Президентті сынаған жігіт жұмбақ жағдайда көз жұмды
2021 ж. 06 мамыр
1819
0
Әзербайжандық белсенді Байрам Мамедов Түркияның Стамбұл қаласында белгісіз жағдайда көз жұмды. Таныстарының айтуынша, оның денесі бірнеше күн бұрын теңіз жағасынан табылған, дейді centralasian.org.
Түрік полициясы белсендінің өлімі бойынша тергеу істерін бастап, оқиғаға байланысты барлық болжамды себептерді қарастырып жатыр.
26 жастағы Мамедов 2016 жылдың мамыр айында демократияшыл белсенді Гияс Ибрагимовпен бірге қазіргі президенттің әкесі, бұрынғы мемлекет басшысы Гейдар Алиевтің ескерткішіне "Құлдардың мейрамы құтты болсын!" деп жазғанымен көпшілікке танымал.
Осы оқиғадан кейін көп өтпей екеуін "есірткі сақтады" деген күдікпен ұстап, олар 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Олар өзіне тағылған айыпты теріске шығарған.
"Amnesty International" ұйымы екі белсендіні "саяси тұтқын" деп таныған. 2019 жылдың наурыз айында президент Ильхам Алиев түрмедегі 400 адамға, оның ішінде Маммадов пен Ибрагимовқа рақымшылық берген.