Жолтай Әлмәшұлы. ЕЛШІЛДІК ДЕГЕН НЕ ӨЗІ?
2021 ж. 05 сәуір
1969
1
Ойхой-й, шіркін! Сөйлеп берсек, бәріміз де шетімізден елшілміз! Әкіміміз де, ақынымыз да, ғалымымыз да – барша-баршамыз! Төгіліп бір бергенде ел-жұртымызды емірене сүйіп, естен тана жақсы көретін келбет танытамыз. Бірақ, елшілдік тек текірек шаруа мен тіл ұшындағы сөз ғана ма? Жоқ, олай емес! Елшілдіктің астарында талай-талай тастақты жолдар мен асу бермес өркеш-өркеш жоталар арыстан айбат көрсетіп, жатып алмағы тағы бар. Біз осы жазбада не айтқымыз келді?
Тым тереңге бойлап кете бермей, бір ғана азаматтың – әрі ақынның, әрі депутаттың, әрі шындық үшін шырылдаған жігіттің – айналасында ой толғап көрелік.
Ол алдымен Алла берген талантын қамшылап, өлең жазды, жыр толғады, жақсы жырлары жәми қазақтың ойынан шықты, жадында жатталды!
Ол баспагерлік – редакторлық қарымын көрсетіп, газет шығарды, өз басылымында жекенің емес, жалпының, тобырдың емес, түгел жұртының жанына батқан, жүрегін ауыртқан жағдаяттарды батыл жазып, қазбалап көрсетуге тырысты! Қазақ қауымы басылымды жылы қабылдады!
Ол, жолы болып, ел парламентіне депутаттыққа сайланды, алайда жылы орынға масайрап, мұнда да қарап отырмай, ұлтының ащы етіне аяздай батып жүрген толғаулы мәселелерді кезек кезегімен жұртшылық талқысына ұсынды: олар – ана тіліміздің жан аярлық, тіпті кісі күлерлік халі, Алаш қайраткерлерінің еңбегі еленіп, әлі күнге өз тұғырына толық қона алмауы, зұлмат жылдары амалсыз шетел асып кеткен отандастарымыздың туған топыраққа қайта оралуындағы кібіртік жағдаяттар жайы, т.б.
Ол осындай батыл да әділ ойларынан, шынын айту керек, кейде қолдау тауып, кейде «таяқ» та жеп жатты, бірақ шегінген кезі болмапты – жүректілік пе? Тіпті әзелде түкке тұрмасты термелеп, қайтсек сүріндіріп жібереміз деп, тырнақ астынан кір іздеушілер де табылмай қалмады – қазақпыз ғой баяғы!
Әуелгі әңгімеге қайта оралалық! Сонымен, Елшілдік дегеніміз не өзі? Елшіл мінезді қайдан және қалай көре алады екенбіз, а? Ондай адамдар осы күні арамызда бар ма? Таба аламыз ба біз оны?
Қиын сауал! Десе де, жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртуден Алла сақтасын! Көп емес шығар, бірақ бар ғой...Жүр ғой олар!..
Біз жоғарыда мысал ете сөз еткен қазақ азаматы кім екенін әркімнің іші сезген болар-ақ! Ендеше, мәймөңкелей бермей, атын да бадырайта айтып өтелік. Ол – қазақ ақыны, баспагер-редактор, қоғам белсендісі, Мәжіліс депутаты, қайсар мінез ініміз Қазыбек Иса!
Басқа сөздің басы артық! Осымен тоқталық!..
Жолтай Әлмәшұлы, Фейсбук парақшасынан