Тоқаев: Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы
2021 ж. 05 қаңтар
1711
0
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz
Тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайдың жасалғанын алға тартқан Мемлекет басшысы осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейгенін атап өтті.
«Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс та зор.
Мемлекет басшысы қазақ тілін білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, тіпті міндеті деп те айтуға болатынын жеткізді.
«Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес екенін де атап өтті.
Президенттің айтуынша, барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Сондай-ақ, мақалада жастарға бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал екені де баса айтылған.