8 адамның бесеуінің туысы (күйеуі, ұлы немесе бауыры) Қытайда түрлі "негізсіз" айыптармен ұзақ жылдарға сотталған, Қытай билігі екеуінің құжаттарын тартып алғандықтан Қазақстанға өте алмай отыр.
- Баласынан айырылған әке. Жолдасынан ажыратылған әйелдер. Әйелдерден айырылған ер адамдар. Қазақстан билігі Қытаймен доспыз дейді. Ендеше сол досымен бірігіп, неге осы мәселені шеше алмайды? Неге отбасыларды біріктірмейді? Қытай геноцид саясатын тоқтатсын! - деп айқайлады ашынған әйелдер.
Олардың арасында қол арбамен келген екінші топ мүгедегі 74 жастағы Сарқытхан Қыдырбайқызы да болды. 14 құрсақ көтерген кейуананың сөзіне қарағанда, Қытай билігі "себептен-себепсіз ұлының төлқұжатын тартып алған". Енді ол шекарадан бері қарай өте алмай отыр.
- Ұлымды көрмегелі 4 жылдың жүзі болды. Төлқұжатты қолына беріп, жіберсе деп отырмын. Баламды көріп өлсем арманым жоқ, - дейді Сарқытхан Қызырбайқызы. Көзі нашар көретін кейуана Алматыда келінінің қолында тұратынын, кейде жалғыз қалып, көмекке зәру болып қалатынын да жеткізді.
Жиналғандар арасында кеше, 8 ақпанда Қытайда қалған туыстарын іздеп, консулдық алдында наразылық өткізгендер де болды. Солардың бірі Нұрзат Ермекбай бауыры Бірлесбек Ермекбайдың Қытайда "жазықтан-жазықсыз 12 жылға сотталып кеткенін" айтып налыды.
- Жазықтан-жазықсыз кетіп отыр ғой. Егер қылмысы болса, ішкі Қытайға барар ма еді? Міне, мына суретте Пекинде жүр. Ол төңкеріс жасады ма? Біреуді өлтірді ме? Жоқ. Қарапайым күн көріп жүрген, өздері сайлаған молда болды. Сол мұсылмандығы үшін соттады, - дейді Нұрзат Ермекбай.
Оқиғаны полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.
Кейінгі кезде Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтар Қытай консулдығы алдында жиі пикет өткізіп жүр. Кеше, 8 ақпанда да консулдық алдында осыған ұқсас акция өткен. Былтыр Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында да осындай наразылық өткен. Наразылар елшілік пен консулдықтан жиі жауап айта алмай қайтады.