Қымбатшылықты қолдан жасап жатырмыз
2021 ж. 19 сәуір
2080
1
Бұқаралық ақпарат құралдарында Finprom.kz сараптама порталының зерттеуіне сілтеме жасалып, Қазақстанда табысы күнкөріс деңгейінен төмендеп кеткен тұрғындар саны 20 пайызға өсті деген хабар таратылды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың саны бір жыл ішінде 12 пайызға артып, яғни – 140,6 мыңға жетіпті. Кедейшілік күн кешкен отбасыларында 858,5 мың адам бар екен, бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 20,1 пайызға көп. Бір ғажабы, кедейшілік кеулеген елімізде дәп осы кезеңде миллиондаған, миллиардтаған доллар қаржысы бар байлар саны өсіп, әлемдегі алдыңғы он елдің қатарына кіріппіз!..
Мұндай деректер нені аңғартады? Еліміздегі саяси және экономикалық жағдайларды терең талдамаған күннің өзінде, бұл алдымен біз өмір сүріп отырған, өзіміз қолдан жасап алған қоғамдағы қайшылықты, әлеуметтік-тұрмыстық теңсіздікті көрсетсе керек. Мықты деген сараптамалық орталықтың зерттеулерінің өзі жүз пайыздық толық және нақты ақпарат бере алмайтыны белгілі. Шын мәнінде еліміздегі кедейшілік деңгейі бұдан әлдеқайда жоғары екені жасырын емес. Әрине, біздегі ресми деп есептелетін мәліметтер де дәлдіктің үлгісі емес, онда да айтарлықтай ауытқулар бар. Әсіресе, оң көрсеткіштерді көпіртіп көрсетіп, кемшіліктерді бүркеп қалатын біздің ресми орындардың бұрыннан қалыптасқан құйтырқы әдеті. Басқасын былай қойғанда, Мемлекет басшысының өзіне есеп бергенде біздің лауазымдылар жалған ақпаратқа жол береді. Айталық, биылғы жыл басында Премьер-министр Асқар Мамин Мемлекет басшысына өткен 2020 жылдың қорытындысы бойынша ел дамуының макроэкономикалық көрсеткіші мен республикадағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндаған болатын. «Алдын ала алынған мәліметтерге сәйкес, Президентке 2020 жылы нақты сектордағы өндіріс көлемі 2 пайызға артқаны жайында ақпарат берілді. Өңдеу өнеркәсібі – 3,3 пайызға, оның ішінде азық-түлік өндірісі – 3,6, фармацевтика – 40, дайын металл өнімдерін өндіру – 20, машина жасау – 16, автомобиль өндірісі – 53, жеңіл өнеркәсіп – 16 пайызға өскен. Осылайша нақты сектор ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтаудың басты факторына айналған. Асқар Мамин мемлекет басшысына ұзақ мерзімді орта көрсеткіштер бойынша құрылыс саласының қарқыны айтарлықтай жоғары екенін айтты. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5 пайызға артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 14,5 пайызға көбейген немесе 15 миллион шаршы метр баспана тапсырылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 5 пайызға жеткен. Тау-кен өндірісіндегі темір кені және өзге де пайдалы қазбалар бойынша өсім сақталды» – деп жазды Stan.kz ақпарат агенттігі және өзге де басылымдар біздің Премьер-министрдің есебі жайлы.
Енді ойланып көріңіздерші, былтырғы жыл өте ауыр болғаны белгілі. Коронавирус індетіне байланысты бірнеше айға карантин жарияланып, елдегі тіршілік тұйыққа тірелгеніне бәріміз куәміз. Сыртқы елдермен экономикалық байланыс уақытша үзіліп, өндіріс ошақтары, қызмет көрсету саласы жартылай тоқтады. АҚШ пен Еуропадағы мақтаулы дамыған елдердің өзі экономикалық құлдырауға тап болып, ол туралы халықаралық басылымдар жарыса жариялап жатты. Ал біздің елде әлемді жайлаған ковид пен соған орай орын алған дағдарысқа қарамастан көптеген салада өсім пайда болған. Әрине, бұл қуанышты жағдай дер едік. Бірақ бұл көрсеткіштердің растығына сенесіз бе? Сенейін десек қарпайым халыққа ең қажет деген азық-түлік, дәрі-дәрмектің бәрі қымбаттап, кедейшілік деңгейі неге өсіп кетті? Экономикасында ілгерілеу бар елде бұқараның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсару керек емес пе? Өткен жылы баға азық-түлік тауарларына 11,3, азық-түлік емес тауарларына 5,5, ақылы қызметтерге 4,2 пайызға көтерілді. Бұл мәліметтерді Ұлттық статистика бюросы ұсынған. Осы ресми ведомствоның мәліметінше, өткен жылда бағаның өсуі құмшекерге – 33,9, күнбағыс майына – 33,7, жармаларға – 28,7, жұмыртқаға – 20, картопқа – 16,8, ұнға – 16,3, жаңа жиналған көкөністерге, қой етіне – 15,4, жаңа жиналған жемістерге – 14,9, макарон өнімдеріне – 14,7, сары майға – 13,6, жылқы етіне – 11,9, мәйекті ірімшікке – 11,4, шайға – 11,2, мұздатылған балыққа – 10,1, сиыр етіне – 10, сүтке – 9,7, нанға 5,9 пайыз деңгейінде болған. Бұл деректер де жобамен алынған деуге болады, өйткені сауда алаңдарында осы аталған азық-түлік бағасы бұдан қымбат болды. Премьер-министрдің берген есебі бойынша еліміздегі ауыл шаруашылығы саласында – 5, азық-түлік өндіруде – 3,6, өңдеу өнеркәсібінде – 3,3 пайыз өсім болса, халыққа ең қажет азық-түлік бағасы қалайша көтерілген? Тауар мол, жеткілікті болса нарық заңы бойынша оның бағасы керісінше түсуі керек қой. Демек, бас уәзірге дайындап берген мәліметтерде шикілік бар. Біздегі қалыптасқан үрдіс бойынша жоғары жаққа есеп бергенде «жетістіктерін» еселеп көрсетіп, кемшіліктерін бүгіп қалады. Өйткені төмендегі басшылар сөгіс алғысы келмейді, отырған орнынан айрылып қалам ба деп қорқады. Сөйтіп жалған мәлімет береді. Мұндай көзбояушылықтың соңы елдегі халықтың нақты әлеуметтік жағдайын бағалауға, болашаққа бағдар жасауға кесірін тигізеді.
Қалай десек те кедейшілік жайлы осы бір деректердің өзі ойландырарлық жағдай емес пе? Бір қарағанда үкімет тарапынан бағаны тұрақтандыруға талпыныс жасалып жатқандай болады. Соның бірі – тұрақтандыру қоры. Жұртқа ең қажет азық-түлік қорын жасау арқылы бағаны тұрақтандыру барлық аймақтар мен қалалардағы әкімдіктерге жүктелген. Бірақ ешқандай нақты нәтиже болмады. Бағаны көтеретіндер әкімдерден ақыл сұрап, олармен санасып жатқан жоқ.
Біз қымбатшылықтың өзімен емес, салдарымен күресіп жүрміз. Былайша айтқанда өртенген үйдің күйген үйіндісін тазалаумен әлек болып жатқандаймыз. Өрт қалай, неден шықты деген сұрақ туралы ойланбаймыз. Оның себебін анықтап, алдын алу атымен жоқ. Демек бағаның не себепті өсіп отырғанын сараламаймыз, немесе ол туралы ойланғымыз келмейді. Тіпті соған деген ниет те байқалмайды. Үкімет пен әкімдіктегілердің айтататыны – бағаны нарық реттейді. Барлық кінәні нарыққа арта салып құтылады. Олай болса, шындап келгенде бізде өзі нарық деген бар ма? Бар болса оның заңдылықтары сақтала ма? Әрине жоқ. Нарық заңдылықтары сақталса тауардың молшылығына қарай сұраныс та азаяды. Сұраныс азайса баға да түседі. Бұл нарықтың негізгі заңы. Олай болса бізде бір көтерілген баға неге түспейді? Демек, біздегі нарықтық экономика – жабайы, әлі де сол дамымаған «алғашқы қауымдық» кезеңінде тұр.
Өткен жылдың қымбатшылыққа қатысты көрсеткіштері өз алдына, қиындықтарды бастан өткізіп оған көзіміз анық жетті. Биылғы жыл былтырғыдан да асып түсуі әбден мүмкін. Оның алғашқы хабары келіп жетті. Басқасын саусақпен санамай-ақ, тек қана жанар-жағар май мен электр қуатының қымбаттауы туралы жақында жариялаған үкіметіміздің «қуанышты» хабарын айтсақ та жетіп жатыр. Электр қуаты мен жанармай экономиканың негізі екені бесінші сыныптың оқушысына да белгілі. Осы екеуі қымбаттаса бүкіл өндіріс атаулы, тасымалдау және басқа да қызметтер, барлық тауарлардың құны да көтеріледі. Қазірдің өзінде елімізде бензин қымбаттап үлгерді. Ал жыл басынан бері жиі қолданылатын АИ-92 бензинінің литрі бақандай 20-30 теңгеге өскен. Алматыда ол 150 теңгеден 168 теңгеге, елордада – 170 теңгеге дейін көтерілсе, мұнайлы өлке Атыраудың өзінде жанармай бағасы 200 теңгеге бір-ақ шыққан. Оны сала басшылары өздерінше түсіндіргісі келеді. Мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын, бензин арзан болса көрші жатқан елдер сатып алып кетеді деген кісі сенбейтін сылтауларын алға тартады. Сонда қалай болғаны, біздің шекарамыз ашық-шашық жатқаны ма? Кеденде ақша жасау үшін шеттен келетін тауар тиелген көліктерді тоқтатып, ондаған шақырым кезек тізуді білетіндер елімізден шыққан бензинді көрмей қала ма? Әлде ол үшін де ақша ала ма? Немесе мұнай зауыттар жыл бойы жөндеу жүргізе ме? Жөндеу жұмыстары қажет, оның да белгілі мерзімі бар. Жөндеу жұмыстары кезеңінде бензин тапшы болып баға көтерілуі мүмкін. Ал жөндеу жұмыстары біткен соң, өнім шығару қалпына келгенде баға неге қайтып орнына түспейді? Бұның бәрі «сыныққа» айтар сылтау ғана. Ең бастысы жанармайға аса қажет мұнайды сырттан сатып алып жатқан жоқпыз. Біздің еліміз мұнай өндіруден әлем бойынша алдыңғы қатарда тұрғаны да белгілі. Рас, жанармай шығаратын мұнай бағасы бірде түсіп, бірде көтеріліп, әлем бойынша үнемі құбылып тұрады. Осыған орай бензин бағасы неге анда-санда болсын арзандамайды. Жоқ, біздегі бағалар бір көтерілсе, қайтып төмен түспейді. Ондай жағдай еліміздің тарихында болған емес. Бізде нарық деген жарылқаушы бар ма деген сұрақтың туындауы да содан.
Еліміздегі электр қуатына қатысты мәселе де осыған ұқсас. Қуат өндіруге қажет көмір жетіп артылады. Бір ғана Екібастұз көмірінің қоры кем дегенде жүз жылдан аса уақытқа жететіндігін сонау кеңестік кезеңде зерттеліп жарияланған болатын. Соған қарамастан электр қуаты әлсін-әлсін қымбаттаумен келеді. Оған да үкіметтің айтар уәжі көп. Бұл туралы кезінде Мәжілісте де үлкен әңгіме болған-ды. Электр қуатын өндірушілер мен оны таратушылар тарифты негізсіз көтергендігі сынға алынып, кейбір тексеру қорытындылары да айтылған. Саладағы кәсіпорындар тарифті көтергеннен түсетін пайданы жұмысшылардың айлығын көтеріп, құрал-жабдықтарды жаңартудың орнына басшылары өздеріне елден ерекше жоғары жалақы тағайындап, қымбат көліктер мен кеңселеріне жиһаз сатып алумен айналысқаны да ашық айтылды Мәжілісте. Бұл жолы да үкімет сол ескі әуеніне басып, кәсіпорындардың құрал-жабдықтары әбден тозған, сол себепті жүздеген апаттар орын алып жатыр деп дабыл қағуда. Бұл да сылтау ғана. Әрбір кәсіпорын жылдық шығындарын жобалағанда құрал-жабдықтарды жөндеу немесе жаңасына ауыстыру міндетті түрде ескерілуі қажет. Ол әлемдік тәжірибеде әлдеқашан қалыптасқан үрдіс. Негізінде осы мәселе кәсіпорынның өзінің «бас ауруы» болуы керек. Кәсіпорын жекеменшікте болғандықтан оған халық неге артық ақша төлеуі керек? Оның үстіне осы шығындарды үкімет те өтеуге міндетті емес. Өйткені, мемлекеттің қаржысы – халықтың ақшасы.
Енді бағаның мүлдем бұғаусыз кеткен кейбір себептеріне тоқтала кетейік. Сөз жоқ, бағаны нарық реттеу керек. Бұл заңдылық. Нарық заңдылығына монополия деген ұғым жат. Өйткені бір саланы иемденіп алған монополист компания немесе жекелеген тұлға ешкімге дес бермейді. Бағаны қалауынша қойып, білгенін істейді. Себебі, бұл салада өзіне бәсекелес ешкім жоқ. Бір ғана қазба байлық саласын алайықшы. Олардың көбісі шетелдіктерге берілген. Қалғаны өзіміздің монополистердің қолында. Ол кәсіпорындардың өздерінің еншілес компаниялары көп екені белгілі. Қаржы жымқыру дәп осы еншілес компаниялар, ортадағы делдалдар арқылы жүргізіледі. Белгілі бір жұмыстарды жоспарлап, оны сол еншілестеріне тапсырады. Тапсырыс орындала ма жоқ па, ол жағын монополист өзі біледі. Бірақ қомақты қаржы аударылады. Ол қайда кетеді?..
Бізде монополияға, жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін құзырлы орындар көп болғанмен жұмысы нақты нәтиже берген емес. Олардың қатарында есеп комитеті, прокуратура, полиция, жемқорлыққа қарсы күрес агентігі, салық органдары секілді мемлекеттік органдар да толып жатыр. Бірақ бағаны көтеретін монополист те тегін тұлға емес. Оның басында ықпалды адамдар тұрады. Әрине кәсіпорындарды туыстарының, сенімді таныстарының атына рәсімдеп қойған. Қазіргі тілмен айтқанда «атқарушы директор» басқарады. Ал нағыз монополист тасада отырып өз жоспарын іске асырады. Оның нақты иесін іздесеңіз жоғары жақтан бір-ақ шығуыңыз ғажап емес. Оларға мықты деген құзырлы органның да тісі батпайды, өйткені тексеруші органдардағылар да сол жоғары жақ тағайындаған мамандар.
Бізде адамдар еңбек етіп байымасын деген заң жоқ. Бірақ мемлекет қаржысын ұрлау мен жемқорлыққа жол берілмеуі керек. Өйткені, тойымсыздықтан туындаған осы қылмыстар қымбатшылыққа ұрындырып, халықтың тұрмысын төмендетіп, мемлекеттің қуатын әлсіретеді. Өкініштісі, осының бәрін өз қолымызбен жасап жатырмыз. Сонда өзімізге өзіміз жау болғанымыз ба?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz