"НЕГЕ" хабары НЕГЕ ӨТІРІК АЙТАДЫ?
2020 ж. 07 желтоқсан
4720
4
Ерқанат Көпжасардың "Ақ жолға" қарсы теріс ақпарат беруі сауатсыздық па, жауапсыздық па?
Кешегі 31-арнаның "Неге" хабарының алдымен анонсы айқайлап тұрды. ЖСДП-ның бұрынғы басшысы Ермұрат Бапидың ЖСДП-ның қазіргі басшыларының бірі Тазабек Сәмбетбайға стақан лақтырып, ол тимегесін құлақ шекеден қойып жіберіп, бір тепкен видео үш-төрт күн бұрын ел аралап кетті...
"Парламентке бармаған партиялардың айтары бар ма?" деген хабарға бірнеше партия мүшелері қатысыпты. Хабарды жүргізуші Ерқанат Көпжасар көп хайпке беріліп кетті ғой деймін, қыза келе: "Парламенттегі ешқандай партиялар "Нұр Отанның" ұстанымына қарсы шықпайды. Мысалы, "Ақ жол" партиясы бірде-бір рет қарсы дауыс бермепті" - деп соғып жіберді. Оған тісқаққан журналист, белгілі жазушы, "Ауыл" партиясының мүшесі Дәурен Қуаттың "Соңғы сессияда "Ақ жол" биліктің ұстанымына қарсы дауыс беріп жүрді" деп, Ерқанаттың қате ақпарат берген шалағайлығын түзегеніне де елең еткен жоқ.
Партиялар туралы хабар жүргізетін журналист ең болмаса партиялар қызметі туралы түгел шолу жасамаса да, олардың соңғы сайлауалды құрылтай ақпаратын бір шолып шығуы керек қой?!. "Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашевтың 20-қарашадағы құрылтайдағы баяндамасында да, партия төрағасы орынбасары, ақын Қазыбек Исаның құрылтайдағы сөзінде де "Ақ жол" партиясының парламентте үнемі өз ұстанымынан айнымай келе жатқаны айтылады. Мысалы, тек бір ғана мәселеде - ЕАЭО аясында отандық өндіріске қарсы, өз кәсіпкерлеріміздің мүддесін аттап өткен мемлекеттік тапсырыстан "Қазақстандық тауар", "қазақстандық өнім" ұғымдарының алынып тастауына қарсы 9 рет қарсы дауыс бергені айтылады.
Ерқанаттың "Ақ жолға" қарсы бұл бұрмалап, теріс ақпарат беруі сауатсыздық па, жауапсыздық па?
Журналистікі шалағайлық дейік. Ал кеше Бас прокуратура Тенгриньюске "бір топ депутаттардың өтінішімен" кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау жөнінде ақпарат жариялады. Бұл туралы "Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашев өзінің Телеграм желісіндегі арнасында анық-қанығын жазды:
"Жариялай отырып, аталған сауалды белгісіз "бір топ депутат" емес, "Ақ жол" демократиялық партиясының фракциясы жариялағанын айтуды "ұмытып" кетіпті. Біздің әріптесіміз К.Абсатиров жариялаған сауалға бүкіл фракциямыз қол қойған және оны сауалдың мәтінен көруге болады.
Бір қызығы, жарияланымда да, кеше біз алған жауапта да Бас прокуратура сауалдың авторларын "Ақ жол" демократиялық партиясының депутаттық фракциясы" деп айтудан саналы түрде қашқақтап, оны жәй ғана "депутаттар тобы" деп атады. Аталған жауап хаттың соңында "Ақ жол" партиясы фракциясы депутаттарының толық құрамының аты-жөндерінен басқа бөтен есім болмаған. Бұл жерде сауалдың фракцияның атынан жіберілгенінен басқа, "Ақ жол" демократиялық партиясының фракциясы ҚР Мәжілісінің Бюросының шешімімен ресми тіркелгенін, осы деңгейде барлық мемлекеттік және қоғамдық органдармен (оның ішінде Бас прокуратура да бар) қарым-қатынас жасайтынын айтқымыз келеді. Оның мәртебесін елемеу дұрыс емес деп есептейміз. Аталған оқиға сайлау алдындағы әлдебір интриганың нәтижесінде- мысалға, біздің фракцияның нақты жұмысын көрсетпеу мақсатында болған жоқ деп үміттенемін. Жақын күндері Бас прокуратурадан оның себебін сұрайтын боламыз" - деп мәлімдеді.
Сайлау жақындаған сайын "Ақ жолға" қарсы биліктен де, басқа партиялардан да шабуылдар күшейіп, бұрмалаулар болып жатыр, әрине бұның себеп-салдары да түсінікті.
Кімнің кім екенін халық біледі, уақыт айқындайды.
"Неге" хабары неге "Ақ жолға" қара күйе жағып, жалған ақпарат бергені туралы алдағы санында Ерқанат Көпжасар ақпарат беріп, кешірім сұрайды деп күтеміз.
Азамат Тасқараұлы, Қазақ үні