Қарабақтағы түріктің элиталық әскерін қазақ басқарғаны рас па?
2020 ж. 19 қараша
2575
0
Кейбір БАҚ беттерінде Ильхам Әлиев армиясының Таулы Қарабақтағы шабуыл операциясына қазақ ұлтының өкілі жетекшілік жасағаны туралы ақпарат жарияланып жатыр. Оларға сенсек, Түрік Қарулы Күштері элиталық әскерлерінің бригадалық генералы Бахтияр Ерсайдың ұлты қазақ, руы – Кіші жүз, оның ішінде Байұлынан тараған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Түрік Қарулы Күштерінің бригадалық генералы Бахтияр Ерсай Әзірбайжанның Бас штабын басқарды. Қарабақтағы қарсы шабуыл — бұл оның басшылығымен жасалған операция. Генерал Ерсай — қоғам үшін жабық, белгісіз тұлға. Осы уақытқа дейін ол жайлы Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарында айтылмады. Ағылшын тілді БАҚ-та да ол туралы ақпарат жоқтың қасы. Түрік баспасөзінде Ерсай жайлы там-тұм ақпарат ғана кездеседі. Генерал жайлы толық ақпаратты 2016 жылдың тамызында Hürriyet («Бостандық») газеті айтты. 2003 жылы барлау офицері Ерсай премьер-министр қызметіне жаңадан кіріскен Реджеп Ердоғанға қарсы әскери қастандыққа қатысты (әскери қастандық «Балға операциясы» деп аталды). Төңкеріс туралы ақпарат 2010 жылы ғана жарияланды. Ерсай қамауға алынып, 16 жылға сотталды, бірақ үкім шыққаннан кейін ол кешірімге ие болды. Түрік билігінің бұл жұмсақ болуының себебі түсініксіз. Кейбір мәліметтер бойынша, Ерсай мәміле жасап, қастандықтың басқа қатысушыларына қарсы куәлік берген деген болжам айтылады. Ол түрмеде отырудың орнына бригадалық генерал атағын алып, «күрд майданына» ауыстырылды: Түркияның солтүстігіндегі Күрдістан жұмысшылар партиясының (ПКК) қарулы құрамаларына қарсы ұрыс қимылдарына белсенді қатысқан 2-командо бригадасын басқарды. Сол соғыста бірнеше жүз күрд содырларын жойып, «контр-партизандық соғыстың» үздік мамандарының бірі саналды. Сондай-ақ, Hürriyet-тің хабарлауынша, Ерсай Ливиядағы операцияларға қатысқан. Атап айтқанда, ол Муаммар Каддафи режимі құлағаннан кейін түрік азаматтарын елден эвакуациялауға жауапты болды. Ставангердегі (Норвегия) НАТО-ның Біріккен әскери орталығындағы оқу семинарларына қатысты. 2019 жылдың тамызында Haber медиахолдингі Түркияның Жоғары әскери кеңесі (Yüksek Askeri Sura, YAS) Ерсайға генерал-майор шенін берді деп жариялады», — делінген кейбір басылым беттерінде жарияланған деректерде.Өкінішке қарай бүгін «Ерсай мырза кіші жүздің қазағы» деген ақпараттың жаңсақ хабар екені белгілі болды.
European Kazakh Forum бірлестінің төрағасы әрі қоғам белсендісі Өмірхан Алтын бұл деректің шындыққа жанаспайтынын айтып, арнайы жазба жариялады. Оның айтуынша, генералы Бахтиярдың ұлты түрік. Қазаққа еш қатысы жоқ.
«Соңғы бірнеше күннен бері Қазақстанда әлеуметтік желі, Әзірбайжан армиясының Таулы Қарабақтағы шабуыл операциясын басқарған Түрік Қарулы Күштерінің бригадалық генералы Бахтияр Ерсай этникалық қазақ екен, тіпті руы Кіші Жүз екен деп шулап жатыр. Менің өзіме де тікелей хабарласып, бұл мәлімет дұрыс па деп сұраушылар да бар. Бұл мәлімет негізі дұрыс емес, жалған ақпарат. Генерал Бахтияр Ерсай этникалық қазақ емес. Ол Түркияның шығысындағы Тұнжелі (Tunceli) қаласына қарайтын Чемишгезек (Çemişgezek) деген аудан орталығында өмірге келген қарапайым бір Түрік отбасының баласы. Әкесі мұғалім болған. Түркия республикасының негізін қалаушы атақты тұлға Мұстафа Кемал Ататүріктің өзі құрған Ауыл институтында оқыған мұғалім әкесі, баласын Ататүрікке және Отанға деген асқан сүйіспеншілікпен өсірген. Қазіргі таңда Бахтияр Ерсай Түрік армиясының ең білімді де тәжірибелі генералдарының бірі болып саналады. Әзірбайжан немесе Түркия тарапынан генерал Ерсайдың Таулы Қарабақтағы соғысқа қатысқаны туралы қазірге дейін ешбір мәлімет берілген жоқ», — деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.Өмірхан Алтын мырзаның айтуынша, жалған ақпаратты ең бірінші болып ресейдің «ВЗГЛЯД» газеті таратқан.
«Түркияның Құрлық әскерлері жедел дирекциясының бастығы генерал-майор Бахтияр Ерсай бастаған топ Таулы Қарабаққа қарсы әскери қимылдарды ұйымдастыруға тікелей қатысты» және «Ерсай Бакуде орналасқан. Әзірбайжан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Наджмеддин Садигов қызметінен босатылғаннан кейін ол Қарабаққа қарсы операция бойынша Бас штабты жеке өзі басқарады» — деген ақпаратты Әзірбайжан қорғаныс министрлігі басшылығына жақын, белгілі себептермен өзінің аты-жөнін айтпауды сұраған ресми бір адамнан алдық деп орыстың «ВЗГЛЯД» газеті таратқан.
Бахтияр Ерсай өзі сиякты Ататүріктің Түрік Ұлтшылдығы идеясын бойларына сіңірген жүздеген арнаулы әскерлермен бірге, 2016-шы жылы 15 шілде күні қанды әскери төңкеріс жасамақ болды деп айыпталып, қазіргі таңда Түркияда Фетхуллахшы террор ұйымы (ФЕТӨ) деп аталатын АҚШ-тағы Фетхуллах Гүлен жетекшілік ететін діни-саяси топтың қастандық іс-әрекеттеріне тап болады.
Нәтижесінде Бахтияр Ерсай қанды төңкеріс әрекетінен алдын жаламен жазықсыз сотталып 16 жылға кесіледі. 31 ай түрмеде отырган ол, сәтсіздікке ұшыраған төңкерістен кейін ақталып әскери қызметіне қайта оралады. Кейін генерал деңгейіне көтерілген ол қазіргі уақытта отанына деген адал қызметін абыроймен одан әрі жалғастыруда», — деп жазған жазба авторы.