Смағұл Елубай: Қазақтың аздығынан күн құрғатпай зардап шегіп отырмыз
2021 ж. 18 наурыз
2108
1
ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса парламентте қандастар көшінің іркілуіне орай және сол көштің жолын ашудың бағытын көрсететін өте өзекті мәселе көтерді.
Қазақ көшінің тоқтап қалуына бір шолақ шенеунік кәсіпкер "Жаңаөзен оқиғасын жасаған оралмандар" деген жалғыз ауыз сөзі тосқауыл болған. Қандасдастарға 4 жылға шейін азаматтық бермеу туралы шешім қазаққа қарсы қабылданған шешім болды. Ол солақай шешімді жөндегенше біраз жылдар өтті. Енді бүгінде көшіп келушілер легі ең төменгі деңгейге түсті.
Бұл сорақылық көшке тұсау болды. Енді бүгін сол сол сорақылық зардабын жөндеу үшін бір пәрменді шешім керек. Ол - шетел қазақтарына келген бетте азаматтық беру. Азаматтығы жоқ қандастардың қандай қиындыққа ұрынып жатқанын көріп отырмыз ақпарат құралдарынан.
Шындығын айтсақ, азаматтығы жоқ адамның Қазақстанда күн көруге мүмкіндігі жоқ. Олар қаңғып қалады. Ендеше азаматтық оларға Қазақстан шекарасын аттаған бойда берілуі керек. Израиль сөйтеді. Онсыз оларды шақыру обал жасаумен бірдей.
Ал өзіміз болсақ қазақтың аздығынан күн құрғатпай зардап шегіп отырған халықпыз. Ендеше көштің аяғына тұсау болып отырған Келеңсіздіктен құтылу керек емес пе!?
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері