ЖҰРТТЫҢ ЖЫНЫН КЕЛТІРМЕҢІЗДЕРШІ!..
2021 ж. 26 сәуір
1904
2
Қазақстанда «АИ-92» маркалы бензинінің бағасы литріне 170 теңгеден аспайды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ тілшілерімен кездесу барысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлім етті. Қымбатшылықтан қиналған қарапайым халықтың тұрмыстық жағдайын жиі жазатын «Қазақ үні» басылымы бұл тақырыпқа қайта-қайта оралуға мәжбүр.
«Жанар-жағармай бағасы өсімінің экономикалық негізін қарасақ, біріншіден, былтыр акциз көтерілді, сосын зауыттың өндіру бағалары жоғарылады. Оны былтыр ешқайсысы өнім құнына енгізбеді. Себебі тұтыну көлемі азайып, өткен жылы жанар-жағармай құны төмендеді. Осы орайда кейінге шегерілген баға тәртібі биыл қосылды. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауыты тоқтап қалды. 5 сәуірде жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс еді, бірақ іске қосылмады. Енді осы айдың аяғына дейін (24 сәуірге дейін) тұруы мүмкін. Бұл тұрғыда АИ-92 маркалы бензинін өндіру екі есе азайды», - деді С. Жұманғарин БАҚ өкілдеріне. Сонымен қатар, ол Ресейде АИ-92 маркалы бензиннің құны Қазақстанға қарағанда қымбаттау екенін айта келе, сол себепті бензин бізден кетіп жатқанын да жеткізді. «Тыйым салынса да, бәрібір кетіп жатыр. Біз өз тарапымыздан әр өңір бойынша нарыққа зертеу жасадық. Осы орайда бағаның өзіндік құнына қатысты талдау жүргіздік, бизнеспен пікір алмастық. Өңірлер бойынша баға айырмашылығы байқалып отыр. Тасымалдаудағы жол шығыны төмендеу өңірлерде баға да арзандау. Біздің ойымызша, осы айда және мамыр айында бағаны 170 теңгеден асырғызбаймыз», - деді агенттік басшысы. Тағы бір себеп, кесте бойынша Шымкент мұнай өңдеу зауыты мамыр айында жөндеу жұмыстарына тұруы тиіс екен. Алайда бұл зауыт жөндеуге тұрып қалса, жағдай қиындамақшы. Бұл өндіріс оңтүстік өңірдегі бағаға әсер етеді. «Дегенмен бензин бағасы 200 теңге (АИ-92) болмайды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, хаттамаларды жанар-жағармай құю станцияларына тапсырдық. Оны орындамаса, онда тексеру амалдары басталады», - деді Серік Жұманғарин. Еске сала кетейік, Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Атырау мұнай өңдеу зауытын 24 сәуірде іске қосу жоспарланып отырғанын айтқан болатын.
Бензин мен электр қуатының қымбаттауы туралы мерзіміді басылымдар жазып, әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Депутаттар да қарап қалған жоқ. Мәжілісмендер бензиннің қымбаттауына қатысты тексеру жүргізуді сұрап, вице-премьер Роман Склярдың атына сауал жолдады. Жыл басынан бері АИ-92 маркалы бензинінің құны Алматыда литріне 150 теңгеден 168 теңгеге, елордада - 170 теңгеге, Ақтауда – 172 теңгеге, ал мұнайлы өлке Атырауда 200 теңгеге дейін жеткеніне алаңдаушылық білдірді. Бірақ одан жеңілдік болған жоқ. Сол әдеттегідей айтылды, көтерілген баға сол күйінде қалды. Үкіметтің де, кәсіпкерлердің де айтатыны сол баяғы жұртты жалықтырған, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай жоғарыда С. Жұманғарин келтірген сылтау-себептер. Оны жақында ғана ҚазАқпараттың ҚР Энегетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жариялаған хабарынан да көруге болады. Энергетика министрлігінің депутаттық сауалға берген жауабында мұнай өнімдерінің нарығы өте құбылмалы болып табылады, Қазақстанның ішкі нарығында да, көршілес елдерде де салық салу, баға белгілеу жүйесі және ЖЖМ-мен қамтамасыз етілуі (бақыланбайтын ағын), сұраныстың маусымдылығы, МӨЗ-дегі технологиялық іркілістер немесе күрделі жөндеулер туралы ақпарат сияқты көптеген факторлардың әсеріне байланысты екендігін мәлімдепті. «Бағаларды реттеу және «арзандатылған» мұнай өнімдерін тарату бойынша жүйені құру тиімсіз және шығыны көп шара деп санаймыз:
1) төмен бағаның пайдасын мұқтаж азаматтар ғана емес, шекаралас жатқан көрші елдердің тұрғындары да пайдалануы мүмкін;
2) әр түрлі әдістерді қолдану арқылы мұнай өнімдерін экспортқа «көлеңкелі» түрмен шығаруға жол беріледі;
3) мұнай-газ өндіру саласын тұрақты дамытуға кедергі болатын тәуекелдер туындайды» - деп жарылқапты.
Мұндай себептерді бұқара бұрыннан жақсы біледі, оны өздеріңіз жыл сайын ұмыттырмай қайталап келесіздер. Халыққа керегі бағаны қолжетімді ететін, мәселені оңтайлы шешетін шаралар. Бұл бағытта не істеу керектігін білмесеңіздер халықтың да сіздерге айтар ұсынысы мен сұрақтары бар.
1) Өздеріңіз айтқандай біздің бензинді көрші елдер пайдаланбас үшін ашық-шашық жатқан шекараны жабыңыздар.
2) Өнімдеріміз экспортқа «көлеңкелі» түрмен шығатын құбырлардың аузын бітеңіздер.
3) Мұнай-газ өндіру саласын тұрақты дамытуға кедергі келтіретін жемқорлықты бірінші кезекте жойыңыздар.
4) «Банкрот боламыз» деп көз жасын көлдететін осы кәсіорындардың иесі кім екенін, кіріс-шығысын, өндіретін өнімнің өзіндік құнын, одан түсетін пайдасын, мемлекетке төленетін салық көлемін жіті тексеріңіздер.
5) Өнім аз болса да, көп болса да баға неге түспейді? Нарықтық экономикасы бұрыннан қалыптасқан елдерде сұранысқа байланысты баға өзгеріп тұрады. Бізде ол атымен жоқ
6) Бензинге төмен бағаны ұстау үшін ішкі жанар-жағармай нарығы субсидияланады дегенді қалай түсінуге болады. Субсидия – белгілі бір саланы немесе өндірісті қолдау үшін бөлінетін қаржы. Ол қайдан алынады? Әрине мемлекет қоржынынан. Сонда қалай болғаны, бағаны түсіру немесе тұрақтандыру үшін халық ақша төлеу керек пе? Одан не пайда? Ең бастысы кімге төленеді? Ол да түсінікті, тағы да сол бағаны көтергіш монополистердің қалтасына кетеді. Бұл өзімізді өзіміз алдау ғой.
Осы сұрақтарды үкімет білмейді деуге болмас, біледі. Соны ескеріп, мәселені шешуге деген нақты ниет жоқ. Оған не кедергі болып отырғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Біздің міндетіміз естеріңізге салу...
Әңгіме Серік Жұманғаринның мәлімдемесінен басталған соң ол туралы қысқа ғана мағұлымат бере кетейік. Бұрынғы одаққа жақсы танымал Мәскеу энергетикалық институтын және Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «қаржы және кредит» мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы Халықаралық бизнес академиясын «менеджмент» мамандығы бойынша тәмәмдап, іскери әкімшілдендіру магистры атағын алған. Байқап отырғандарыңыздай Серік Мақашұлы білікті маман, ол жағынан айтар дауымыз жоқ. Елімізде түрлі салаларда жауапты қызметтер атқарып, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Осыдан екі жыл бұрын сұхбат алған журналистерге «Жынымды келтірмеңізші!» деп елдің назарына іліккені есімізде. Одан кейін екі ай өтпей министрдің орынбасарлығы қызметінен кеткен болатын. Бүгіндер Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Серік Жұманғарин ресейлік депутаттар Никонов, Федоров, Жириновскийге қатысты пікірін айтқанда да «Жынымды келтірмеңізші, блин!» дегені де бар аузына келгенін оттай беретін Жириновскийге қаратып. Әр адамның өзіне тән мінезі, өзіне тән сөз саптау мәнері болатыны белгілі. Шындығында, бұл «Жынымды келтірмеші» деген сөз тіркесі халық арасында, күнделікті тұрмысымызда жиі қолданылады. Оның алып бара жатқан өрескелдігі мен оқастығы да жоқ, тіпті сол жұрт арасында мәтелге де айналып бара жатқандай. Миллиондап ұрлап, жемқорлыққа салынғандар да жүр ғой ортамызда ештеңе болмағандай, түк те көрмегендей болып. Ең бастысы өзіне тапсырылған міндетін адал және тиянақты атқарса болғаны. Өзіне адал қызмет еткен адамның бір ауыз артық сөзін қазақ көтере біледі.
Ал Жаманғаринның бүгінгі қызметі үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Әсіресе қазіргідей нарық атты экономикалық қатынастарды ұстанып отырғанда бұл мекеменің атқарар жұмысы өте-мөте маңызды. Себебі, нарықтық экономикада өзара таза бәсекенің орын алуы үлкен рөл атқарады. Біріншіден, кәсіпорындардың өзара бәсекесі бағаның түсуіне тікелей әсер етеді. Екіншіден, өндірілетін тауарлардың сапасын арттырады. Қарапайым тілмен айтқанда кімнің тауары сапалы және қолжетімді болса сол өтімді болады. Үшіншіден, нарықтың басты жауы – монополияға жол бермейді. Бәсекелестер болмаған соң ойына келген бағаны қоятын тойымсыз монополистер білгенін істеп жатқаны белгілі. Сол себепті де көпшілік тұтынатын тауарлардың бағасы аспандап, халықтың сатып алу қабілеті төмендеп кетті. Қымбатшылық кесірінен қарапайым тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әлсіреп, кедейшілікке ұрынуда. Есесіне «кәсіпкерлер» қалтасын қалыңдатып, халықтың есебінен ерекше байып жатыр. Ал онымен күресетін құқық қорғау және өзге толып жатқан мемлекеттік органдардың жұмысы осы күнге дейін нақты нәтиже берді деп айта алмаймыз. Сондықтан Серік Жұманғарин бағаны заңсыз көтергендерге, бәсекелестерін заңсыз тәсілдермен тұншықтырып жатқандарға «Жынымды келтірмеші!» деп айтып, қатаң талап қоюға құқылы.
Бұл бір ғана жанар-жағар май саласына ғана қатысты мәселе емес. Еліміздің экономикасының барлық тармақтарында орын алған қатерлі кемшілік. Тұтынушылар есебінен заңсыз ақша жасау – жемқорлықтың бірінші белгісі. Кедейшілік құрсауында қалған қарапайым адамдардың тұрмысын көтеру үшін тойымсыз тәбеттен туындайтын дәп осы жемқорлықты жою керек. Құрамы сан түрлі саланы басқаратын министрліктерден тұратын біздің атқарушы билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұмытпай, тұрғындар талабын ескере отырып жұмыс істеу қажет. Бұқара бекер ашынбайды, жанына батқан соң жанайқайға басады. Үкіметтен бір өтініш, жұманғариншалап айтқанда – жұрттың жынын келтірмеңіздерші!..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz