"ПУШКИННЕН ҰШҚЫН ШЫҒЫП КЕТУІ МҮМКІН екенін неге ойламайсыз, АХМЕТОВ мырза?!.
2020 ж. 26 қараша
6923
3
Әлде, Шығыс Қазақстан облысы Сіздің бабаларыңыздан қалған телім бе еді???
Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың Өскемен басшысы Жақсылық Омарға Қазыбек би көшесіне Пушкинге ескерткіш орнатылатыны туралы айтып жатқан видеосы тараған болатын. Өскемен қаласында онсыз да Пушкин атындағы кітапхана, оның алдында Пушкиннің ескерткіші тұр. Бір қалаға Пушкиннің екі ескерткішін орнатуға қала халқы наразылық білдірді. "Қазақ үні" газеті редакциясына Шығыстағы зиялы қауым өкілдерінің Елбасыға жазған ашық хаты келді. Осы мәселеге қатысты облыс әкімдігі ресми түрде жауап беріп, ел пікірін ескереді деп үміттенеміз.Елбасы,
Қазақстан Республикасы
Қауіпсіздік Кеңесінің,
«Нұр Отан» партиясының төрағасы
Н.Ә. Назарбаевқа,
Шығыс Қазақстан
облысының әкімі
Д.К. Ахметовке;
Өскемен қаласының зиялы
қауым өкілдерінен
Ашық хат
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Бұл хатта айтылатын өтініш-талаптардың баршасы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.К. Ахметовке қаратылып айтылғанымен, құрсау-құрсақта жатқан Қазақстанды періште күйінде Тәуелсіздікке орап, мүбәрәк қолымен тербеткен Өзіңіз едіңіз. Сондықтан, еліміздің бүгінгі таңдағы жақсылықтары мен қуаныштары, реніштері мен күйініштері, ең бастысы - Сіздің қолыңыздағы Тәуелсіздік туының, Егемендік жалауының әрқашан биіктерде желбіреуі - ең бірінші Сіз үшін аса маңызды екендігі, баршаға аян. Алайда, біздің облыс әкіміне қояр талаптарымыздың басты өзегі – Қазақстандағы мемлекеттің негізін құраушы ұлт – қазақтардың ұлттық құндылықтарының, рухани қазыналарының өңірдегі жай-күйін, осыдан үш жыл бұрын түн ұйқыңызды тоқсан бөліп қағазға түсірген, жарыққа шығарып, өңір-өңірдегі басшыларға: «Мүлтіксіз орындалсын!» шегелеп тапсырған «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық құжатыңыздың, «Ұлы даланың жеті қыры» атты құжаттық тапсырмаларыңыздың төңірегін қаузайтын болғандықтан, біздердің талап-тілектерімізден Сіздің де хабардар болуыңызды, назарыңызда ұстауыңызды дұрыс деп таптық. Құрметті Даниал Кенжетайұлы! Қазақта: «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дейтін қанатты сөз рәуешті тіркес бар. Бұл жердегі «Айта-айта» деп тұрған қос сөз – «Жауыр болды, сілікпесі шықты» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, бүгінгі жазбаларымыз Сізге тым таңсық емес, біздің қайта-қайта өзіңізге жолдап жүрген талап-тілектеріміз. Шығыстағы мемлекет құраушы ұлт – Қазақтардың рухани жанайқайын бірінші рет естіп отырмын деп те өтірік айта алмайсыз. Осыдан бес жыл бұрын Бердібек Сапарбаев Астанаға қызметке кетіп, орнына Мәскеуде жүрген Сіз әкім боп тағайындалған кезде өңір қазақтарының біраз томсырайып, тосырқап қарсы алғаны рас. Дегенмен, алдында бес жылдай Үкімет басқарған, облыстарда әкім болып әбден ысылған, тәжірибесі молыққан азамат қой, жерге қаратпас деп сабыр сақтағанбыз. Жалпы, Шығыс қазақтарының тым көмпіс, тым жуас, тым момақан екендігіне осы бес жыл ішінде әбден көзіңіз жеткен де шығар. Мінезді жұрт едік, Мінез көрсеткен жоқпыз. Айтқаныңызға - көндік, айдағаныңызға – жүрдік. Қорыққандықтан емес. Мәдениеттіліктен! Мәдениеттілік - пенденің қалтасындағы байлықпен, алдына сап қайырған қора-қора малымен емес, сыйласыммен, сабырлылықпен, имандылық, ізгілік, әділеттілікпен көрініс табатыны шындық. Шығыс қазақтары Сізге соны байқатты. Бүгінгі әңгіме - өз кезегіңізде біздің құрметтеу мәдениетімізді Сіздің қалай қабылдағаныңыз, қалай бағалағаныңыз жайлы болмақ. 2017 жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық құжаты жарық көрді. Елбасы қазақ халқының сан ғасырлардан бергі арман-тілегін дөп басты. Қазақ - қазанының қаспағы бес елі майдан кілкіп, кекіріп тұрғанын емес, руханиятының жалауы желбіреп тұруын бірінші орынға қоятын эпикалық жұрт қой, шын қуандық. Алайда, өкінішке орай, біздің облыс орталығы Өскеменде рухани жаңғырудың пародиясы сынды өткінші шаралар болмаса, көзге түсе қоярлықтай ештеңе айта алмай, қор болып отырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мән-мағанасының өзі тарихты түгендеп, тарихи тұлғаларды ұлықтау болса, шығыста әлі айтарлықтай ештеңе көре алмай отырмыз. Мұны біз Елбасының келелі бағдарламасының жалаң ұранға айналуы деп түсінеміз. Ономастикалық комиссияда тізе күшке салып отырып қала көшелерінің оншақтысын қазақшалаған болдық. Оны да қала әкімдігі кішігірім азамат «соғысына» айналдырып жібере жаздады:, қазақты аяқтан шалу үшін «Қоғамдық тыңдау» деген пәлекет кіргізді. Бір залға тоғытылған жүз орыс пен жүз қазақ шапылдасты. Екі ұлт жауласуға айналды. Жаңа-жаңа бір-бірлеріне бауыр басып келе жатқан екі ұлтты қарама-қарсы отырғызып қойып, тыңдау ұйымдастырып, ушықтырмай-ақ сол мәселені шеше салуға болушы еді ғой. Неге өйтпеді қала әкімдігі??? Оған да көнгемізді білесіз. Шығыстағы қазақ ұлтының саны артып келе жатқанын назарға да ілмей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен санаспай, ішінара облыстық деңгейдегі басқарма, мекемелерді мемлекеттік тілді мүлдем білмейтін басшылармен толықтыра бастадыңыз. Мәселен, 2018 жылы облыс әкімдігінің тікелей қаржылық көмегімен шығатын, өңірдегі қазақ-орыс тілді газеттердің бастарын тоқайластырып отырған «Шығыс Ақпарат» атты серіктестікке бұрын-соңды газетте мүлдем қызмет істемеген, үлкен ұжымды қойып, бес адамға жөн сілтеуді білмейтін, қазақ тілін, қазақтарды мойындауды ар санайтын славян тектес азаматшаны басшылыққа тағайындадыңыз. Күңкілдедік, көрпе астында күбірледік те қойдық. Алайда, шатақты әлгі шалапұт басшыңыз шығарды: облыстық қазақ газетінде жұмыс жасайтын жас журналистке: «Сен қазақтардың жыртысын жыртатын мақаланы неге жазасың?» деп қудалап, сөгіс берді. Біздер араластық. Ол жолы да «бас жарылса бөрік ішінде...», әңгімені облыс шекарасынан шығарғамыз жоқ. Есіңізде болсын: Сіздің абыройыңыз үшін! Қай мемлекетте болсын, ең ауыр әрі жауапкершілігі маңызды сала – идеология. Бұл саланы басқару – қиямет шығар. Азаматтың іс-тәжірибесі, зердесінің тереңдігі бір төбе, біз секілді көпұлтты мемлекетте ең алдымен мемлекеттік тілді, онан соң бізді үш ғасыр отарлаған Ресейдің тілін өте жақсы білуі шарт. Онсыз болмайды. Бұл заңдылық! Алайда, осы бір заңдылықтың Сізге еш ықпалын көре алмадық. Сізге, Сіз басқарып отырған Қазақстанның шығыстағы облысына еш қатысы жоқ секілді: облыстық Ішкі саясат басқармасына Сіз мемлекеттік тілді мүлдем білмейтін славян тектес азаматшаны тағайындадыңыз. Тағы да күңкілдедік. Әлі күбірлеп жүрміз. Алайда, «қол сынса – жең ішінде...», шуылдамадық. Шуылдатпадық. Зерделеп көріңізші: бұл – шығыстағы қазақ зиялыларының жуастығы емес! Жоғары мәдениеті! Үндемей жүре берер ме едік... Жуырда, 22-қазан күні Сіздің Өскеменнің Тоқымашылар қалашығы атты телімде, жаңа мөлтек ауданды аралап жүрген жұмыс сапарыңыз туралы әлеуметтік желілер мен сайттар да желдей ескен ақпараттар шықты. Сол ауданның Есенберлин – Қазыбек Би көшелерінің қиылысқан тұсын келгенде Сіз жаныңызда еріп жүрген қала әкімі Жақсылық Омарға қаратып: -Мына жерде сквер, әнеу жерде Пушкин ескерткіші болады,- деп нұсқау бергеніңізді естіп қалдық. Қате естіген болармыз деп бір-бірімізге телефон шалыстық. Рас болып шықты. Сіздің ұйғарымыңыз солай екен. Ендігі әңгіме мынада: неге Пушкин? Облыстық орталық кітапхана Пушкин атында, сол кітапхананың қарсы алдында - Өскеменнің қақ төрінде Пушкинге қойылған бір еңселі ескерткіш бар, қазақтың қаласы бен даласы Пушкин атауынан кекіріп тұр! Қазақ еліне, оның ішінде Шығыс Қазақстанға Пушкин аруағы риза шығар?! Пушкиннен ұшқын шығып кетуі мүмкін екендігін неге ойламайсыз? Дау жоқ, Пушкин – Ресейдің мақтаулы ақыны. Оны насихаттамадық па: Қаламыз да, даламыз да, хат танитын баламыз да Абайды, Алаш арыстарын білмеуі мүмкін, алайда Пушкинді жатқа соғады, Пушкин жайлы орысша түс көреді. Неге десеңіз, шарана анасының құрсағынан шыға-ақ оның санасына орыстың «мықтыларын», олардың тілін, ділін сіңіріп тастағанбыз. Десек те өзімізді өзіміз жарылқай алмай жатқанымызды біле тұра, сырт жұртты насихаттауды қайдан шығардыңыз? Кіммен ақылдастыңыз? Әлде, жоғарыдан келген нұсқау ма? Әлде, Шығыс Қазақстан облысы Сіздің бабаларыңыздан қалған телім бе еді??? Жоқ, Өскеменде Пушкинге екінші ескерткіш қойылмайды. Қойғызбаймыз! Халықпен ойнамаңыз! Сіздің «арқаңызда» - қазақтың ертеңі үшін қызыл империя жендеттеріне жұмырдықпен сес көрсеткен, бастарын садақалаған Алаш арыстарына ескерткіш қойылғанды қойып, есімдері Өскеменге кіре алмай жүр, «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры"қайда? Ойымыз бен қырымызды өрмекшінің торындай шырмап жатқан бодандық шынжырын жаңа-жаңа үздік пе деп, еркін тыныстай бастаған тәуелсіз тірлігімізге нүкте қоймақсыз ба?! Ол құқықты Сізге кім берді?! Кеше ғана күркіреп өткен бодандықтың боқсығы мен қоқсығынан ауламызды тазарта алмай итіс-тартыс боп жатқан шақта, Пушкиніңіз не? Қабанбай батырға босаға күзеттіріп қойдық. Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов көкеміз өзінің атындағы саябақтың бір көртам қуысында, бір шоқ шіліктің тасасында тығылып ол отыр. Ал, саябақтың тура ортасында, өткен-кеткен қазақтарға сес көрсетіп талтайып, керзі етік киген Киров әлі тұр. Облыс аумағындағы Алтай қаласының қақ ортасында, қазақтың ертеңіне «нұрлы жол» көрсетіп Владимир Ильич Лениннің қос ескерткіші әлі күнгі асқақтайды. Рухани жаңғырғанымыз, өңірді рухани жаңғыртқаныңыз осылар ма??? Халықтың рухын жанығанды қойып, жаныштауымыз қалай? Құрметті Даниал Кенжетайұлы! Келер жылы – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы! Сол атаулы мерекеге орай Шығыс Қазақстанның тәуелсіз жұртына нендей сүйінші-сарқыт ұсынбақсыз? Жаңағы Пушкиннің мүсіні тұрады деген телімге қазақтың үш абызы, үш Биі – Төле, Қазыбек, Әйтекеге неге композиция қоймасқа?! Бір ескерткіштің құны Қазақстандағы кез келген орта буын шенеуніктің бюджеттен жымқырып кетер миллиондарынан қымбатқа түспес. Өскеменнің бақ-гүлзарларында Алаш арыстары – Әлихан, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандар тұрса, қазірде тәуелсіздігіміздің ертеңіне күдікпен қарап, орыс тілінде сайрап жүрген ұл-қыздарымыз Қазақстанның ертеңіне кәміл сенер еді ғой. Бүгінде біз күндіз шаммен іздеп таба алмай жүрген - Идеология дегеніміз сол емес пе еді!? Неге адасамыз? Жер асты, жер үстінің табиғат байлығы ұшан-теңіз Шығыс Қазақстанда рухани жоқшылық, рухани бейшаралық неден туындап отыр? Қолдан, саналы түрде жасап отырған жоқпыз ба? Сондықтан, біздер – мемлекет құраушы халықтың өкілдері атынан Сізге мынадай талап-тілектер қоямыз: 1.Тоқымашылар қалашығындағы гүлзардың ортасына Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай қазақтың Үш Биіне композиция қойылсын! 2.Қ.Қайсенов атындағы саябақтағы Кировтың ескерткіші алынып тасталып, орнына заңды түрде Халық Қаһарманы, партизан-жазушы, жерлесіміз Қасым Қайсеновтың ескерткіші тұрғызылсын!Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Анда-санда болсын Шығыста да ел бар, алаш ұрпақтары бар еді-ау деп көз қырыңызды сала жүргеніңізге зәруміз. Ішімізге сыймаған соң әңгімеге Сізді араластырып қойғанымызға кешірім өтінеміз! Бұл арыз-шағым, немесе Даниал Кенжетайұлы секілді іс-тәжірибесі толыққан, молыққан басшыны көрсету, көзге шұқу емес. Дегенмен, Тәуелсіздік атты тұтас ұғымға сына қағылмауына еліміздегі ең мүдделі адам – Сізсіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сондықтан, мына жазбаларымызды бәрімізге ортақ Қазақстанның Шығысында да ұлттық құндылықтарымыз, барша руханиятымыз жарқылдап тұрса дегендей, таза ниет пен ортақ мақсаттан туған талап-тілектер деп қабылдаңыз! Ізгі ниетпен: Әлібек Қаңтарбаев, Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО филиалының директоры, Катонқарағай ауданы мен Өскемен қаласының Құрметті азаматы Түсіпхан Түсіпбеков, «Алтай асу» ҚБ-нің төрағасы, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері – Жұмәділ Әділбаев, жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының ШҚО филиалының жетекшісі Серік Құсанбаев, айтыскер ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Дидар» газетінің арнаулы тілшісі, Зайсан ауданының Құрметті азаматы – Абаш Кәкенов, айтыскер ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы- Зейнолла Қабдышұлы Сұлтанбеков, профессор, медицина ғылымдарының докторы, экология, адам және табиғат қауіпсіздігі халықаралық ғылым Академиясының академигі- Олжас Керейхан, журналист, «Хабар» Агенттігінің ШҚО бойынша меншікті тілшісі – Жаңабай Әшімов, облыстық Ақсақалдар алқасының басқарма мүшесі – Сахан Әкелеев, ҚР Мәдениет қайраткері, ШҚ облыстық драма тетрының көркемдік жетекшісі – Азамат Қасым, публицист, облыстық «Алтай» телеарнасының шеф-редакторы – Әділ Сайлаубек, Өскемендегі № 1- мектептің директоры – Мерей Қайнаров, журналист «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі - Мұратхан Кенжехан, ақын, жеке кәсіпкер – Бақытжан Райысова, ақын, ҚР Жазушылар одағының басқарма мүшесі – Айтмұхамбет Қасымов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты – Оңдасын Елубай, ҚР Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Зайсан ауданы мен Өскемен қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері – Ғафура Сәрсенбайқызы, журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі- Жанболат Санияз, журналист, «31 арна» ШҚО-дағы меншікті тілшісі – Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы, профессор, ШҚМУ-дағы Абай ғылыми-зерттеу орталығының директоры – Гүлжан Қазымова, облыстық мәдениет, архивтер басқармасының бас маманы Қызырбек Дүргенбайұлы, ақын-публицист облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Дарын Нұрсапар, ақын, «Алтайньюс» сайтының редакторы Оразай Жеңіс, ақын «Алтайньюс» сайтының тілшісі Назерке Қайролданова, журналист, «Алтайньюс» сайтының тілшісі Аян Қалымбек, айтыскер ақын. Аймақтық «Алдаспан» газетінің тілшісі Ертай Қасенов, ақын-актер, «Шабыт» студенттер театрының жетекшісі