Мемлекет қаржысы неге мемлекеттік тілде жазылған жобаларға берілмейді?
2021 ж. 07 наурыз
878
0
«Адырна» ұлттық порталының хат қоржынына мемлекеттік гранттардың бөлінісі туралы шағым хат келіп түсті. Хатты жолдаған заңгер азамат еліміздегі қазақтілді қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік гранттан қалай шеттетіліп жатқанын, гранттарды бөлудегі заңсыздықтар туралы жан-жақты талдап, баяндапты.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамның (Оператор) 2021 жылы 18-ақпанда өткізген мемлекеттік гранттар беруге арналған конкурстық комиссияның шешімін келесі заң бұзушылықтарға сәйкес, күшін жоюды сұраймыз:
1.Конкурсқа қатысуға тапсырылған 221 өтінімнің 42-сі қазақ тілінде. Бұл комиссия құрамында қазақ тілін еркін білмейтін, яғни қажетті деңгейде түсіне алмайтын (деп ойлаймын) мүшелер болды. Мысалға, ҚР Парламентінің депутаты Ирина Смирнова, отбасылық тәрбие институтының директоры Набитовская Любовь, Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі халықаралық академиясының Алматы қ. филиалының мүшесі Бенсман Владислав Абрамович сында азаматтар. Бұл тұлғалар қазақ тілін қажетті деңгейде білмегендіктен, қазақ тіліндегі өтінімдер орыс тіліне аударылды. Аталған тұлғалар өздеріне өтінімдердің тек орыс тілінде берілгенін (әлеуметтік желі арқылы, көшірме бар) жеткізді, яғни аударма жасалды.Осыған сәйкес, келесі заң бұзушылықтар орын алды:
а) Азаматтық Кодекстің 125-бабының екінші тармағына сәйкес, өтінімдер авторлық құқық объектісі болып табылады, яғни Оператор өтінім берушінің рұқсатынсыз басқа тілге аударуға құқығы жоқ;
б) орыс тіліне аударылған өтінімдердің түпнұсқасына сапалық және сәйкестігіне арнайы тексеріс жасауды талап етеміз. Өтінімдердің түпнұсқасы комиссия секретарының (Мұхамеджанова Дана) жеке электронды поштасы арқылы комиссия мүшелеріне 18-ақпанға дейінгі мерзімде жолданған (одан кейінгі мерзімде менің талап етуіме байланысты арнайы аудармашылар арқылы аударуы мүмкін).
3.«Гранттар беру және олардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 413 бұйрығының (Қағида) 19-тармағына сәйкес, Оператор сараптама комиссияларының құрамдары бекітілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде оларды өзінің интернет-ресурсында, сондай-ақ уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырылуы керек. Алайда бұл ақпарат жарияланған жоқ.- Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің м.а. 22.01.2021 № 21 бұйрығымен бекітіліп, алғашқы ресми жарияланған күнінен (27.01.2021 ж.) кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілді. Яғни 7.02.2021 ж. толық күшіне енді.
Қағиданың 21-бабына сәйкес, Оператордың бірінші басшысы немесе оны алмастыратын адам сараптама комиссиясының хатшысы болып табылады. Алайда 18-ақпанда өткізілген комиссия отырысының хатшысы Оператордың менеджері (Мұхаметжанова Дана) болды.
5.Қағиданың 22-бабына сәйкес, сараптама комиссиясының мүшелері өз бағаларын түсініктемелерімен береді, сонымен қатар 2019 ж. 11 шілдеде № 19 «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен мемлекеттік гранттарды беру үшін грант алушыларды іріктеу бойынша конкурстық комиссия туралы Ереженің (Ереже) 61-тармағына сәйкес, сарапшылар әр көрсеткіш бойынша жанжақты негіздеме және түсініктеме береді.Open society қоғамдық қорының ағымдағы жылдың 19-ақпан күні жолданған сұрау хатының түсініктеме беруге қатысты талабына жауап толық берілмеді.
- Қағиданың 35-бабына сәйкес өтінімдерге бірегей код беру қарастырылған. Яғни, өтінім беруші ұйым мен оның басшысының атауын жасыру қарастырылған. Алайда Оператор код қойылған өтінімдерде жобаға тартылатын сарапшылар мен топтық құрамның аттары жасырылған. Заңда нақты реттелмегендіктен топтық құрамды жасыруға жол берілмеген. Ал топтық құрам өтінімнің негізгі бөлігі болып табылады және жобаның маңыздылығы мен әлеуетін көрсетеді.
- Қағиданың 36-бабына сәйкес сараптама комиссиясының мүшелері өз бағаларын түсініктемелерімен береді. Алайда өтінімдерге бағалау парақтарында сарапшылар тарапынан түсініктемелер болмады. Оператор сарапшылар тарапынан түсініктемені алмай комиссияның шешім қабылдауына жол берді.
- Ереженің 20-бабына сәйкес қажеттілік (тиісті сала мамандары болмауы) туындаған жағдайда сарапшыларды қайта іріктеу отырысы өткізіледі. Көптеген тақырыптар бойынша тиісті саланың мамандары болмағандықтан қосымша тиісті сарапшыларды тарту жұмысы жүргізілмеді.
Мысалға келесі сарапшылар өздері баға берген өтінімдер бойынша маман болып табылмайды:
- 2 тақырып «Халықтың денсаулық және инфекциялық емес аурулардың (ИЕА) тәуекел факторларына қарсы күрес мәселелері бойынша сауаттылық деңгейін арттыру» бойынша медициналық мамандығы бар сарапшылар болған жоқ;
- 15 тақырып «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» бойынша сарапшылар Есмахан Бауыржан – теолог, Садвакасова Айгуль – этносоциолог.
- Ереженің 38-тармағының 1-тармақшасына сәйкес Сарапшы конкурстық комиссия отырысына өзі қатысуға міндетті. Алайда Бенсман Владислав, Смирнова Ирина отырысқа (онлайн және оффлайн) қатыспады.
- Ереженің 38-тармағының 6-7 тармақшаларына сәйкес қажеттілік туындаған жағдайда (біз талап еттік) сарапшылар құзыретіне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары (әлеуметтік желі арқылы сұрақ қойылды) арқылы ақпарат беруге міндетті және қабылдаған шешімге дербес жауапкершілік алады. Open society қоғамдық қорының 19-ақпандағы сауал хатына бұл ақпараттар берілген жоқ.
Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы Опертор басшылығына онлайн нұсқада комиссия мүшелерін қатыстыра отырып кездесу өткізу сұранысына жауап болмады. Яғни Оператор ашықтық қағидаттарды басшылыққа алмауда.
- Ереженің 39-тармағына сәйкес сарапшылар тақырыптар бойынша құзыреттілік және жоғарғы кәсібилік қағидаттарға сәйкес болмады (мысалға жергілікті өзін өзі басқару тақырыбында). Біріншіден бірқатар сарапшылардың кәсіби мамандануы сәйкес келмеді, екіншіден өздері қойған бағаларға түсініктеме берген жоқ.
- Ереженің 52-тармағына сәйкес егер өтінім беруші екі және одан көп тақырыптар бойынша жеңімпаз болған жағдайда конкурстық комиссия отырысында өтінімдерді қосымша талқылауға жол беріледі. Конкурстық комиссия отырысының шешімі бойынша Қазақстанның азаматтық альянсы (32196+32099 мың), Жас Ұлан Республикалық қоғамдық бірлестігі (20000+20000 мың.), «Қазақстанның еріктілер лигасы» Қоғамдық қоры (9153+7860 мың.), «Институт равных прав и равных возможнестей Казахстана» (30000+15000 млн.) екі тақырып бойынша жеңімпаз атанды. Бірақ қосымша талқылау болған жоқ. Жалпы соммасы 550 221 мың теңгені құрайтын конкурсқа 74 ұйым қатысып, оның 383 913 мың соммасы 21 ұйымға беріліп, ал 166 308 мың соммасы тек 4 ұйымға тиесілі болды.
- 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының 9-бабының 2-тармағының 1-3-тармақшаларына сәйкес Оператор ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге қажетті ұйымдастырушылық-техникалық және басқа да жағдайларды өз өкілеттіктері шегінде қамтамасыз етуге, анық және толық ақпарат беруге міндетті.
Open society қорының ағымдағы жылдың 19-ақпандағы Операторға жолданған сұрау хатына сәйкес келесі құжаттарды ұсыну талап етілді:
- "Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру" тақырыбы бойынша комиссияның біздің және жеңімпазды бағалау парағы мен өтінімдері (ақпарат толық берілген жоқ);
- аталған тақырып бойынша комиссия мүшелерінің түсініктеме беру (ақпарат берілген жоқ);
- комиссия мүшелерімен онлайн форматта кездесуді ұйымдастыру.
Оператор тарапынан құпиялық мәртебесі жоқ құжаттар мен ақпаратты беруге қатысты міндеттемелері орындалмады.
- Оператор басшысы пікірлесу және ақпарат алу барысында мемлекеттік тілді қолданбайды. Ескере кетсем, Оператордың грант беру тарихында мемлекеттік тілде әзірленген өтінімдер жеңімпаз болған емес. Бұған себеп Оператор басшылығының мемлекеттік тілді білу деңгейімен және жалпы ұстаныммен байланысты!.
Марғұлан ЕРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
«Open society» қоғамдық қорының төрағасы.