«Қазақ үні» порталының сынынан кейін...
«Қазақ үні» ұлттық порталына 26-қараша күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке жолданған
«ПУШКИННЕН ҰШҚЫН ШЫҒЫП КЕТУІ МҮМКІН екенін неге ойламайсыз, АХМЕТОВ мырза?» атты ашық хат жарияланған-ды. Осы Ашық хатқа орай, Өскеменде А.С.Пушкинге екінші ескерткіш орнатуға қарсы шыққан қоғам тарапынан көптеген пікірлер айтылды. Алпыстан аса зиялы қауым өкілдері қол қойған хат ескерусіз қалмады. Облыс әкімі Даниал Ахметов қоғам талабын ескеріп, Ашық хатқа жауап берді.
Редакциядан
Желтоқсанның 3-күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов «Ашық хат» жолдаған зиялы қауым өкілдерін кездесуге шақырып, арада ашық әңгіме өрбіді.
Әкім өз сөзінде хатта жазылған материалдардың барлығымен келісетінін, Пушкинге ескерткіш қою деген ойында болмағанын, сөз рәсіміне сай айтылғанын жеткізді.
Қасым Қайсеновке арналған жаңа ескерткіштің дайын екендігін, ол батырдың атындағы саябақтың қазіргі Киров ескерткіші тұрған орынға қойылатынын мәлімдеді.
Тағы да «Рухани жаңғыруға» байланысты облыс деңгейінде атқарылатын кешенді шаралардың жоспарымен таныстырды.
Әкім қоғамдық ұйым өкілдерімен пандемияның өршу себебімен байланыссыз қалғанын жеткізіп, болашақта тоқсанына бір рет кездесіп отыратындығын тілге тиек етті.
Сонымен, зиялы қауым өкілдері қойған талаптар толығымен орындалатын болды.
Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағы ШҚО филиалының директоры