Жамбылдың мерейтойы қазақ тілінің қадірін кетіруден басталды
2021 ж. 26 ақпан
3288
1
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрында жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойын тойлау салтанатты шарасы ресми түрде басталды.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, салтанатты шара ашылмай жатып, сахнадағы тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бас жазудың өрескел қателікке толы екендігі анық көрінді.
«30 Тәуелсіз жылдары Қазақстан» деген жазуы бар алып банер қоғамның наразылығын тудырып үлгерді.
- Жамбыл атамыздың ресми басталған тойындағы сахнадағы мына сөзді түсіне алмай дал болдым. Қазақ тілі "дамып" кетті ме, жоқ, мен сөз "түсінуден" қалдым ба?! «30 Тәуелсіздік жылдары Қазақстан?», - деп жазды бұл туралы белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы әлеуметтік желіде.
Бұл жазу - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдай алмай келе жатқанына 30 жыл болғанын айғақтап тұрған сияқты.
Жыр алабының мерейтойы мемлекеттік тілді таптап, қазақ тілінің қадірін кетіруден басталғаны өкінішті.
Айтпақшы, кеше ғана Мәжілісте көрнекі ақпарат құралдарын қазақ тілінде қатесіз жазуды талап ететін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтар күн қашан туар екен?!.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні