Б. Серікбай Мамайдың соттағы әңгімесі жайлы: “Бос сөзден басқа, іліп алар нақты дерек жоқ”
2021 ж. 19 мамыр
1837
0
Өз басым халықтың эмоциясында ойнаудан әріге аспайтын, жөнсіз кеудемсоқ патриотизм мен жалаң ұлтжандылықтың дәурені өтті деп есептеймін. Кім не айтпады бізде. Кімді тыңдап, кімге алданбаған қоғамбыз. Мұны неге айтып отырмын. Соңғы кезде Мамай мен Байбектің соты бос сөзге үйір кейбір жандарға жақсы азық болды. Ақ-қарасын айырып жатпастан, оңды-солды пікірлер де айтылуда. Қоғамдық ойдың барысын қадағалап жүргендіктен осыған қатысты өзімнің түйген бір-екі тұжырымымды ортаға сала кетейін.
Сот жүріп жатыр. Әрине, мұнда құрғақ сөз бен эмоцияға орын жоқ. Бәрі де дәлелді, тиянақты, айғақты болуы тиіс. Негізі жөні де сол ғой. Сонымен, екі тараптың да өз сөзін дәлелдейтін нақты фактілерді ұсынуы талап етілді. Байбек Мамайдың өзіне таққан айыптауларын теріске шығаратын нақты құжаттарды ұсынды. Енді сот «Мамайға да айтқан сөздеріңді дәйектейтін нақты фактілер мен дәлелдеріңді ортаға сал» деген талап қойды. Міне, қызық осы жерде басталды. Мамай мұны күтпесе керек. Қолында іліп алар нақты дерек, таққан айыптауларын негіздейтін анық фактілер жоқ. «Дебатқа түсем» деп бір, мәселені саясиландырмақ болып екі тырысып, ары-бері тартып көріп еді, мұнысынан түк шықпады. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, ендігі бар тапқаны «Сот неге қазақ тілінде емес, орыс тілінде жүреді?» деп шыға келді.
Қызық жалпы. Бауыржан Байбектің қазақшасы бір кісідей бар екенін білеміз. Айналып келіп мәселені нақты іске емес сөзге бұруға талпыну.
Біріншіден, аты шулы «айыптау мәлімдемесін» әуел баста орыс тілінде жасаған Мамайдың өзі еді. Кейіннен оны қазақшаға аударып айтқандай болды. Логикалық тұрғыда айыптау орысша жасалғаннан кейін орыс тілінде жауап берілді. Соған сәйкес соттың шешімімен талап арыз да орысша ұсынылды. Ал сот процесінің тараптардың таңдаған тілінде жүретіні екі бастан белгілі. Мамайдың әуелі бүкіл айып таққан өз видеосын орыс тілінде жасап, енді келіп «Ана тілімде сөйлеуге құқығым жоқ па?» дегенін естіп, популизмнің, саяси тактикалық қателіктің, тәжірибенің жоқ екендігін бірден аңғаруға болады. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деген осындайда айтылады негізі.
Осы Мамайдың өзі қазақ тіліне қатысты әдемі сөйлегеннен басқа нақты не бітіріпті деп іздеп көрдім. Тілдің қолданыс аясын кеңейтетін қандай жобаны атқарған? Ауыз толтырып айтар ешнәрсесін көрмедім. Тіл – арзан ұпай жинайтын, көрінген жерге тықпалайтын қолжаулық емес. Тіл деп ұзын әңгіме айтатын, бірақ балалары қазақша сөйлемейтіндер де бар. Тілден саяси ұпай жинайтын дәурен өтті ғой. Нақты іс керек. Басқасы бос сөз. Көп естідік тіл туралы әңгімені. Бітпейтін әңгіме...
Ана тіліміз бен ұлт мәдениетін дамытуға бір кісідей қызмет етсе Бауыржан Байбектей іспен дәлелдесін. Нақты фактілермен сөйлейік:
1. «Болашақ» түлектері құрған қордың қолдауымен Disney киностудиясымен ынтымақтаса отырып, шетелдік 40 шақты үздік мультфильм мен көркем фильмдерді қазақ тілінде дубляждауға бастамашы болды. Бұған бюджеттен бір тиын да қаржы жұмсалмай, жоба Байбектің тікелей ұйытқы болуымен, «Болашақ» түлектері құрған қордың қолдауымен жеке сектордан тартылған қаражат есебінен атқарылды. Бұл шаралар елімізде қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюіне ықпал етіп, қалың көрерменнің рухани азығына айналды. Нақты іс!
2. Алматы қаласының әкімі болып жүргенде елімізде алғаш рет «Алатау» дәстүрлі өнер театры ашылды. Алатаудың баурайында ұлттық салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптейтін «Ұлы Дала рухы» этнофестивалін ұйымдастырып, ол дәстүрлі түрде өтетін өнер мерекесіне айналды. Бұл салтанатты шараға әлемнің көптеген елінен қаншама қонақ келіп, тамашалады. Осы арқылы елімізге келетін туристер саны артты. Осынау ғажайып фестивальдің Алматы әкімдігі тарапынан соңғы кездері неге өткізілмей жүргені түсініксіз.
3. Алматы қаласының көшелеріндегі жерасты өткелдерін жаңғыртып, қазақы ою-өрнекпен әспеттеп, онда күні-түні қазақтың күйлерін күмбірлетіп қойғаны да нақты атқарылған іс.
4. Турасын айту керек бүгінгі күні асыл өнеріміз айтыс пен ұлттық спорт түрлерін дамытуға да «Nur Otan» партиясындай қолдау көрсетіп жатқан бірде бір саяси ұйым жоқ. Бұл факт. Кезінде телеарналарда айтысты тамашалай алмайтын жағдай болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол уақытта бұл іске арашашы болып, қолдау көрсеткен Бауыржан Байбек мырза болатын. Мұны ел көріп отыр. Бұл игі іске де Байбектің ұйытқы болып отырғанын көзіқарақты жұрт біледі.
5. Партия жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінде де ұлттық мәдениет пен өнердің түйткілді мәселелері тұрақты күн тәртібіне шығарылып, тиісінше шешімін тауып отырады.
6. Қазір көше атын ауыстыру кейбір өңірлерде дау болып жатады. Бауыржан Байбек мырза әкім болып тұрғанда Алматы қаласында 400-дей көшенің, ықшам аудандардың атауларын бір-ақ күнде қазақшаға ауыстырғанын да білеміз. Бұл айтуға оңай болғанмен, оның астарында қаншама жұмыс пен табанды ерік-жігер жатыр. Атқарылған нақты іс! Жоғарыда атқарған нақты еңбектері бағаланып «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталғаны да елге мәлім.
Сондықтан қай кезде де адамды сөзіне емес, ісіне қарап бағалау керек. Біздің қоғам сөзден кетіп, нақты іске қарап саясаткерді бағалайтын жаңа деңгейге шығуы қажет. Бұл заман, уақыт талабы.
Бәлкім, Байбек ақын Мұхтар Ниязовтай төгілдіріп, өлеңдетіп сөйлей алмайтын шығар. Бірақ ешкім де Байбекті жұмысқа қажетті деңгейде қазақ тілін жетік біліп, жатық сөйлей алмайды деп сын таға алмайды. Бір қазақтай қазақ тілін меңгерген. Бұл ретте Мамайдың жоқ жерден ілік іздеп, тілге жабысуы мүлдем қисынсыз. Оның қазақ тілін алға тартып, жанашыр бола қалуы арзан ұпай жинау. Өз айыптауын дәлелдейтін нақты факт жоқ. Енді қалғаны қоғамдық ойды сол халықтың эмоциясында ойнайтын бітпейтін әңгімеге бұру. Басқа түк те емес. Сол баяғы ескі, қарабайыр тәсіл. Мұны сауатты азаматтар, қоғам көріп отыр.
Мамай тілге қатысты өзгеге мін тағудан бұрын өзіне сенім білдіріп, соңына еріп, митингіге шығып жүрген жандардың жағдайын ойласа дұрыс болар еді. Сондықтан нәзік те қастерлі тіл секілді мәселені арзан ұпай жинауға пайдалану ешқандай да ұшпаққа шығармайтынын түсінген жөн. Қазір мұның заманы емес. Мәселе сайрағанда емес, сенің елге қажетті, қоғамды дамытатын нақты қандай істі, тың жобаларды атқарғаныңда. Сондықтан да жоғарыдағы аталған жәйттер елімізде прецедент қалыптастырып, бұдан былай кейінгілерге сабақ болады деп ойлаймын.
Қоғам, заман өзгерді. Қазір сөздің емес, істің заманы. Талап солай. Соған үйрену керек. Бізде жаңа Қазақстандық құндылық, сауатты, прагматикалық, нақты іске негізделген қоғамдық қатынас қалыптасып келеді.