КӨРНЕКІ АҚПАРАТТЫҢ КӨП ТҮЙТКІЛДЕРІ
Кеше 11 ақпанда Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы қаралды. Бұл заң жобасының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы бастаған жаңа құрамдағы депутаттардың екінші отырысы. Бірінші отырыс 1 ақпанда өткен. Кәрібай Мұсырман бастаған бұрынғы депутаттар 2020 жылы екі отырысын өткізіпті.
Қазір мысалы, басқасын айтпағанда, күнделікті дүкендерде тауар бағаларының қазақ тілінде жазылмауы көп дау тудыруда.
Бұл мәселені бұрын жергілікті әкімдіктердің тілдер басқармасы бақылайтын. Ал 2018 жылдан бері Кәсіпкерлік кодексінен «екі жылда ешқандай шағым түспеген» деген сылтаумен алынып тасталған. Ал сол 2018 жылдың алты айы ішінде елімізде жарнама мәтіндерін заңнама талаптарын бұза отырып ресімдеудің 12 мыңнан астам фактісі анықталған. Соңғы жылдары көрнекі ақпараттың дұрыс ресімделмеуіне қатысты азаматтардың уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға өтініштерінің саны өсуде. Айталық, 2018 жылы – 12 886 өтініш, 2019 жылы – 12 900, 2020 жылы – 1050 өтініш (карантин кезеңіне байланысты азаюы).
Жиі заң бұзушылықтардың арасында мыналарды бөліп алуға болады:
1) Көрнекі ақпаратты тек бір тілде, әдетте, орыс тілінде орналастыру;
2) Көрнекі ақпарат мәтіндері аудармасының мағынасы, мазмұны бойынша сәйкес келмеуі.
Бұлар әлеуметтік желілерде мазаққа айналып, халықтың ашу-ызасын туғызуда. Мысалы: Еркек қорқақтар/Мужсие трусы (дұрысы: еркектер іш киімі); Темекі тауық/Цыпленок табака (дұрысы: тауық балапаны); Баспасөз үшін сарымсақ /Пресс для чеснока (дұрысы: сарымсақ ұсақтағыш), Төмен бағалармен қасиет техникасы/ Качественная техника по низким ценам/ (дұрысы: төмен бағадағы сапалы техника); Еркек киімнің салоны/Салон мужской одежды (дұрысы: ер киімдер салоны); Тілек қосуға болады/По желанию (дұрысы: қалауы бойынша); Салмакка киім/Одежда на вес (дұрысы: өлшеулі киім); Сапалы әйелдер және еркектер іш киімі/Качественное женское, мужское нижнее белье: (дұрысы: әйелдер мен еркектердің сапалы іш киімі), және тб.
3) Орфографиялық қателердің болуы. Мысалы: ашык, дукен, коше, уй, уялы телефон, томен багамен, токыма бүйымдары және тб.
Мұндай сорақы фактілерді азаматтар Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында бекітілген өз құқықтарына нұқсан келтіреді деп санайды. Бұл қоғам тарапынан мемлекеттік тілге деген құрметтің төмендеуіне алып келеді. Осыған байланысты деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды көздеу және оны жүргізу жөніндегі құзыретті жергілікті атқару органдарына (ЖАО) беру қажет. Бұл деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабының әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазір жергілікті атқару органдарының, яғни әкімдіктердің Тілдер басқармалары бұл заңнамалық қателіктерді бақылай алмайды. Ондай құзіретті жоғарыда айтқанымыздай, 2018 жылы кәсіпкерлік кодекстен алып тастаған. Енді сол тілдер басқармасыларының бұрынғы бақылау функциясын қайтармасақ, жағдай қиындап келеді күннен күнге. Заңды қадағалау орындарынан қайыр болмағасын Мемлекеттік тілдің көпшілік орындарда қолданылуын талап етуді халық өз қолына алуда. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында да, Алматыда да, Павлодар, Өскемен тб қалаларда дүкендерде бағаның мемлекеттік тілде жазылмауы және сол дүкендер мен емханаларда, жолаушылар көліктерінде Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тілі қолданылмауына байланысты наразылықтар әлеуметтік желілерде көбейіп тұр. Павлодарда Руза Бейсенбайтегі, Өскеменде Жұлдызай Форт. Нұр-Сұлтанда Жасұлан Иса, Оғыз Доған, Мұқағали Балқыбай және тб., Алматыда Қуат Ахмет, Садық Жанықұл секілді тіл қорғандарының қайрат-қарекеттері «Қазақ үні» ұлттық порталы бастаған көптеген сайттарда да жиі жазылуда. Алматыдағы Гранд Парк сауда орталығы тіпті Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен құрылған Мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалау мониторингтік жұмыс тобының өзін кіргізбей, бір сағаттан аса шу болғаны туралы видео барлық жерде тарап кетті. Ал бұл жұмыс тобы құрамында аудан әкімі орынбасарларымен бірге Алматы қаласы Ішкі істер департаменті басқарма басшысы да, қалалық прокуратура басқармасы басшысы орынбасары да бар. Ендеше мұндай құрамдағы комиссияның жағдайы осындай болғанда, мемлекеттік тілді талап еткен жекелеген тіл жанашырларының жағдайы тіпті қиын екенін, сондықтан да дау басылмай тұрғанын біле беріңіздер. Біз бұл оқиғаны Ұлттық Кеңестегі кездесуде Ішкі істер министрі Е.Тұрғынбаевқа да, депутаттармен кездесуде Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаевқа да айттық. Айта кету керек, Алматы қаласы әкімдігінде құрылған Мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалау мониторингтік жұмыс тобы еліміздегі барлық әкімдіктер тарихындағы тұңғыш әкімдіктің тілге байланысты шара қабылдауы екен... Осыдан-ақ Тіл басқармаларының өздерінің аз да болса бақылаушылық функцияларынан неге айрылып қалғандарын біле беруге болады...
Көп жерде осындай заңды талапты орындамай, дау тудыруға себепкер болған дүкен иелері өздерінің кінәсін білмей, бірден полиция шақырады. Ал жетіп келген біздің полиция тұтынушының талабы заңды екенін өздері де білмей, сатушыға қосылып «Бізде – екі тіл» деп жалған айтып, тұтынушыны полиция бөлімшесіне сүйрей жөнеледі. Орыс тілі біздегі тіл заңы мен Конституция бойынша тек «Мемлекеттік мекеме мен жергілікті басқару органдарында ресми тіл ретінде қолданылады. Ал дүкендер мен жеке емханалар, жолаушылар көліктері мемлекеттік мекеме емес, сондықтан оларда тек Мемлекеттік тіл ғана қолданылуы керек екенін түсіндіріп бере алатын деңгейге біздің полиция да, жекеменшік кәсіпорындар мен мекемелер басшылары да жеткен жоқ. Ал Тіл басқармалары қолдарындағы ондай бақылаушылық құзіреттен айрылып қалған...
Сондықтан да, мұндай заңдылықтың бұзылуына байланысты даулы істердің ішінде жүргендіктен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасының 1 ақпандағы бірінші отырысында бірден Кәсіпкерлік Кодексіне Тілдер басқармасының екі жыл бұрын айрылып қалаған кәсіпорындарды бақылау функциясын қайтаруды ұсындым. Бірден қолдап, қостаған заң жобасы жетекшісі, ұлтшыл қайраткер Берік Әбдіғалиұлына көп рахмет! Заң жобасына өзгерістер мен толықтыруларға бұл ұсынысымызды бірінші етіп қосыпты. Сонымен қатар жұмыс тобына қатысып отырған министрлік өкілдеріне қарата: «Елімізде тіліміз осылай күлкіге айналып келеді. Бұл қателікті түзеуіміз керек! Бұл ең алдымен Ұлттық намыс мәселесі»- деп мәлімдеді.
Қолдау жасаған депутаттар Жанарбек Әшімжанұлы, Мақпал Тәжмағамбетова (Мыса), Тілектес Адамбеков, Қазақстан Халқы Ассамблеясынан сайланған дүнген ұлты өкілі Ілияс Буларовтарға ризашылығымды білдіремін.
Бұл жаңадан қосылар бап жұмыс тобына қатысып отырған министрліктер мен мемлекеттік органдары және «Атамекен» ұлттық палатасы өкілдерінің сұрауымен Үкімет қорытындысын алу үшін жіберілді. Үкімет оңды қорытынды беріп, үшінші отырыста бұл ел күтіп отырған маңызды бап Кәсіпкерлік Кодексіне қайта қосылады деп сенеміз.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚҰЖАТТАРЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ДЕ ТОЛТЫРЫЛУЫ ҚАЖЕТ
Тағы бір дау тудырған бап «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» 2016 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу болды. Заңға «ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде» беру деген сөздермен толықтырылсын; «Осы бапқа сәйкес берілуге жататын ақпарат «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жазылады.» деген баптар ұсынылды. Депутат К.И. Мұсырманның негіздемесі бойынша «Іс жүзінде көптеген жағдайларда уәкілетті компаниялар ақпаратты тек орыс тілінде ұсынады. Ақпарат қазақ тілінде берілген жағдайда, ақпарат орыс тіліндегі мәтіннің көлемі, сапасы және теңтүпнұсқалығы бойынша сәйкес келмейді. Осыған байланысты, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының нормаларын «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес келтіру қажет.
Бұл өзгеріске Әділет министрлігі өкілі Диас Шәріпбай өз қарсылығын білдіріп, Тұрғын үй құрылысына қатысты құжаттардың көлемі үлкен болатындықтан, кәсіпкерлерге қиындық тудыратынын алға тартты. Бұған депутат Берік Әбдіғалиұлы: «Қазір елімізде миллионнан астам қандастарымыз бар, Олар орыс тілін түсінбейді де, кейде орны толмас өкінішке. Үлкен шығындарға ұрынып жатады. Ал құжаттар мен келісім-шарттар қазақ тілінде де болса олар оқи алады да, көздері жетіп, түсініп барып қол қояды,»-деп қарсы болды.
Біз де өз қарсылығымызды білдірдік: «Мен Әділет министрлігі өкілі Диас Шәріпбай мырзаның кімдердің мүддесін қорғап отырғанын түсінбедім. Тұрғын үй ұсынатын кәсіпкерлер екі тілде құжат жасауға қиналады деп, біз қалың халықтың мүддесін аттап кетеміз бе сонда? Жаңа депутат Берік Әбдіғалиұлы айтқандай, орыс тілін түсінбейтін миллиондаған қандастарымыз бар, өзіміздегі миллионнан аса ауылдықтар бар, олар сіз мүддесін қорғап отырғандардан бірнеше есе көп. Ендеше біз көпшіліктің мүддесін қорғауымыз керек емес пе? Егер екі тілде құжат жасауға қиналатын болсаңдар онда бір ғана тілде – мемлекеттік тілде жасайық!-деп тосқауыл қойдық.
Диас Шәріп мырза бұдан соң өзінің бұл бапқа қарсы еместігін білдірді. Бірақ Үкімет өкілі Әсима ханымның сұрауымен бұл бап та Үкімет қорытындысын күтуге тура келетін болды...
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының үшінші отырысы келесі аптада болады.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты