Айбек Қалиев: Қайнаған қазанның буын шығарып тұру үшін айтыс керек
2021 ж. 16 ақпан
2115
0
Белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат беріп, праймеризге неге түскенін, Қызылорда әкімін неге мақтағанын, Бауыржан Байбекпен таныстығы және өзге де мәселелерге қатысты сөз қозғады.
Бұл туралы "Қазақ үні" хабарлайды.
Сұхбат барысында "Айтыс ештеңе шешпейді" деп бірнеше мәрте айтқан Қалиев, айтыстың қазіргі рөлі туралы өз пікірін ашық білдірді.
- Ол былай ғой. Қазанның бетін жауып қайната берсең, бұрқ етіп аспанға лақтырып тастайды (қақпақты - ред). Қазіргі біздің халықтың ішінде қайнап жатқан мәселе айтыста шешілді деп ойлайды жұрт. Қайнаған қазанның буын шығарып тұру үшін айтыс керек. Ақындар айтып жатыр ғой деп жеңілдеп қалады, - деді Айбек Қалиев.
Айтыскердің бұл сөзіне журналист "Буын шығарып тұру халыққа емес, билікке көбірек керек сияқты ғой" деп қағытып қалды.
Жуырда өткен айтыста "Қызылорда әкімін мақтап, әділетсіздікке барып отырсыз" деген тілші сөзіне "Көзбен көргенімді айттым" деп жауаптасты ақын.
Сонымен қатар, бұған дейін бір басылымға "Мен қазір тіркеуде жоқ Ахмет, Әлихандар құрған "Алаш" партиясына ғана мүшемін" деп айтқан Айбек Қалиев аяқ астынан "Нұр Отан" партиясына неге мүше боп кеткені туралы да айтып, өзіне ақсақалдар мен Жүрсін Ерманның қолқа салғанынан кейін мұндай шешім қабылдағанын айтты.