Полицей Серафима Окишева қазақ тілінен өткен байқауда жеңімпаз атанды
2021 ж. 09 наурыз
970
0
Петропавлдық тәртіп сақшысы Серафима Окишева Жамбылдың 175 жылдығына арналған облыстық қазақ тілінен өткен байқауда бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Серафима Окишева Петропавл қалалық полиция басқармасының арнайы қабылдау бөлімшесінде жұмыс істейді. Қазақ тілін мектепте жүріп терең меңгере бастаған. Бүгінде соның нәтижесін көріп отыр. Еш қиындықсыз іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізеді.
СҚО әкімдігі жанындағы Тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған онлайн-байқау Жамбылдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылды. Серафима Окишева байқауға ақын-жыраудың «Ленинградтық өренім» өлеңін нақышына келтіре оқып, бейнеролик жіберді.
«Ленинградтық өренім» өлеңі Жамбылды бүкіл Кеңес Одағына танытты. Блокаданы басынан өткерген батырлардың ұрпақтары әлі күнге дейін «Қарт Жамбылдың» рухты өлең жолдарын жатқа біледі. Құрмет тұтады. Мен де ақынның бұл өлеңін сүйіп оқимын. Байқауға орай «Ленинградтық өренім» өлеңін Петропавлдағы Жамбылдың ескерткішінің жанында оқыдым. Бейнероликті сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысқан солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларына арналған облыстық полиция музейіндегі жәдігерлер жанында түсірдік», - дейді Серафима.
Әділқазылар Серафиманың тіл тазалығын, мәнерлеп оқуын жоғары бағалады. Бейнеролик қала шегінде, ақынның ескерткіші мен түсірілді.
СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевтың айтуынша, жеке құрамның мемлекеттік тілді меңгеруге деген ұмтылысы облыстық полиция ведомствосында жан-жақты қолдау табады. Қызметкерлерге арналған сабақтар тұрақты өткізіледі. Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі қазақ тілін насихаттауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырады.