Депутат Президентке үндеу жасап, Марғұлан Боранбайға араша сұрады
2021 ж. 30 қаңтар
5963
73
"Ақ жол" партиясы атынан Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, қоғам қайраткері Бейбіт Күлмағамбет белгілі қоғам белсендісі Марғұлан Боранбайдың қамауға алынуына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, бұл іске назар аударып, араша болуын сұрады.
Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
- Елімізде бұғып қалған қалған, бізге қарсы ескі ұлыимпериялық көзқарасқа ие, Ұлы Ресейді, СССР-ді қайтаруды армандаған топтарды, өзіміздің ішімізден шыққан "шұбар жыландарды" әшкерелеген, ұлттық мемлекеттің мүддесін жалғыз өзі ашық түрде қорғаған Жалаңтөс батырымыз - Марғұлан Боранбайды түрмеге қамаған екен, - деп жазды мәслихат депутаты.
Қайраткердің сөзінше, Марғұлан Боранбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған декоммунизация, десоветизация, саяси қуғын-сүргін, ашаршылықты әшкерелейтін жұмыстарды атқаруға атсалысқан мемлекетшіл тұлға.
"Марғұланды қамау - ұлтшылдарға күш көрсету" деп санайды автор.
- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ұлт жанашыры Марғұлан Боранбай үшін араша, сауға сұраймын. Өз атымнан айтсам да, бұл қалың қазақ елінің өтініші екен деп біліңіз. Қазақ елінің дауысы постыма жазылар комменттерден анық белгілі болар. Қазақ елі, болашақ ұрпақ, бостандықтар мен Демократия үшін!, - деп түйіндеді сөзін Бейбіт Күлмағамбет.
Қазақ үні