АМАНАТЫН ОРЫНДАҒАН АЛАШ КӨСЕМІ
2021 ж. 05 наурыз
2262
0
Бүгін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толып отыр.
Биыл 30 жылдығы тойланатын Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алашорданың орны айрықша!
Орта Азияда алғашқы заманауи саяси партия құрып, Алаш автономиясын жариялап, Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Азаттық жолындағы ұлы күресте ұлт болашағы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білуімен қандай құрметке де лайықты.
Басты Ұраны - Жерді сатпау, Елді сақтау,Тілді сақтау болған Алаш арыстарын ұлықтауды Президенті Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында бастап берді: "Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек" – деп, атап көрсетті.
Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі комиссияның мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар қатарында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы да бар екені көңілге қуаныш ұялатады.
Сондай-ақ, Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның атын беру жөніндегі шешімді халық зор қуанышпен қарсы алды.
Соңғы кезде Алаш тақырыбы ел арасында кең тарала бастағаны өте қуанышты тенденция.
Жалпы, биыл 30 жылдығы тойланатын Тәуелсіз Қазақстанның парламенті тарихында Алаш аты, оның көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақып есімдері ең бірінші рет 2007 жылы Алаштың 95 жылдығында аталды. Мәжіліс депутаты Әлихан Бәймен жасаған депутаттық сауалда Алаш арыстарының ардақты аттарын мәңгілік есте қалдыру шаралары мен Алаш аллеясын ашу ұсынылды.
Сол жылы "Ақ жол" партиясы барлық партиялардың ішінде алғаш рет Ұлттық концепцияны қабылдады.
2012 жылы да «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттық сауалында бүкіл елміз бойынша Алаштың 95 жылдығын атап өту, Алаш тарихын мектептер мен жоғарғы оқу орындарында оқыту, Алаш арыстарының атын көшелер мен мектептерге беру мәселелері көтерілді.
2017 жылы да Алаштың 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту керектігін парламентте көтердік. Бірақ Алаштың 95 жылдығын да, 100 жылдығын да «Ақ жол» партиясы өз филиалдары арқылы еліміз бойынша атап өтті.
2012 жылдан бері «XXI ғасырдағы "Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауы биыл 10-шы рет өтеді. «Ақ жолдың» бұл дәстүрлі байқауы аясында жас алаштанушылар шоғыры пайда болды.
2014 жылы да, 2016 жылы ЮНЕСКО тойлаған 150 жылдығында да Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға арнап ас беріп, ғылыми конференция өткіздік.
Ұлттық банктен күміс монета мен Қазпоштадан марка шығаруға ықпал еттік.
2017 жылы Алаштың 100 жылдығында ғылыми конференция мен Халықаралық мүшәйра өткізіп, ескерткіш медаль шығардық.
2017 жылы Бейжіңде 125 елден 600 делегат қатысқан Әлемдік саяси форумда "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев екеуміз Қытайда қамауда отырған 112 қазақтың тізімін алып барып, Қытай басшылығына тапсырдық. Оның 79-ы түрмеден босатылғанын осы тізімді жасап берген сол кездегі Атажұрт ұйымының төрағасы Қыдыралы Оразұлы жиында мәлімдеп, баспасөзде жарияланды.
Осы сапарымыз, Бейжіңдегі әлемдік саяси форум тура 100 жыл бұрын Алашорда құрылған құрылтай басталған күні 1 желтоқсан күні болды. Әлем партиялары жиналған форумда Азат Перуашев ағылшын тілінде баяндама жасап, Алаш партиясының 100 жылдығымен құттықтап, әлем саясаткерлерін тұңғыш рет Әлихан бастаған Алаш қозғалысымен таныстырды.
Қазір бізде Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімдері ғана келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда ауқымды.
2019 жылы "Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашев пен Сұлтан Хан Жүсіп басқаратын «Алаш» институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулерінің негізінде жасалған тізімге көпшілік қауымға есімдері ұмыт болған әр өңірдің жергілікті Алаш қайраткерлері енгізілді. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандар атауларына беруді ұсынған болатынбыз.
Алайда, алынған жауаптар көңілге қонбайды. Көбінесе жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшыларының есімдерін атаумен ғана шектелген.
Сонда біздің шенеуніктер Алаш идеясын бүкіл қазақты оятатын, біріктіретің ұран емес, кейбір жекелеген адамдардың көзқарасы ғана деп көрсеткісі келетін сияқты.
«Ақ жол» партиясы, әрине, бұндай кертартпа әрекеттермен келісе алмайды.
Мысалы, біз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өзіне ғана Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жібердік! Атап айтсақ, Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенов, Хамит Тоқтамысов, Жахабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы және тб. Олардың барлығы еліміздің азаттығы үшін өз өмірлерің саналы түрде құрбан етті. Осы 125 батырдан бір адамның аты ескерілді ме? Жоқ.
Ең өкініштісі - осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда да қалыптасып отыр.
Бұндай әділетсіздікті біз үлкен саяси қателік деп санаймыз.
Балтық бойы елдерінің бірінде көл жағасында ескі қайықтар сақталып тұр екен әлі күнге. "Бұларды неге сақтап отырсыздар?"-десе, "Бұл қайықтар қаншама жыл адамға қызмет етті. Сондықтан біз оларды қастерлеп сақтап қойдық" деп жауап беріпті олар.
Міне, қандай адамгершілік құрмет десеңізші! Ал біз қайықтар түгілі Қазақ елі үшін құрбан болған қасиетті қайраткерлерімізді еске алғымыз келмейді!
Ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет.
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі Тәуелсіз Қазақ Елі үшін құрбан болғандар! "Әруақ риза болмай, тірі байымайды" деген дана халқымыздың сөзін ұмытуға болмайды.
Жалпы, бізде мемлекет тарапынан бекітілген тізім бар, соған енген тұлғалар ғана әлгідей құрметке ие бола алады. Ол тізімге көп Алаш қайраткерлері кірмеген. Президенттің аталмыш мақаласындағы Алаш туралы талапты ескере отырып, сол мемлекеттік арнайы тізімді қайта қарау керек.
Бізге енді Тәуелсіздіктің 30 жылында Рухани жаңғыру бағытындағы мемлекеттік мүдде мен ұлттық идеология талап ететін сындарлы саясат пен нақты іс-әрекет қажет.
Сол себептен, «Ақ жол» партиясы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында, Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін мәңгілік есте сақтап, ономастика тұрғысында қолдану үшін 700-ден аса тұлғалар қамтылған тізімді Үкіметке жіберіп отырмыз.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкіметтен 2019 жылы біз жолдаған хаттарды жергілікті әкімдіктерге қайта көтеруді тапсырып, Алаш көсемдерімен бірге мыңдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын бақылауға алуын сұрап депутаттық сауал жолдадық.
Яғни, "Ақ жол" партиясы 15 жылға жуық Алаш атын ұлықтап келеміз
2017 жылы қасиетті де, қазақы өлкенің орталығы болған Шымкент шаһарының сол кездегі әкімі Лениннің ескерткішін қайта қалпына келтіруге 103 миллион теңге бөлгенінде Алашқа 100 жыл, туғанына 150 жыл толып отырған Әлихан Бөкейханға неге ескерткіш тұрғызбайды деп аттан салған едік.
Қазір біз Әлихан бастаған Алаш арыстарының еңселі ескерткіштері тұрмаған қала - қазақ қаласы емес деп білетін кезге жетуіміз керек еді...
«Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар».-деген Алаш көсемінің асыл арманы орындалғанына биыл 30 жыл толады.
«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.»-деп серт берген Әлихан арманына жете алмаса да, өз айтқанын орындап кетті.
"Ұлтына қызмет ету – білімнен емес, мінезден"-деп, Әлихан Бөкейхан тап басып, тура тауып айтқандай, Тәуелсіздік алған 30 жылда , ар жағына барсақ 100 жыл-1 ғасырда оянып, мінез көрсететін кезіміз келді!
Әлихан бастаған Алаш арыстары Ел Аманаттарын орындап кетті.
Енді біздің Алаш аманатына адал болып, ата-баба үміті мен ел сенімін ақтау - ең басты парызымыз!
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты