Интернет деп итшілеп, талай ауыл баласы...
2021 ж. 13 наурыз
1194
0
Павлодар облысы Баянауыл ауданы әкім-қараларының әзірге «Қазақ үні» сайтының «төрінен» түскісі жоқ. Бұған дейін әкім орынбасарының орыс тілінде «құйқылжуымен» және ауылдың бес азаматының маңдай терінің ақысын ала алмау фактісімен «танымал» болған ауданда енді интернеттің аса ақсап тұрғаны белгілі болды.
Туристік аймаққа жататын Торайғыр ауылында интернеттің әлсіздігі, әсіресе, бала мен студент атаулы онлайн оқуға көшкен пандемия кезінде айқын білінді. Торайғыр халқы қазіргі уақытта интернет іздеп 15 шақырымдағы Жасыбай елді мекеніне сабылып жүр. Тұрғындардың айтуынша, бұрын аса сапалы болмаса да, ауылда Beeline ұялы байланысы алыс-жақынмен хабарласуға қызмет етіп тұрған. Сонымен қатар, медиафайлдар мен дыбыстық хабарламалар алмасу қиын болса да, WһatsApp та біраз кәдеге жарап тұрған. Қазіргі уақытта жай ғана кіріс-шығыс қоңыраулары қиындап кетіпті. Ал Жасыбайға сабылу қашан тоқтайтыны белгісіз.
Қалың ел «Цифрлы Қазақстан» деп атойлаған уақытта торайғырлықтардың бұл мәселеде қол қусырып отырғысы жоқ. 17 қаңтарда Торайғыр ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Б.Жәкенов жауапты мекемелерге былай деп хат жолдапты: «2021 жылғы 3 ақпанда Торайғыр ауылында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, 3G жылдамдықты байланыс құрылғылары орнатылды. Осы жұмыстардан кейінгі екі аптада Торайғыр ауылында кіріс-шығыс қоңыраулары тіпті нашарлап, сөйлескенде шуыл пайда болды».
Бұл жайт аудан әкіміне де жетіп, 25 ақпан күні торайғырлықтарға мынадай ресми жауап келген көрінеді:
«Қазақстан Ресубликасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мобильді операторлармен бірлесіп тұрғын саны 250 және одан көп адамы бар елді мекендерді 3 G, 4 G жоғары жылдамдығына ие интернетпен қамтамасыз ету бойынша 2020 жылғы жұмыс жоспарына Торайғыр ауылы енгізіліп, 3 G құрылғысы орнатылды. Алайда Торайғыр ауылы таулы, қырлы аймақта орналасқандықтан және спутниктік байланыс болғандықтан, құрылғы интернет желісінің сигналын қабылдауға жеткіліксіз. Бюджетте ұялы байланыс желісіне қаржы қарастыру бағдарламалары болмауына байланысты қажетті 30 метрлік мұнараның құрылысын салу мәселесін шешу жолдары қарастырылуда».
Біз интернет сапасыздығы жайлы ауылдың бірқатар тұрғынының пікірін сұрадық. Торайғырлық Ғабдылмәлік Ыбырай былай дейді:
- 3G дегенді тек ватсап ашу деп түсінбеуіміз керек. Видеолар күндіз ашыла қоймайды. Интернет студенттердің сабақты онлайн түрде оқуына мүмкіндік беруі керек. Үкіметтің порталдары да халыққа қолжетімді болуы керек емес пе. Интернет мәселесін ауыл болып шеше алмай отырғанымыз өкінішті! Қаншама жастардың сабақ оқу үшін пандемия кезінде сыртта тентіреп жүргені жасырын емес.
Ал ауылдық округ әкімі Арғын Абраров болса «Сабыр түбі – сары алтын» деген ұстанымда:
- «Картел» ЖШС 3G құрылғыларын орнатқаннан бастап телефон байланысы өте нашарлап кетті. Кәсіпорын басшыларына бірнеше мәрте хат жаздым, телефон арқылы да сөйлестім, қазіргі уақытта өтінімдерді өңдеу орталығы кескіндемені өзгерту және реттеу жұмыстарын жүргізуде. Жақын арада телефон байланысы түзеледі. Шыдамдылық танытыңыздар!
Біз өз сұрағымызды аудан әкімі Қанат Кәрімовке де жолдаған едік. Қанат Сәрсенұлы жауап ретінде бізге өзінің 1 наурызда «Картел» ЖШС директоры Евгений Настранинге жолдаған хатының көшірмесін көрсетті. Неге екені белгісіз, әкімнің хаты «Баянауыл әкімдігі ауданның мыңдаған тұрғындары атынан сапалы мобильді байланысты қолжетімді еткеніңіз үшін зор алғыс білдіреді», - деп басталыпты.
Осыны көріп әкімнің сапасыз байланыстан запы болып отырған қалың елдің атынан алғыс білдіруге қақысы бар ма деген сұрақ көкейімізде қылаң берді...
Десе де әкім хатын: «Сөйте тұра ауданымызда бірқатар сакралды орындар мен туристерді тарту орталықтарында сапалы мобильді байланыс жоқ, кейбірінде мүлдем жоқ. Осыған байланысты, әкімдік бірқатар ұсыныс білдіреді. Сараптамасы бар сапалы жобалық-сметалық құжаттама ұсынған жағдайда біз Торайғыр ауылында биіктігі 30/35 метрлік базалық станция салуға қаржы бөлуге, оны келешекте 3 G, 4 G форматындағы ұялы байланыс сигналдарын тарату мақсатында компанияңыздың басқаруына ұсынуға дайынбыз».
Мәселенің байыбына барсақ, аудан әкімі әрекетсіз емес, тиісті кәсіпорынға нақты ұсыныс жасағаны хатта жазылыпты. Тек бұл ауыл әкімі тарапынан жұртшылыққа түсіндірілмеген.
Айта кетерлігі, ауылдың бірер тұрғыны өтініп, осыған дейін ауылда орын алған бірер проблеманы БАҚ беттерінде көтерген журналисті Торайғыр тұрғындарының WhatsApp тобына шақырған болатын. Өкінішке қарай, Арғын Абраров осы кезде «Кім көрінгенді кіргізбеңдер! Одан да ақсақалдар чатын ашайық!» - деп байбалам салды. Әкімнің ақсақалдар чатын ауылдастары интернетті жоқтап дабыл қаққанға дейін неге ашпағанын түсінбедік. Түсінгеніміз – Абраров мырзаның журналисті «кім көрінген» деп атап, мемлекеттік қызметкер этикасын аттап отырғандығы. Оған бұлай дегізіп отырған ауыл әкімінің тым жоғары жалақысының буы ма екен әлде?!
Жанаргүл Қадырова,
Павлодар облысы