Ермахан Ибраимов: Қазақстанда тұратын кедейлердің жағдайына олардың жалқаулығы кінәлі
2021 ж. 22 ақпан
3055
1
Бокстан Олимпиада чемпионы, Алматы мәслихатының депутаты Ермахан Ибраимов журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында елдегі жәрдемақылар мен көп балалы отбасылардың жағдайы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Nur Otan партиясының өз бағдарламасы бар, біз де осы бағдарлама бойынша әрекет етеміз. Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 30 жыл болды. Қазір жағдайымыз жақсы, жұмысымыз бар», — дейді Ыбырайымов.
Интервьюер сұхбат барысында Қазақстандағы ең төменгі жалақы –42 500 теңге, ең төменгі күнкөріс —деңгейі 34 302 теңге, кедейлік шегі — 24 011 теңге екенін атап өтті.
«42 мың теңгеге ешкімнің күні қарап тұрған жоқ деп ойлаймын. Жұмыс істегісі келетіндер әрқашан жол табады. Қазақстанда тұрған кедейлердің жағдайына олардың жалқаулығы, еріншектігі кінәлі. Алға ұмтылмайды. Бұл менің жеке пікірім», - деп толықтырды мәслихат депутаты.
Спортшы Жамбыл облысында болған қайғылы оқиға туралы да сөз қозғады.
«Шынына келгенде, бұл – өте өкінішті. Бүкіл Қазақстан дүр сілкінді. Ең болмаса, көршіге тапсырып кет, бірақ 5 баланы түнде қалдырып кету деген дұрыс емес. Бес баланы сыртынан жауып, кетіп қалу – нағыз түк көрмегендік»,-деді ол.