НҰРТІЛЕУЛІ НҰРТІЛЕУ ЕДІ...
2021 ж. 18 ақпан
1814
0
Қазақтың белгілі ақыны Шөмішбай ағамызды жоқтап үлгермей жатып, еліміздегі есімі ең белгілі телеарнаның терең білгір тарланы, 45 жыл қазақтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, көрерменнің көзайымы болған көрнекті тұлғамыз Нұртілеу Иманғалиұлы да өмірден өтті... Иманы саламат болсын! Алла өзі панасына алсын деп тілейміз. 2019 жылы 6 қыркүйекте Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында "Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек, ол үшін Конституциядан 7-ші баптың 2-ші тармағын алу керек"-деп ұсыныс жасағанымыз белгілі. Содан көп ұзамай Нұртілеу ағамыздың "Nur Tileu" хабарының продюссері, белгілі журналист, ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Жаңыл Асылбек қарындасымыз хабарға түсуге екі рет шақырды. Тура сол күндерде жұмыс қауырт болып, бара алмадым. Үшінші рет Нұртілеу ағамның өзі хабарласты. Онда бел ауыруым ұстап қалып, қан қысымым қатты көтеріліп, ауырып жатқанмын. Телефоннан Нұрекеңнің атын көргесін амал жоқ алуыма тура келді. Сөйтіп, қарашаның 12-ісінде бұл хабарға түсудің сәті түсті.
Сонда көрдім, Нұрекеңнің өз ісінің нағыз шебері, әр хабарына соншалықты терең мән беріп, қатты ізденетінінің куәсі болдым. Соның алдында бір күн бұрын "Nur Tileu" хабарының продюссері Жаңыл екеуміз менің фейсбук парақшамда өлеңмен айтысып қалып едік... Өйткені мен сол кезде жарым Жәннатты астанадан Алматыға шығарып салған едім. Сонда қараша айының алғашқы қалың қары жауып, елорданың жарығы өшіп қалды. Вокзалдан көңілім құлазып келе жатқан мен парақшама: Аппақ қарлы аспан алаң... Қимай жаным жанды бой. Жарығым-ау, сен кетіп-ең астанадан- Жарық сөніп қалды ғой...- деп жазып қойған едім. Оған жазылған көптеген пікірлердің ішінде Жаңылдың бір шумақ өлеңі көзіме оттай басылды: -Сіз кеткен соң "жарық жоқ" деп қалған жұртың шарқ ұрды, Пайымдасам, басын иіп бағалады парқыңды. "Нұр Тілеудің" хабарына түсіп бітіп кеткенше, Алматының жарығы да сөнбесін деп мен тұрмын...- депті ол. Мен де жауапсыз қалдырмадым: -ЖАҢЫЛдың ба сен демде, Есімдерді есіңе ал- НҰР-ТІЛЕУге келгенде НҰР жауса егер несі бар?- деп қарымта қайырдым. Ақын қарындасымыз екеуміздің айтысымызды өзі түсіретін хабарынан бір күн бұрын кездескенде Нұртілеу ағам естіп, қатты риза болып, рахаттанып күліп алды. Содан түн жарымда телефон соқты. "Уатсабыңа жазсам, оқымапсың, кешегі Жаңыл екеуің айтысқан өлеңдеріңді жазып жіберші"-деді. "Жарайды" дедім де, парақшамнан алып жібердім.
Ертеңіне мен эфирге шығарда Нұрекең осы оқиғаны қатырып тұрып айтып, өлеңдерді өзі оқып беріп, әдемі әзілмен әдіптеп, сәтті шешімдер жасап шақырғанда қатты риза болдым. Сөйтсем 45 жылдан бері эфирде жүрген ер ағам әлі күнге дейін әр хабарына алғашқы хабарындай барынша мұқият жауапкершілікпен, үлкен ізденіспен, шынайы шығармашылықпен қарайды екен ғой! Біз үйренетін, үлгі алатын қасиеттер көп еді ағамызда. Сол хабарға шығар алдында Нұрекең маған "қазір саған ыңғайсыз тиетін сұрақтар да қоямын" деп ескертіп қойды.
"Қандай сұрақ қояды екен?"-деп ойлағанымша эфир басталып кетті. Ұлттық кеңестегі Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігі туралы сөзімді эфирден берумен басталды хабар. Нұрекеңнің қойған өткір де өрелі сұрақтарына қарап, ол кісінің менің өмірбаяным мен шығармашылығымды әбден зерттегеніне көзім жетті. Кейін өзінің айтуынша студент кезімдегі жырларыма дейін жақсы біледі екен. Нұрекеңнің маған қойған "қолайсыз" сұрағы мынау болды: -Сот, құқық қорғау органдарына қалай қарайсыз?
-Сот, құқық қорғау органдарына елдің сенімі жоқ қазір. Менің ойым да солай.
-Сондықтан екен ғой, есімі елге белгілі жерлесіңіз Ислам Әбішевтің ісін газеттеріңіздің әр номерінде жариялап жатқандарыңыз? Бұл газетіңізді жеке мақсатқа пайдалану емес пе? -Жоқ. Біріншіден мен Ислам Әбішев секілді халық қазынасынан триллион үнемдегені үшін түрмеге түссе, кез келген азаматты дәл осылай қорғап шығар едім. Оның үстіне ол кісіні қазір БАҚ-тардан жалғыз біз қорғап жатырмыз.-деп жауап бердім. Жауабыма риза болғанын білдіріп бір асығын қойды алдыма. Солай, "Қазақ үні" сайтында 200 мыңдай адам қорғаған, "Жылдың шулы сот ісіне" айналған Ислам Әбішев ісін мемлекеттің бас арнасы -"Қазақстан" Ұлттық арнасында айтудың ыңғайлы уақытын "ыңғайсыз" сұрақ қою арқылы тапқан екен ғой тарлан ағам! Сұқбат эфирге шыққасын, көріп, бір риза болғаным, өткір тақырыптарды да қысқартпапты. Шамасы, мемлекеттің бас телеарнасынан ондай тақырыптар өтіп кетуі ең алдымен Нұрекеңнің зор беделі болса керек. Бұны ең алғашқылардың бірі болып байқаған Азат Перуашев Нұртілеу ағасына қатты риза болып, аудио арқылы алғысын айтып жіберді. Бұны естіген Нұрекең де інілеріне ілтипатын білдіріп жауап жазды: "Бәрекелді, Алла разы болсын! Азат бауырымызға рахмет! Партия жетекшісі, саясаткер ретінде анық баға беріп, позициясын білдіргені азаматтығы, жанашырлығы, қолдағаны! Ал, өзіңді ұстанымың үшін бағалаймын. Ақын ретінде құрметтеймін. Бәрі дұрыс болды, ойдағыдай. Бұрын-соңды ашық айтыла бермейтін мәселелерді де ептеп қозғап жібердік. Бұл шоудан шыға алмай жүрген ТВ үшін де, көрермен үшін де керек, дәл қазір аса қажет деп білем. ББҚБ!" Осы жазбадан Нұртілеу ағаның шындықты айтудағы батылдығы мен қайсарлығын да анық көруге болады. Мұндағы "ББҚБ" Нұртілеу ағаның ерекше қолтаңба-қолы: "Барлығымыз БАЙ-ҚУАТТЫ БОЛАЙЫҚ"-деген елге әйгілі сөздері екенін алғаш көргенде-ақ бірден білген едік. Қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығының республикалық көлемде дүркіреп өтуіне де, ақынның елге белгісіз шығармаларының табылуына да Нұртілеу ағамның еңбегі зор болды!
Былтыр 2020 жылы 4 қаңтарда жазған өлеңімді өзіне жібергенде қатты қуанып қалып еді. Бұл жырымды Нұрекеңнің 70 жасқа толуында газетімізде жариялап, тойында оқып беремін деп жүр едім. Алла ісіне амал не, ардақты ағамыздан айрылып қалып, төбемізден жай түскендей жайымыз бар. Атасын сөздің өлтірмей, ақиқатты айтып өткен бекзат зиялы еді! Алла алдынан жарылқасын! Алды пейіш, арты кеніш болғай! Отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, қалың қазаққа көңіл айтамыз! Иманы саламат болсын!
НҰРТІЛЕУЛІ НҰРТІЛЕУ
Телеарнаның терең білгір кемелі,
Толғап сөйлер толып ылғи кемері.
Нұр тілейтін қазағына Нұртілеу,
"Бай-қуатты болайық" деп келеді!
Қара шалдың қайсар ұлы көрінбей,
Қалса болды іздейді ел ерінбей.
Келе жатыр айқасса да "Бетпе-бет",
Бұл өмірдің "Көкпарында" жеңілмей!
Дайын дәйім кімге болсын жәрдемге,
Өлең жазар тек өзі үшін әр демде..
Асау Ақсу толқынындай арыны,
Тең сөйлесер қарамен де, ханмен де!
Жақын жүрсең, жанын жақсы ұғасың,
Кең жаяды достарына құлашын.
Монша жайлы сөйлегенде сағаттап,
Қарап тұрып буға түсіп шығасың...
Тектілікте жатыр деймін сірә, мән,
Тепсінісіп, теңдік талай сұраған,
Ұлт мүддесін қорғауменен жүр ағам.
Ілиясты қайта бүгін жаңғыртты,
Рухы ұрып тұратұғын Нұрағам!
"Оқы" деумен өтті Ленин өмірден,
"Нан мен әнге" Брежнев семірген.
Қанша биік жоғарыдан айтса да,
Дәл өзіңдей шықпады олар көңілден!
Көсемдердің ұмыт болып өлеңі,
Шешендердің сөзі жасап келеді.
Нұртілеудің нұрлы жүзін көргенде ел,
БАЙ-ҚУАТТЫ боларына сенеді!
04.01.2020
Қазыбек ИСА