Қызмет көрсету саласы толығымен мемлекеттік тілге өтеді
2021 ж. 27 қаңтар
2069
2
Украинада Мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге бағытталған Тіл туралы заңның 30-бабы күшіне енді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Енді қызмет көрсету саласы толығымен украин тіліне өтуі тиіс.
Жаңа құжатты қоғам қызу талқылап жатыр. Жаңа жылдың 16 қаңтарынан бастап Украинадағы қызмет көрсету орындары, атап айтқанда, ірі және кішігірім дүкендер, жанармай құю бекеттері, қаржы ұйымдары, дәріхана мен кітапханада қызмет тек мемлекеттік, яғни украин тілінде көрсетуі тиіс. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге бағытталған Тіл туралы заңның 30-бабы осылай дейді. Тіл – өте сезімтал тақырып. Бүгінде Украинадағы әлеуметтің пікірі саналуан. Бірі мұндай заң осы елде өмір сүріп жатқан өзге де ұлт пен ұлыстың құқығын бұзады десе, бірі мұндай құжаттың іске асуы қажет деп есептейді.
Петр Билян, саясаттанушы:
– Заңның 30-бабы қызмет көрсету саласын толығымен украина тіліне көшіруді көздейді. Менің ойымша, бірден бұл талап орындала қалмайды. Дегенмен, біртіндеп украин тілінің үлесі арта түспек.
Заң талаптары сақталмаған жағдайда қызмет көрсету орнына келген кез келген тұтынушы Мемлекеттік тілді қорғау жөніндегі омбудсменге шағым жаза алады. Омбудсмен заң бұзу актісін тіркеп, бір рет ескерту жасайды. Егер бір жыл ішінде қызмет көрсету орнына екінші рет шағым түссе, мекемеге 250 долларға дейіп айыппұл салынады. Қаржыны заң бұзушы қызметкер емес, мекеме төлейді. Заң күшіне енген күннен бастап тілді қорғау жөніндегі омбудсменге 34 адам шағымданыпты.
Елена Опимах, Киев қаласының тұрғыны:
– 1,5 жыл ішінде украин тілін үйреніп алуға болады деп ойлаймын. Мысалы менің жанұям орыс тілінде сөйлейді, дей тұрғанмен украин тілінің аясын кеңейтуге бағытталған үкіметтің шешімін толығымен қолдаймын.
Валерия Корепанова, кәсіпкер:
– Қызмет көрсету аясы дегеніміз дүкен, кафе немесе мейрамхаға бару деген сөз емес қой. Оның аясы үлкен. Мысалы, шаштараз бен салыстырмалы түрде айтсақ, Одессаның оңтүстік аймағындағы жергілікті емхананы алайық. Емханаға клиент келіп, дәрігерден тек украин тілінде қызмет көрсет деп бұлданса, ол дәрігер медициналық терминнің бәрін білмейтін болып шықса, бұл маманға айыппұл салынады. Бұл әділдік пе? Мені осы мазалайды.
Тіл туралы заңды бұзған мекемеге айыппұл 2022 жылдан бастап салынады. Бірінші жыл ескерумен шектеледі. Биыл қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін өзге ұлт пен ұлыс украин тілін меңгеріп алуы тиіс. Мемлекет елдің барлық өңірінде украин тілін тегін оқыту орталығын ашамыз деп жоспарлап отыр.