UNESCO тоғызқұмалақ ойынын адамзатқа ортақ мәдени мұра деп таныды
2020 ж. 18 желтоқсан
1255
0
Тоғызқұмалақ ойыны Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет тиісті ұсыныс үшін дауыс берді. Ол комитеттің 2020 жылдың 14-19 желтоқсаны аралығында онлайн режимде өтіп жатқан 15-сессиясы аясында өткізілді. Отандық делегация құрамында – Қазақстанның UNESCO жанындағы Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері мен UNESCO және ICESCO істері жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы МЕММ бойынша Ұлттық комитеттің сарапшылары бар.
Айта кетейік, Қазақстан 2018-2021 жж. аралығында комитет жұмысына UNESCO-ның осы беделді органының мүшесі ретінде қатысып келеді.
Аталмыш сессияда Үкіметаралық комитет 42 номинацияны, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Түркия бірлесе енгізген «Тоғызұмалақ» ойынын қарастырды. Тоғызқұмалақ (қырғыздарда – Тогуз коргоол, түріктерде – мангала/гечюрме) – адамның ұтқырлық пен тапқырлық қасиетін ұштайтын, әрі математикалық ойлау мен төзімділікке баулитын ойын. Ол ежелгі түркілер қасиетті санаған 9 санына негізделген. Ойынды кейде «қойшылар алгебрасы» деп те атады. Өйткені, ойын кезінде барлық төрт негізгі математикалық амал қолданылады. Ойын жылдамдық пен әдіс-тәсіл санауға құрылған.
«Тоғызқұмалақтың» енуімен бірге МЕММ репрезентативтік тізіміндегі адамзаттың мәдени мұрасы санатындағы қазақстандық элементтер саны 11-ге жетіп отыр. Бұған дейін бұл тізімге домбыра күй өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мейрамы, саятшылық, жіңішке нан – қатырма, асық ойыны, Қорқыт мұрасы және қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік әдет-ғұрыптары (бие байлау, айғыр қосу, қымыз мұрындық) кірген болатын.