МҰҒАЛІМДЕР ЖАЛАҚЫСЫ ЕУРОПАЛЫҚ СТАНДАРТҚА САЙ БОЛУЫ ТИІС - "Ақ жол"
2020 ж. 29 желтоқсан
2429
0
Оңтүстікке келген Ақжолдықтар 26 желтоқсанда Шымкент қаласы Абай ауданы Қызылжар ауылындағы #53 Сабыр Рахымов атындағы жалпы орта білім беру мектебіне соқты. Мектеп мұғалімдері алдында "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сөз сөйлеп, партия бағдарламасымен таныстырып, сұрақтарға жауап берді. - Бізде білім сапалы және қолжетімді болуы тиіс. Дарынды баларлар мектебін ауылдарда да ашу керек. Мұғалімдердің жалақысы Европалық стандартқа сай болуы керек"-деді Азат Тұрлыбекұлы. Алаштың ақиық ақыны Мағжанның "Алты Алаш бас қосқан жерде мұғалімнің орны төрде болуы тиіс" деген тағылымды сөзін келтірген "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, ақын, публицист Қазыбек Иса өзінің де бір кезде мұғалім болғанын айтып, ұстаз беделін көтеру мәселесін сөз етті. "Мектебі мықты елдің - мемлекеті де мықты" деді ол. Содан соң сөйлеген Шымкент қалалық филиалы төрағасы, кәсіпкер Әлімхан Әбжанов өзі қалада дарынды балаларға арналған физика-математика мектебін салғалы жатқанын жеткізді. Қызылжар ауылының биі Раушанбек Анарметов, Өзбек мәдени орталығы төрағасы Икрам Қасымжановтар сөйледі. 2200 оқушысы, 200 мұғалімі, 55 техқызметкері бар іргелі мектептің директоры Ахмет Мамшетов "Ақ жол" партиясына Ақ жол тіледі.
АҚ ЖОЛ" ХАЛЫҚТЫҢ АРЫЗЫН ТЫҢДАДЫ
Ақжолдықтар халықтың жағдайын білу үшін Шымкенттегі ең ежелгі "Қырғы базарға" барды. Қайта салынып жатқан базар ғимараты шығыстық сәулетімен және соңғы технологиялық жетістіктерді пайдалануымен ерекшеленеді. Бұл базарды бұрын Оңтүстікке жақсы белгілі жайсаң азамат, қаламгер Шалқар Әбішұлы басқарған еді. Пейіште нұры шалқи берсін жарықтықтың! Бүгінде "Қырғы базар" ЖШС бас директоры Досжан Шалқар атасының ісін жалғастыруда. "Қырғы базардың" көлемі 3 гектар, 85 мың кв м, мұнда 4 мың адам жұмыс істейді"-дейді Досжан Шалқар. Азат Перуашев базардағы сатушылардың арызы мен аманатын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Осы жерде Халықаралық бақылаушылар өкілдерімен де кездесіп, пікір алмасу болды.
"АСАРЛЫҚТАР" АҚ ЖОЛДЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫН ҚОЛДАДЫ
Шымкенттегі "Асар" қалашығы елімізде еш жерде жоқ ерекше мекен. Мұнда 25 мыңдай халық тұрады. Барлығы көрші Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз. Бұлардың бәрін осында ұйымдастырып алып келген, Тәуелсіз Қазақ Елінің Көк туының астына жинаған нұрлы көштің басында Өзбекстанда вице-премьер қызметіне дейін көтерілген қайраткер, белгілі кәсіпкер, қазір "АҚ ордасы" компаниясы президенті Ибадулла Қалыбеков. Қалашық түгел екі қабатты коттедждерден құралған, бәрінің ауласында бау-бақша өсіретін жылыжайлары бар. Қазір бес қабатты үйлер де түсуде. Қалашықтың көркіне көз сүйінеді. Нұрлы көш деп бекер айтып жатқан жоқпыз, кезінде осында болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Асар" қалашығына қатты риза болып, еліміз бойынша "Нұрлы көш" бағдарламасын құруға үкіметке нұсқау берген болатын. "Асар" ауылының ақсақалдары ақжолдықтарды қуана қарсы алды. Азат Перуашев партия бағдарламасын таныстырып, сауалдарға жауап берді. Қазыбек Иса "Асар" қалашығының қазығы қалай қағылған кезінен бері білетінін, олардың мәселелерін "Қазақ үні" газеті үнемі көтеріп келе жатқандықтарын айтты. "Ақ жол" партиясының ұлттық идеологиясын, Алаш идеясын, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажеттігін жеткізді. Асарлықтар партия басшыларына көкейдегі бар сұрақтарын қойып, лайықты жауап алды. Олар әсіресе, партияның Алаш идеясына, Мемлекеттік тілді қолдауға, Ұлттық мүддені қорғауға басты назар аударуына ризашылықтарын ақтарыла жеткізді. Ауыл ағасы Жанәділ Ілиясов бастаған Асарлықтар алдағы сайлауда "Ақ жолды" қолдайтындықтарын айтып, Ақ батасын берді.
ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ АҚ ЖОЛ БОЛУЫ КЕРЕК
Шымкенттегі “KARLSKRONA“ кәсіпорны еліміздегі мұнай-газ және уран компанияларына насос бұйымдарын шығарады. Сонымен қатар шетелдегі атом электр стансалары да кәсіпорын өнімдерін алып отырады. Кәсіпорынның бас директоры Уәлихан Ахметовтың айтуынша бұл салада еліміз әлемде алдыңғы 50 елдің ішіне кіреді. Ал алдыңғы он елдің ішіне кіру үшін кәсіпорынға бар болғаны 2 млрд теңге несие керек екен. Кәсіпорында үкімет басшылары да болған. Тіпті Уәлихан Ахметов мемлекет басшысына дейін барған. Барлығы уәде бергенмен, несие берілмей келеді... Кәсіпорында 150-дей мамандар жұмыс істейді. Талап өте қатал. Іріктеуден Шымкенттегі жоғары оқу орнының 90 түлегінен тек 3-еуі ғана өткені мұны анық байқатады. Солардың бірі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген Айтөре Дархан 2016 жылы осында жұмысқа орналасып, қазір 2 цехтың басшысы. Кәсіпорын ұжымы "Ақ жол" партиясының кәсіпкерлердің жағдайын ойлап, отандық өнім өндірушілер мүддесін қолдап келе жатқандықтарына ризашылықтарын айтты. Алдағы парламент сайлауында "Ақ жолды" қолдайтындықтарын жеткізді.
Содан соң Ақжолдықтар "Қасірет" саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына арналған алаңда болып, ескерткішке күл шоқтарын қойып, тағзым етті. "Қайтпас" сайында ұлт болашағы үшін құрбан болған арыстарға арнап құран бағыштады.
"Ақ жол" партиясының сайлау қоры қаражатынан төленді