Олжас МАМЫР: Халқымыз қайырымдылықтың шынайы үлгісін көрсетіп келеді
2020 ж. 25 қараша
1597
0
Түркістан облысындағы белсенді еріктілердің бірі де бірегейі – Олжас Мамыр. Ел басына күн туған сәтте басын бәйгеге тігіп, оқиға орнынан табыла білген Олжастың ісі бүгінгі замандастарына үлгі десек артық айтқандық емес. Еріктілер жылында «Жыл волонтеры» халықаралық сыйлығына ұсынылып отырған Олжаспен тілдесудің сәті түскен еді.
– Ерікті атанып, игі істердің атқарылуына септігін тигізуекінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ал сіздің осынау сауапты іске бет бұруыңызға не түрткі болды?
– Меніңше ерікті болып, елге қызмет етудің сыры әріде жатқан сияқты. Бұл меніңше бала кезден бойымызға қазақы тәрбиенің сіңуінен деп ойлаймын. Бала күнімнен ата-әжем бауырына басып, сол кісілердің баласы атандым. Сонда атам бала кезімнен мені өзімен бірге асарға ертіп апаратын. Көрші-қолаңға, ағайын-туысқа көмектесудің сауапты іс екенін ерте бастан-ақ санама сіңірді атам. Мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түскен кезде қайырымдылық шараларына белсене араласуға тырыстым. Мен әсіресе, балалар үйінде ата-анасының қарауынсыз өсі жатқан балалардың тағдыры қатты алаңдатады. Сондықтан оларға қуаныш сыйлау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз деп есептеймін.
– Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында орын алған жарылыс кезінде зардап шеккендерге қол ұшын созған белсенділердің бірісіз. Сол бір ел басына күн туған сәтке шегініс жасап, еріктілер тарапынан атқарылған істерді атап өтсеңіз...
– Арыс қаласындағы алапат апат кезінде халық әр тарапқа ыдырап кеткендіктен, еріктілердің әрқайсысы әр аймақта жүруіне тура келді. Сол бір кезде еріктілердің елге атқарған еңбегін айрықша атап өтуге тұрарлық деп есептеймін. Өзім ерікті ретінде екі ай бойы сол Арыс қаласында болдым. Үйлердің құрылысын жүргізу кезінде акт толтыру, тазалық жұмыстарын жүргізу істеріне атсалыстым. Жарылыс орын алған алғашқы күні еріктілердің оқиға орнына қорықпай барып, тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға жеткізуі –көпшіліктің таңданысын тудырды. Сонымен қатар, еріктілердің нан су сияқты алғашқы астарды тұрғындарға ұсынып, дер кезінде халыққа қол ұшын соза білді.
Біз Арыс қаласына ең жақын орналасқан Монтайтас ауылында болдық. Қажетті азық-түлікті әлеуметтік желілер арқылы жазып отырдық. Қарапайым халықтың қолдауымен қажетті заттардың барлығы бізге жетіп отырды. Осынау қиын кезде қайырымдылықтың шынайы үлгісін көрсеткен халықтың дархан пейліне разы болдық.
– Мақтараал ауданында «Сардоба» су қоймасының жарылуы салдарынан орын алған төтенше жағдай кезінде еріктілер штабын құруға атсалыстыңыз. Сол еріктілердің елге еткен қызметін тілге тиек етсеңіз...
– Мақтараалдағы су тасқынына байланысты әлеуметтік желілерде түрлі жантүршігерлік бейнежазбалар тарай бастады. Мұны көріп, шыдап отыру мүмкін емес еді. Мақтаралдағы Жеңіс ауылының тұрғындарының басқа жаққа көшіп жатқандығы туралы бейнежазбалар келген соң, мамандығымыз бойынша ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізбек болып, оқиға орнына шұғыл түрде келіп жеттім. Мән-жайға қанық болған соң, халықты нан су сияқты маңызды азық-түліктермен дер кезінде қамтамасыз етуге кірісіп кеттік.
Сондай-ақ, бізАрыстағы жағдайдан сабақ ала отырып, тез арада «Еріктілер штабын» құру туралы шешім қабылдадық. Түркістан обылысы әкімдігінің қолдауымен, «Біз біргеміз» акциясының аясында да көптеген істер атқарылды. Мақтараал ауданына қарасты Атакенттегі мектепті «Еріктілер штабына» беріп, бізді жатын орынмен, ас-сумен қамтамасыз етті. Азық-түлік жеткілікті мөлшерде жиналғандықтан, эвакуцацияланған азаматтармен қатар, туысқандарын паналап, кетіп қалған азаматтарға да азық-түлік жөнелттік.
Мақтараалдағы жағдайдың ізін ала, Төлеби ауданында да су тасқыны орын алып, азық-түлік жеткілікті болғандықтан, бір бөлігін сонда жөнелттік. «Еріктілер шабында» 300-500 ге жуық азаматтар жұмыс істедік.
– Жетісай ауданындағы біршама отбасылардың баспаналы болуына үлес қосқаныңызды білеміз. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз...
– Мақтаралдағы «Еріктілер штабындағы» азық-түліктерді тарату кезінде Жылысу ауылдық окргінде жағдайы алаңдатарлық бірқатар отбасылар кездесті. Анығырақ айтқанда, бірнеше отбасының қорада өмір сүріп жатқандығы туралы ақпарат жетісімен, мәселенің ақ-қарасын анықтауға кірісіп кеттік. «Анық таймс» порталымыз арқылы бейнетүсірілім жасап, сайтта, әлеуметтік желілерде жарияладық. Құзырлы орындар қолдау көрсетіп, бапанасыз отбасы үйлі болса екен дедік. Бірақ осы отбасының жағдайын әлеуметтік желіге жариялаған соң, «қолдау көрсетеміз» деген ұсыныстар көптеп түсті. Көпшіліктің сұранысымен біз өзіміздің каспиголд шотымызды кжарияладық. Әуелі Алла, одан соң халықтың қолдауымен үш бірдей отбасы баспанаға қол жеткізді. Сонымен қатар бір отбасының тұрғызылып қойған үйін толығымен аяқтап, барлық қажетті заттарын алып беруге көмектестік.
Сондай-ақ, жақында ғана Шымкент қаласында үйі өртенген бір отбасы жергілікті әкімдікке, «Нұр отан» партиясына барып қолдау көрсетуін сұраған екен. Бірақ өтініші қолдау таппағандықтан, аталмыш отбасының жай-күйін айтып, арнайы түсірілім жасап, әлеуметтік желіге жарияладым. «Көп түкірсе көл» демекші, көпшіліктің қодауымен біршама қаржы жиналып, сол үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұйыртса ол отбасы жөндеуден өткен жаңа үйге кіретін болады.
– Пандемия кезінде де көптеген істерді атқардыңыздар. Оның барлығын екінің бірі біле бермесі анық...
– Иә, індет кезінде барынша халықпен бірге болып, мүмкіндігінше қолдау көрсетуге тырыстық. Әсіресе, сол бір қиын кезде блок бекеттерде тұрып, халық үшін қалтқысыз қызмет еткен жандарды дер кезінде ас-ауқатпен қамтамсызт еттік. Өз қалтамыздан қаржы шығарып, осындай игі істер жасадық. Және оны басқа да белсенді жастарға эстафета ретінде жолдап, қайрымды істің жалғасын табуын көздедік. Және де ұсынысымыз жерде қалмай, белсенді жастар осынау игі істі жалғап кетіп жатты. Нәтижесінде блок бекеттерде жұмыс істеген азаматтар дер кезінде қажетті азық-түліктермен қамтамасыз етілді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Жоспарым – өз мамандығыма сай ақпарат саласында да белсенділік танытып, жемісті жұмыс істеу. Сонымен қатар, ерікті бола жүріп, қайырымдылықпен айналысуды тоқтатпау.Өзімнің әлеуметтік желідегі оқырмандарымды қайырымды істерді бірге атқаруға шақыру. Сондай-ақ, баспанасыз отбасылардың жағдайы мені қатты алаңдатады. Сондықтан, өзімнің бар күш-жігерімді осы бағытқа арнағым келеді. Әрбір отбасы өз баспанасында жайлы да жақсы өмір сүрсе екен деймін. Көктемде өзімнің туған ауылым – Түркістан облысы Қазығұрт ауылында әкімдік тарапынан жер алып, баспанаға мұқтаж бірқатар отбасыларды үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта жұмыс істеуге өз ауылымның жастары белсенділік танытпақ. Алдағы уақытта 5-6 отбасының үйлі болуына септігімізді тигізсек дейміз. Осы бағыттағы жұмыстарымызды одан әрі жалғастыра бермекпіз.
– Әңгімеңізге рахмет! Едеше, іске сәт дейміз!
Әңгімелескен: Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz