Тоқаев: Болашақ – технологиялар мен инновациялардың еншісінде
2021 ж. 05 ақпан
1748
0
Алматыда «Digital Almaty 2021 – цифрлық қайта жаңғыру: жаңа жағдайға серпіліс» атты халықаралық форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына видеоүндеу жолдады.
«Сіздерді біздің еліміз үшін аса маңызды шарада көргеніме қуаныштымын. Мәртебелі қонақтардың арасында жеті елдің үкімет басшылары, ТМД Еуразиялық экономикалық комиссиясы атқару комитетінің жетекшілері бар. Бұл форумның маңыздылығын арттыра түседі. Бізде мемлекеттік қызметтің 90 пайызы электронды форматта көрсетіледі. Дағдарыс кезінде 6,5 млн адам мемлекеттің қолдауына ие болды. Білім беретін мекемелердің барлығы қашықтан оқу үрдісіне көшті. Елімізде 15 млн-нан астам адам интернетті қолданады. Болашақ – технологиялар мен инновациялардың еншісінде екенін жақсы түсінеміз. Бұл салада бәсекелестік өте жоғары. Сарапшылардың пікірінше 2021 жылы техникалық және технологиялық нарық және бағдарламалық шешімдер жасанды интеллектіге бағатталады. Сымсыз ғаламтор мен сандық жүйелердің үлесі 35 пайызға артып, 12 млрд АҚШ долларына жетеді. 2025 жылға қарай 5G технологиясы кәсіпорындарға өздерінің мәліметтерін 70 пайызға дейін өндеуге мүмкіндік береді. Қазақстан жасанды интелектіні дамытудың жолын белгілеп алды»,- деді Қазақстан Президенті үндеуінде.
Форумның күн тәртібінде өңірлік және және жаһандық деңгейдегі цифрландыру саласы, цифрлық трансформацияның жаңа стратегиялары мен жаңа технологиялар саласындағы трендтерді қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың алдағы қадамдары мен перспективаларын талқылайды.
Қазақстандық IT-жобаларды қолдау және жаңа нарыққа шығу мүмкіндігі, өңірлік әріптестермен іскерлік қатынастарды ілгерілету және цифрландыру жобаларын танымал ету – форумның негізгі тақырыбы.
Осы форумда COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған жаһандық мәселелер де назардан тыс қалмайды. Форум барысында цифрлық жобалардың онлайн көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, ЕАЭО Премьер-Министрлері мен жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуымен пленарлық сессия болады. Форум оффлайн және онлайн форматта өтуде. Айта кетейік, «Digital Almaty» форумы осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.