.
Кеше сол арызымызға жауап ретінде шеру өткізуге рұқсат беруден бас тарту туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің Қаулысы шығыпты. Алайда, Қаулыда хаттың партия атынан жіберілгеніне қарамастан, «Н.Перуашевқа Нұр-Сұлтан қаласында 2021 жылғы 31 мамыр күні 10 сағат 00 минуттан 12 сағат 00 минутқа дейін қосымшада көрсетілген маршруттар бойынша шеру өткізуге рұқсат беруден бас тартылсын» деп жазылған, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі орынбасары Бахтияр Мәкеннің хаты келді.
Алдымен, өткізілетін іс-шараның Азат Перуашевтің жеке бастамасы емес, «Ақ жол» Демократиялық партиясының ресми және де дәстүрге айналған, 2017 жылдан бастап өткізетін іс-шарасы екенін еске саламыз.
Екіншіден айтарымыз, Нұр-Сұлтан қаласы әкіміне «Ақ жол» партиясы атынан хат жазып отырған белгісіз «Н.Перуашев» емес, мен, Азат Перуашев.
Сонда ел астанасы әкімінің орынбасары, жас досым әрі бұрынғы Мәжілістегі әріптесім Бахтияр Мәкен өз қызметкерлеріне сеніп, қол қойып жатқан хаттағы екі ауыз сөзді оқи алмады ма? Әкімдіктің қызметкерлері Парламенттік партияға мынадай сауатсыздықпен жауап бергенде, жеке азаматтардың сауалына қалай қарайды екен?
Үшіншіден, Бас санитардың қаулысына сәйкес шеру өткізуге «рұқсат бере алмаймыз» деп кімдер жазып отыр?
Негізінде, былтырғы жылы Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен «Митингтер туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, мұндай іс-шараларды өткізуге шенеуніктердің рұқсаты керек емес. Өткізуші тек алдын ала хабарлап, ұйымдастыру мәселелері бойынша көмек сұрау керек: мысалы, шеру автокөліктерге, азаматтарға кедергі келтірмеу үшін, жол полициясы сол көшелерде көлік қозғалысын тиісті реттеуді қолға алу жөнінде.
Және де әкімдіктің жауабында санитарлық талаптарды (шеруге қатысушылар қандай алшақтықты ұстау керек, қанша адамнан көп жинамау керек деген сияқты, бетперде режимін сақтау, т.б.) көрсетсе жөн болатын еді.
«Ақ жол» партиясының арызында көрсеткендей, мыңдаған азамат жинау қауіпті деп санаса, онда сол шеруге мың емес - 100, немесе 10, тіпті 3 адам ғана қатысуын талап етуіне болатын еді ғой. Немесе, жиналғандардың қолында ПЦР анықтамасы болсын, немесе вакцинациядан өткендерге ғана қатысуға болады деп жөн сілтеуге болмас па еді?
Ал, жай «тыйым салуға» аса ақылдылық керек емес, бұл деген өткен заманның әдістемесі.
Кеше ғана 9 мамырда әкімдіктің өзі арнайы үлкен автокөліктерге Жеңіс мейрамын тойлаған әнші-бишілерді топтап толтырып алып, бүкіл қаланы аралап шыққанда Бас санитардың қаулысы қайда қалды?
Алты сағаттай серуендеп, 60-тан астам ән айтқанда (2-ақ ән мемлекеттік тілде болды) шырқап жүрген әншілерді сайрандатып қойған Елорда әкімдігі сол кезде неге 6 мамырдағы Бас санитардың қаулысына қарамады?
Салыстыру үшін айтар болсақ, Екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандықтардың құрбан болғандар саны 600 мыңдай болса, Саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарын қосқанда 4 миллионнан асып кетеді, яғни, жеті есе артық қаза тапқандар. Және де олар соғысқа жиналған, қару ұстаған сарбаздар емес, көбісі – қариялар қоса әйелдер мен балалар еді. Бұны кез келген отандық тарихшы, алаштанушы дәлелдеп шығады.
Өз еліңде бала-шағасымен бірге, ауыл-аймағыңмен, қалың еліңмен бірге азапталып, аштан өлу - ең ауыр қайғылы қасірет, қорлық өлім!
Парламенттік партияға Ашаршылық құрбандарын еске алып, шеру өткізуге Елордада рұқсат жоқ! Ал Оңтүстік астанада тұсініксіз топтар сайран салады. Дәл сол сияқты өткен жылы 16 желтоқсанда «Ақ жол» партиясына Ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттік тілді қолдау үшін митингіге рұқсат берілмеген еді…
Белгілі қазақ ақыны Қазыбек Исаның «Зұлмат. 4 миллион қазақты жоқтау» аза жырындағы:
«Қолын жайып, нан сұраған сәбилер,
О дүниеде дұға сұрап жүр әлі»- деп жырлағанындай, халқымыздың 70 пайыздан астамы опат болған құрбандарымызға дұға жасап, тағзым ете алмасақ, елдігіміз қайсы?
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Біз, «Ақ жол» демократиялық партиясы, сіздің орынбасарыңыз шығарған шалағай шешімін қайта қарастыруын талап етеміз.
«Алашқа тағзым» атты шеру өткізу үшін жоғарыда көрсеткендей, қандай қатаң санитарлық талаптар болса да, келісіп, қолдау көрсетуге шақырамыз.
Көлгінов әкімдігі 9 мамырда концерт өткізген
Тақырыпқа тұздық:
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми интернет ресиурсы – «astana.gov.kz». Ондағы жаңалықтар лентасын (мамыр айын) шолып шықтық. Қараңыз:
«Жеңіс жолдарымен»: Нұр-Сұлтанда 9 мамыр құрметіне көшпелі концерт өтіп жатыр», атты ақпарат. 9 мамыр күні жарияланған.
Жеңіс күніне орай «Жеңіс жолдарымен – Дорогами Победы» атты жылжымалы концертте әскери жылдардағы музыкалық композицияларды орындайтын сахна мен әртістері бар автокөлік қаланың басты көшелерімен жүріп өткен.
«Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ретро-көліктер тосынсый ретінде жүріп өтіп, сол жылдарғы ерекше көңіл-күйді жеткізеді. Олар Қабанбай батыр, Орынбор, Панфилов, Мұңайтпасов, Кенесары, Бейбітшілік көшелерімен, Мәңгілік Ел, Тәуелсіздік, Абылай хан және т.б. даңғылдарымен жүріп өтеді. Көшпелі концерт Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі алдындағы алаңға кеп тоқтайды. Іс-шара қалалық әкімдіктің қолдауымен барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтуде. Концертке қатысқан барлық әншілер ПТР-тесттен өткен», - делінген ресми ақпаратта.
«Ашық аспан астындағы концерт: Нұр-Сұлтанда ҰОС ардагерлерін қалай құттықтап жатыр?». Бұл да 9 мамыр күнгі ақпарат. Астана әкімі Алтай Көлгіновтің Instagram-дағы жазбасы жарияланған.
Онда: «Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бұқаралық шаралар өткізу мүмкін болмады. Бірақ бұған қарамастан, біз ардагерлерімізге сый-құрмет таныттық. Ардагерлердің терезелерінің алдында әскери оркестрдің шеруі мен қойылымы ұйымдастырылды. Оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Балалардың ардагерлерге зор құрметпен қарап, концерт тамашалағаны қуантады. Ардагерлердің кеуделері медальдарға толы екенін көрген балалар олардың әскери оқиғаларын тамсана тыңдады», - деп жазылған.
Айтпақшы, белгілі ақын, журналист Азамат Тасқараұлы Көлгінов әкімдігі кереметтеп өткізген «Жеңіс жолдарымен – Дорогами Победы» атты жылжымалы концерт туралы: «Астана әкімдігі ұйымдастырған «Жеңіс жолымен» атты көшпелі концерттің 6,5 сағаттық тікелей көрсетілімін ерінбей қарап шықтым. Алты ән ҚАЗАҚША, 60 ән ОРЫСША айтылды. Тәуелсіз Қазақ елінің астанасы емес, Ресейдің бір губерниясында өтіп жатқан концерт секілді. Ал алты ән шын мәнінде екі-үш рет орындалған екі ән ғана. Бірі – Ескендір атамыздың «Атамекені», екіншісі – Сейдолла Бәйтерековтің «Әлиясы». Бұл не масқара?! Елорда әкімі Алтай Көлгінов, мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов, намыс қайда?! Бұл қазақ халқына, қазақ тіліне жасалған нағыз дискриминация!» – деп жазған еді.
Ал Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Көлгінов әкімдігін, оның Мәдениет басқармасын: «Тәуелсіздігіне 30 жыл толған қазақ елінің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ма, жоқ Ресей губерниясы Екатеринбургте өтіп жатыр ма?!. Көрші, туыс Өзбекстанның астанасы Ташкентте болсын, қай қаласы болсын, дәл осылай болуы кешегі Кеңес империясы кезінің өзінде мүмкін емес еді. Қайран, Ұлттық идеологиясыз босқа өткен 30 жыл!», - деп сынаған еді.
Осыдан кейін, Елбасының ролін сомдап жүріп, шенеунік болған (әуелі депутат болып сайланған, сосын Елорда әкімдігіне ауысқан) Нұрлан Әлімжанов: «Советтік символиканы көтеріп жүргендердің астана әкімдігіне еш қатысы жоқ. Олардың біздің жылжымалы концертке қалай тап болғандарын білмейде қалдым. Сосын істің мән жайын өздеріне сұрадым. Олар жылда өздері осылай шығып жүрген ретро клуб екен», - деп жауап берген.
Түйін.
Міне, 9 мамырда алаулатып-жалаулатып концерт өткізген Алтай Көлгінов әкімдігі 31 мамыр Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына келгенде карантиндік шектеулерді алға тартып отыр екен.
Біздегі 9 мамыр сайын өткізілетін салтанатты шаралардың сценарийі Мәскеуге қарап құрылатыны белгілі. Ал 31 мамыр ше?
31 мамыр - ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні! Атаулы күн Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Дейміз-ау! Басқа, басқа емес, Назарбаевтың Жарлығымен аталып өтуге тиісті күнді кейбір әкім-қаралар мүлдем естен шығарып, қазақтың 4 миллион адамын жалмаған зұлматты күні әруақтарға тағзым өтуге шамалары келмей келеді.
Ұлтқа жасалған қастандыққа шынайы баға беру бүгінгі қазақ билігі мен халқының борышы дейміз. Алайда, Мәскеуге мойын созып қарап отырған Қазақстан билігі Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға келгенде енжар. Бәлкім, Мәскеудегі мықтылардың мысы басым болып тұрғандықтан да шығар... Әйтпесе, 9 мамырда той тойлаған Көлгінов әкімдігі 31 мамырдағы еске алу шарасына неге рұқсат бермей отыр?...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz