80 млн теңгеге мұз қалашық салу ақылға сыймайды – Дос Көшім
2020 ж. 30 қараша
2348
1
Бюджеттің қаржысын мұз қып қатырып, су ғып ағызып жібергелі жатыр деп желідегі ағайын ұлардай шулауда қазір. Оған негіз де жоқ емес. Әңгіме елордада 80 млнға салынғалы жатқан мұз қалашық хақында. Есте болса 2015 жылы жүздеген миллионға салынған қалашық күн күрт жылынып еріп кетіп еді. Онымен бірге бала шағаның қызығы, қазынаның қаражаты кете барды, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Ақшаны жаратудың түрлі жолы бар. Әуелі мұз етіп қатырып, сосын су етіп ағызып жіберуге де болады. Осы аптада әлеумжеліде жиі талқыланған тақырып, ол Елордада салынғалы жатқан мұз қалашық. Анығы, оған жұмсалатын қаражат.
Сонымен Астана қаласының Алматы аудандық әкімдігі биыл бұл жобаға 80 млн теңгесін санап отыр.
Бұл қаржыға не салынатынын білейік деп хат жолдадық Келген жауап мынадай:
"Алматы" ауданында 9 алаң, оның ішінде 3 тұрғын алаптарында 7 мұз төбешігі мен 5 мұз айдыны орналасады. Сондай-ақ, ауданның үш мектебіне 3 мұз айдыны салынады".
Айтпақшы, мұз қаланың құнына қатысты әкімдік өкілдері ешқандай пікір білдірмеді. "Үндемеген үйдей бәледен құтылады", деді ме, кім білсін?
Дос Көшім, саясаткер:
Әрине 80 млн-ға мұз қала салу ол менің ойымша ақылға сыймайтын мәселе. Түсінікті балалар мектепке бармай жүрген кезде оларға бір қызықты жақсы ойын жасау керек. Бірақ, менің ойымша Астана әкімдігінің салют атып бір ыңғайсыз жағдайға қалғаны бар. Халық оны үлкен сынға алды, менің ойымша осыны сәл де болса ойлану керек еді.
Ия, 80 млн біреудің қарлы қалашығынан артылмаса, енді кей өңірге қаланы бастан-аяқ безендіріп шығуға жетіп жатыр. Мәселен, 2017 жылы Өскемен әкімдігінің жаңа жылдық шығыны 70 млнды құраса, Шымкент шаһары безендіру жұмыстарына 40, Көкшетау 20, Павлодар 16, Орал 14 млн теңге жұмсаған. Ал, Алматы әкімдігіне жаңа жылды қарсы алу үшін 630 млн теңге қажет болса, Елордалықтар мерекені 381 млн теңгеге атап өтіпті.
Осындайда, негізі "Қоғамдық бақылау" дегенің қажет-ақ. Бақылау демекші Бақ беттерінде жуырда бір мақала шықты. Бюджеттен бір тиын да сұратпаған әкім жайлы.
Белгілі болғандай Ақтөбе облысы, Талдысай ауылының әкімі Қазыбек Аққайыр биыл қазынадан көк тиын де сұратпай, өңірге 4 ДЖИ байланыс желісін орнатқан.