Орыс тілінде сөйлеген депутат партия қатарынан шығарылды
2021 ж. 09 наурыз
1523
0
Партия депутаттың "басқыншы елдің тілінде" сөйлегенін және әріптестерінің ескертуін елемегенін айтқан.
Украинада орыс тілінде сөз сөйлегені үшін облыстық кеңестің депутаты Александр Дорошенко партия қатарынан шығарылды, деп хабарлады paryz.kz, РИА Новости-ға сілтеме жасап.
"Еуропалық ынтымақтастық" партиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Харьков облыстық кеңесінің депутаты Александр Дорошенко орыс тілінде сөйлегені үшін фракция қатарынан шығарылған. Партия депутаттың "басқыншы елдің тілінде" сөйлегенін және әріптестерінің ескертуін елемегенін айтқан. Александр Дорошенконың өзі Facebook-тегі парақшасында орыс тілін қатты қобалжығаннан кейін қолданғанын мәлімдеген.
"Қобалжыдым, сол себепті орыс тілінде сөйледім және украин тілінде ойымды жеткізе алмадым. Қоғам алдында, сондай-ақ "Еуропалық ынтымақтастық" партиясындағы әріптестерімнің алдында кешірім сұрағым келеді. Менің әріптестерім жасаған ескертулерге реакциям басқаша болуы керек еді" деп жазған депутат. Сонымен бірге Дорошенко алдағы уақытта көпшілік алдында тек украин тілінде сөйлеуге уәде берген. Десе де, ол өзінің орыстілді екенін мойындаған.
Айта кетсек, 2019 жылдың сәуір айында Украинада "Украин тілін мемлекеттік тіл ретінде қамтамасыз ету туралы" заң қабылданған. Құжат бойынша заң нормасын бұзған шенеуніктерге айыппұл салынады. Ал 16 қаңтардан бастап Украинада қызмет көрсету саласында украин тілін міндетті түрде қолдану туралы ереже енгізілген.