ЖОШЫ ХАННЫҢ 800 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТЕ МЕ? - Қазыбек Иса
2021 ж. 27 қаңтар
3347
5
ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Парламент Мәжілісі комитеттерінде жаңа үкімет мүшелері кандидатураларын тағайындауға байланысты талқылауда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға Алтын Орданың 750 жылдығына байланысты сұрақ қойды.
Бұл туралы «Қазақ үні» ұлттық порталындағы «Мемлекеттік тіл заңы Концепциясы Үкіметте жатыр» деген мақалада жазылған болатын.
-Қадірлі Ақтоты Рахметоллақызы! Ұлттық патриоттық тәрбиеде Мәдениет және спорт министрлігінің рөлі өте жоғары екенін жақсы білесіз. Былтыр әлемнің екінші ұстазы, Ұлы ғұлама Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлы ақынымыз хакім Абайдың 175 жылдығы өз дәрежесінде өтті деп ойлаймыз. Сонымен қатар былтыр Алтын Орданың 750 жылдығы да шама-шарқынша аталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында Алтын Орданың 750 жылдығынан кейін 2023 жылы Жошы ханның Ұлы ұлысқа таққа отырғанының 800 жылдығын жалғастырайық деп ұсыныс жасаған болатынбыз. Пандемияға байланысты Алтын Орданың 750 жылдығы өз дәрежесінде өтпей қалды. Мен сол Ұлттық кеңесте Жошы ханға, қазақ қызы, Шыңғыс ханның төрткүл дүниені билеген төрт ұлының анасы Бөртеге, Шыңғыс ханға, Бату ханға ескерткіш қою керек деп ұсыныс жасап едім. Жошы ханға қойылыпты. Рақмет. Вице-премьер Ералы Лұқпанұлы мырза, осы жерде өзіңіз де отырсыз, осы мәселені қаперге алсақ. Өйткені, көрші елдеріміз жерімізге көз алартып отырғанда біздің ұлттық патриоттық тәрбиеміз, Алтын Ордамыз, ал Жошы хан -Алтын Орданың атасы, оның 800 жылдығы ауадай қажет нәрсе деп білеміз. Осы мәселе министрліктің жоспарында бар ма? Мен бұл туралы Ақтоты Рахметоллақызы, Сізге 28 желтоқсанда өткен Ұлттық кеңестің отырысында да айтқанмын, - деді Мәжіліс депутаты.
-Үлкен рақмет. Сіз дұрыс айтасыз, былтыр пандемияның кесірінен біздің көптеген шараларымыз өтпей қалды, соның ішінде Абай атамыздың, үлкен ғұлама ғалымымыз Әл-Фарабидің де шаралары, Жошы ханға арналған көптеген шараларымыз өтпей қалды. Мемлекет басшысы Жошы ханның атын және Қарағанды облысындағы керемет жерлерді пайдаланып экотуризмді, этнотуризмді дамытыңдар деп тарсырған болатын. Пандемияның кесірінен тоқтап қалды. Дегенмен, Ералы Лұқпанұлының тікелей бастамасымен Жошы ханның кесенесіндегі реставрациялық жұмыстар да бітті, Алаша ханның да жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Жошы ханның кесенесінің қасында үлкен тарихи-мәдени комплекс жасалып жатыр. Бірақ ол да пандемияның кесірінен бітпей қалды, қыс түсіп кетті. Ұлытауды білесіздер, осы өтпеген шараларымызды алда біз өткіземіз. Сонымен қатар киноларымыз бар, «Бату хан», «Жошы хан» деген деректі фильмдерімізді түсіреміз. Өзіңіз айтқандай, 2023 жылы Жошы ханның таққа отырғанының 800 жылдығына орай біздің киноматографистердің ұсыныстары бар, шығаратын кітаптарымыз бар. Осы жұмыстарымызды әрі қарай жалғастырамыз. Бұл бір күндік нәрсе емес. Бұл біздің жасөспірімдерді, балаларды оқытатын және тәрбиелік маңызы бар өте үлкен шара. Жошы ханға Алтын Ордаға арналған үлкен кешенде ескерткіш қойылды, - деп жауап берді А. Райымқұлова.